Талдықорғанда Алматы облысының «Жетісу» газетінде ұзақ жыл еңбек еткен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Шолпан Жұмаділованы еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында бильярдтан облыстық турнир өтті. Аталған сайысқа жергілікті телеарна мен басылымдардың журналистері және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облысы филиалының төрағасы қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың ашылу рәсімінде «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін сөз алып, арнайы ұйымдастырылып отырған сайыстың маңызына тоқталды.

– Шолпан Жүнісбайқызы тек қана газеттің журналисі емес, кез келген ортада өзінің талантымен алға шығып, маңайына шуағын шашып, жадырап жүретін жалынды тілші болатын. Республикаға танымал қаламгер өмірінің соңына дейін алты кітаптың авторы атанды. Әрине, осындай талантымыздың ортамыздан ерте кеткені жанымызға тастай батады. Бүгін міне, Шолпанның аты өшпей жарық жұлдыздай жарқырап жүрсін деген ниетпен басымызды қосып, бильярдтан турнир өткізіп отырмыз. Бұл келешекте дәстүрлі жарысқа айналмақ. Ауқымы кеңіп, жыл сайын Шолпан Жүнісбайқызының атындағы жарыста кездесе берейік, — деді.

Айта кетейік, Шолпан Жұмаділова Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда жүріп, кеңестің солақай саясатына қарсы тұра білген. Қаһарман қыз үнемі шындық пен тазалықтың туын биік ұстайтын ержүрек еді. Оның қаламынан туған әр мақаласы қоғамда қозғаушы күш болған.

БАҚ өкілдері қатысқан турнир тартысты өрбіді. Алғашқы айналымнан сүрінбей алты ойыншы шыққан болатын. Осы орайда мықтылар бақ сынаған бәсеке тіптен қыза түсті. Тартысқа толы сайыста қарсыластарына еш мүмкіндік бермеген «Огни Алатау» газетінің жауапты хатшысы Асхат Алтынбеков бас жүлдені ұтып алды. Ал, екінші орынды «Жетісу» гезетінің журналисі Мәди Алжанбай алса, үздік үштікті «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев түйіндеді.

Жарыс соңында Шолпан Жүнісбайқызына ас беріліп, құран бағышталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK