жеңімпаз оқушылар
№20 лицей оқушылары

Талдықорған қаласындағы №28 ІТ мектеп-лицейінде  ойлы оқушылардың басын қосқан облыстық  пәндер олимпиадасы ұйымдастырылды. Үш күнге созылған  алғырлар аламанында 800-ден астам оқушы 13 пән бойынша  білімін безбенге  салды.

Оқушылар бірінші кезекте тест сынағынан өтіп, екінші кезеңде жазбаша жұмыс орындады. Дарынды балалардың білімін сараптауда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, «Тұран», С.Демирел атындағы, «Нұр-Мүбәрак», «Египет мәдениеті» университетінің белді оқытушы, профессорлары әділқазылық жасады.

Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов облысымызда жеткіншектердің заманауи мектептерде лайықты білім алуына барынша мүмкіндік жасалып, дарынды балаларды қолдауға мейлінше көңіл бөлінетінін, соның арқасында жылдан-жылға олимпиада, ғылыми жоба жарысына қатысатын оқушылардың қатары артып келе жатқандығына  тоқталды. Білімпаз оқушыларға сәттілік тіледі.

Келесі кезекте сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің оқытушысы, профессор, құқықтану пәні бойынша әділқазылар алқасының төрағасы Есіл Рахметов облыс оқушыларының жылда өтетін білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқандығын,  балалар  өз қарым-қабілеттерін жарқырата көрсете алғандығын атап көрсетті.

«Жүйріктен- жүйрік озар жарысқанда» демей ме? Олимпиада қорытындысы бойынша 58 оқушы І орын, 126-сы ІІ орын, 216 бала ІІІ орынды иеленді.

Дарынды балаларды оқытатын арнаулы мектептер арасында Талдықорған қаласындағы «Білім инновация» лицейі, М. Арын атындағы № 24, № 20 арнаулы лицейлері және Есік қаласындағы А. Мәлкеев атындағы «Білім инновация» лицей-интернаты жоғары нәтиже көрсетті. Ал, ұпай бойынша  Талдықорған, Қапшағай  қалалары, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары үздіктер қатарынан көрінді.

Жеңімпаздарға білім басқармасының  атынан дипломдар  табысталды.  Білім бәйгесінде биіктен көрінгендер көктемде Ақтөбе және Қызылорда қаласында өтетін республикалық пән олимпиадасында бақ сынасатын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK