Бүгін Талдықорған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ҚР-ның Тұңғыш Президент күніне орай «Елі сүйген, елін сүйген – Елбасы» атты жеңіл атлетикадан марафон өтті. Айтулы шараға жергілікті тұрғындармен бірге қалалық әкімдіктің қызметкерлері, әскерилер, арнулы оқу орындарының білімгерлері және мектеп оқушыларынан құралған барлығы 500-ден аса адам қатысты.

«Дене шынықтыру мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттап, ұлт денсаулығын қалыптастыру – шараны өткізудегі басты мақсатымыз», — дейді қалалық спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев. Айта кетейік, марафонға қатысқандар қатарында дүбірлі додаларда ел намысын асқақтатып, көк Туымызды биіктен желбіретіп жүрген Нұрбақыт Теңізбаев, Мерей Сүйінов сынды спортшылар да бар. Әлемге аты танылып жүрген марафоншы, ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Биебай Тілемісов пен Юрий Пащенко да көпшілікпен бірге жарыс жолына шығып, тұрғындарды жігерлендіре түсті. Марафонға 16 мен 70 жасқа дейінгі адамдар  қатысты. Күннің суығына қарамастан қатысушылар барын салып, белсенділіктерін танытты. Жарыс 2-ші шағын ау­дандағы айналмадан басталды. Тәуелсіздік көшесінің бойымен жүгірген марафоншылар орталық алаңда мәре сызығына жетті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер қалалық әкімдіктің медальдарымен, дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

 Биебай Тілемісов:  Мұндай шараларды жиірек өткізіп тұруымыз керек. Сонда жастарымыздың спортқа деген қызығушылығы артып, жаман әрекеттерден бойларын аулақ ұстайды. Біз секілді аға буын да бір серпіліп қалады деп ойлаймын. Елбасымыз аман болсын, Қазақ елі жасай берсін ағайын! Спортпен шұғылданып жүрейік.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK