«Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны ұлан-ғайыр қазақ даласындағы су бөгеттері мен су жүйелерін ретке келтіріп, егістік алқаптарын сумен қамтып отырған бірден бір орын. Рахымжан Разбаев «Қазсушар» кәсіпорны Алматы филиалының бас инженері. Ол, ұзақ жылдар бойы  су қоймаларын салу және оларды қайта қалыпқа келтіру бағытында елеулі еңбек етіп келеді. Жақында су саласының ардагері бізге сұхбат беріп, қазіргі Жетісу өңірінде атқарылып жатқан игі істердің біразымен таныстырды.

— Құрметті Рахымжан Ешенханұлы, сіздің су шаруашылығы саласында қызмет етіп келе жатқаныңызға қаша уақыт болды? Осы барыста қандай  күрделі басқыштардан өттіңіз?

— Менің бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма 38 жыл болды. Негізгі мамандығым инженер құрылысшы. Қазір «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Алматы филиалында облыс аумағындағы су қоймаларын салу және ескі нысандарды қайта қалыпқа келтіру жұмыстарына жауаптымын.  Өмірде  әр мамандықтың өзіне сай қиындығы бары белгілі. Дейтұрғанмен құрылыс инженері болу адамға өте мұқияттылықпен жауапкершілікті жүктейтін күрделі мамандық. Себебі, жаңа салынатын су нысанының астарында қаншама халықтың мүддесі тұр. Оған селқос қарауға мүлде болмайды. Салынған құрылысқа шыққан шығын, төккен тердің өтеуі, жұрттың ұзақ уақыттық қажетін қанағаттандыруы тиіс. Сондықтан, әр құрылыстың сапалы да талапқа сай тұрғызылуы бәрінен маңызды. Өз басым осындай жоба-жоспарларды жүзеге асыру бағытында көптің көңілінен шығу үшін ұзақ ізденістер мен небір сын-сынақтардан өттім. Менің атқарған жұмыстарыма халық баға береді. Ал, Жетісу жеріндегі өзім жұмыс жасаған осы 40 жылға жуық уақыт мені су саласындағы ауыр да машақатты, саны санақсыз басқыштардан өткізіп, әбден шыңдады деп ойлаймын.

— Жалпы, қазір «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облысындағы Алматы филиалында қандай ауқымды жұмыстар қолға алынды?

— Бүгінде мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жетісу өңірі табиғаты көркем, өзен-көлдерге бай, ауыл шаруашылығын негіз еткен аймақ. Мұндағы егіс алқаптарына су жеткізу «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны аймақтағы филиалының құзырында. Бүгінде филиал теңгерімінде 9 су қоймасы бар. Соның ішінде Алмалы, Ащыбұлақ су қоймалары облыс орталығы Талдықорған қаласына қарасты суармалы жерлерге еш кедергісіз су жеткізіп беріп отыр. Су қоры жеткілікті. Тіпті, асып қалуда. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама аясында бұрынғы қалған жерлерді жаңғырту және бұзылған су бөгеттерін қайта қалыпқа келтіру сынды үлкен екі бағытта жұмыс жүргізілуде.  Алматы облысы орталығындағы «Қазсушар» кәсіпорнының филиалына 11 аудан қарайды. Сол аудандардың аумағындағы 72 мың гектар жерді қалыпқа келтіру көзделген. Бүгінгі күні жері ең көп бірнеше ауданың жұмысы қолға алынды. Олардың қатарында Көксу, Ақсу сынды аудандар бар.  Мәселен, Көксу ауданында 13 мың 600, Ақсу ауданындағы қайта жаңғыртылатын жер көлемі 11 мың гектардан асады. Сонымен бірге, су қоймасын салу, күзгі жиын-терімнен соң көктемге дейін су жолдарын ретке келтіру тағы басқа да көптеген жұмыстар атқарылуда.

— Су қоймасын салу ісі бойынша өңірде қандай ірі жобалар жүзеге асырылуда?

— Көпке мәлім 2010 жылы аймақтағы Қызылағаш су қоймасын сел алып кеткен болатын. Арада бірнеше жыл өткен соң Республика бойынша апатты су қоймаларды және гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруге жол ашылды. Осы бағытта ҚР АШМ СРК «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын өсіру бағдарламасы аясында 15 нысанды қалпына келтіру жоспарланған. Соның бірі Қызылағаш су қоймасы. Осылайша, 2016 жылы республикалық бюджеттен 5.9 миллиард теңге  қаражат бөлініп,  бөгет құрылысын салу жұмысы басталған. Қазір ондағы құрылыс жұмыстары қарқынды.  Су қоймасына апаратын 12 шақырым жол толық жөнделіп, 16 шақырымға электр желісі тартылды. Қоймаға жалпы 42  миллион текше метр су сақтауға болады. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталып, қолданысқа берілмек.

— Енді алда атқарылуға тиісті тағы қандай тың жоба-жоспарларыңыз бар?

— Айта берсек, атқарылуға тиісті жұмыстар әлі де жетерлік. Себебі, аймақтағы су жүйелері мен бөгеттердің  дені ескірген. Солардың бәрін біртіндеп жаңалау жоспарда. Оның бәріне қыруар қаражат қажет. Енді алдағы уақытта аймақтағы Бүйен өзеніне су бөгетін салу, Сарқандағы тағы бір су қоймасы кезек күтіп тұр. Көксу су қоймасын жаңғырту ісі тағы бар. Қазір Көксу су қоймасы 28 мың гектар алқапқа су беріп отыр. Сонымен бірге шетелдік қаржы көздері арқылы 128 мың гектар жерді қалыпқа келтіру қарастырылған. Бүгінде бұл аймақтағы 4 ауданның жұмыстары қолға алынды.

— Сөзіңіздің соңында су саласындағы жас мамандарға қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз?

— Білікті маман болу – ізгі ізденіс пен мол тәжірибе жинауды қажет етеді. Кейбір жастар бірден басшы болып шыға келуді ғана көксейді. Олай болмауы керек. Қайта, басқыш бойынша сатылап көтеріліп, жауапты қызметте әбден шыңдалғаны дұрыс. Барды бағалай біліп, жоққа сабырлық етуі тиіс. Үнемі өзіне жоғары талап қойып, әр істің қырымен сырын жете меңгерген адам еш қиналмайды. Қорытып айтқанда, осының барлығы жастардың болашағына жол ашатын игі қадам.

— Әңгімеңізге рахмет!

                                                                                   Сұхбаттасқан:

                                                                                      Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK