Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Алматы облысында ресми іссапарда болды. Алғашқы қадамын Талдықорған қаласындағы жаңадан бой көтерген Бикен Римова атындағы драма театрынынан бастаған агенттік басшысы өңір өнерпаздары сомдаған «Құлқынның құлы» драмасын тамашалады.

Қарымды қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Тұрлыбек Мәмесейіттің болған оқиға ізімен жазған жаңа туындысын жоғары бағалаған Алик Жатқамбайұлы қойылым соңында театр ұжымына өз ризашылығын білдіріп, бірқатар үздік актерлерді арнайы алғыс хатпен марапаттады. Әрі жаңа қойылымның алдағы уақытта  еліміздің басқа өңірлерінде де қойылуын қамтамасыз етуді ойластыратынын жеткізді.   Осыдан соң, аймақ әкімі Амандық Баталовпен бірге облыс орталығындағы «Жастар» спорт сарайына ат басын бұрып, өздері бас болып облыс әкімі аппараты мен агенттік қызметкерлері арасында волейболдан жолдастық кездесу ұйымдастырып,  тартысты ойын  көрсетті.

Іссапардың екінші күн тәртібі бойынша агенттік төрағасы облыс әкімдігі ғимаратында «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің салтанатты ашылуына қатысты. Жаңа жоба еліміздің барлық аумағында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы  мақсат – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жалпы қоғамдық төзбеушілікті қалыптастыру, Алматы облысының мемлекеттік басқару институтына азаматтардың сенімін арттыру. Адалдық алаңы орталығында қоғамның әр саласынан құралған арнайы топ жұмыс жүргізбек.

Осыдан кейін Алик Шпекбаев облыс активімен және қоғам белсенділерімен жүздесті. Кездесу барысында облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алуға бағытталған шараларға қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы: «Өңірде қоғамның жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастыруға арналған 300-ден астам іс-шара өткізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы 27 жедел топ құрылды, және де «Адал жол» марафоны ұйымдастырылды. Сонымен бірге жыл басынан бері 7,3 млн. теңгеге мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 79,4 пайызы электронды түрде болған. Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы құрылып, аудан, қала әкімдіктерінде мемлекеттік қызмет мониторингісі бөлімдері жасақталды», –деді.

Жиын барысында «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жазира Жылқышиева Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу жұмыстары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Өрікбайұлы «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының басты 3 бағыты – мемлекеттік қызмет алуда адами факторды азайту, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, департамент пен әдеп кеңесінің жұмысы жайлы екенін атап көрсетті.


Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытындағы тың бастамаларды тілге тиек етті. Соның ішінде цифрландыру, күнделікті тұрмыстық жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу, кадрларды қайта даярлау, еңбекақы төлемінің жаңа жүйесі, ІТ карта енгізу және басқа да өзгерістер жайында атап айтты. Бұл жаңа реформа мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, оның ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, жемқорлықты азайтуға қызмет етпек.

Жиын  соңында қос тарап, яғни А.Баталов пен А.Шпекбаев «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойып, бірқатар азаматтарға агенттік төрағасының Алғыс хатын табыс етті.

Облыс әкімдігінде өткен кездесуден кейін агенттік төрағасы Талдықорғандағы көпсалалы аурухананың, жедел жәрдем қызметінің және онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін Жағдаяттық орталықтың жұмысымен танысып, мемлекеттік кірістер басқармасына атбасын бұрды. Бүгінгі таңда кірістер басқармасында 48 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, оның 32-сі автоматтандырылған. Мысалы, Талдықорған қаласында 2016 жылы көрсетілген қызметтің үлесі электрондық түрде 90,3 пайызды құраса,  өткен жылы – 91,5 ,  биыл – 92,7 пайызға жетіп,  жалпы 182  мың 106 қызмет көрсетілді. Бұл ретте мемлекеттік қызмет сапасын арттыру үшін салық төлеушінің терминалы жұмыс істейді, көрсетілетін қызметтер терминалдарда тегін жүргізілген.

Нысандарды аралау барысында Алик Жатқамбайұлы:   «Мемлекеттік қызмет –маңызды міндет. Жұртқа қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету барлық қызмет көрсетушілердің негізгі басымдық беретін бағыты болуы тиіс», –деп атап өтті.

Әрі қарай мәртебелі мейманның іс сапары Қаратал ауданының Үштөбе қаласында жалғасты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK