Талдықорғанда «Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жоспарлы емдеуге жатқызу» тақырыбында арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған басқосуда сөз алған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» Алматы облыстық филиалының ақпараттандыру бөлімінің басшысы Гүлім Өксікбаева биыл аймақта 108 мың адам портал арқылы ем қабылдағанын жеткізді.

Сондай-ақ, Гүлім Сырғалбекқызы:  – «2010 жылы Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі әзірленді. Бұл медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жасалған халықаралық тәжірибе. Мұндағы басты ерекшелік науқастың дәрігер мен медициналық мекемені еркін таңдауын, бәсекелестік ортаны қалыптастыруды және медициналық қызмет көрсетудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Қазақстанның әрбір азаматы тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, мемлекеттік тапсырыс алған жеке клиникаларда тегін емделе алады. Портал арқылы емдеуге жоспарлы емделетін науқастар жатқызылады. Оларға мамандандырылған және жоғары мамандандырылған екі түрде медициналық көмек көрсетіледі. Мұндай емдеуге келетін адамдар алдымен өзі тіркелген орындағы уческелік дәрігерге барып жан-жақты тексеруден өтеді. Тексеру нәтижесіне байланысты науқас емханаға жату керек болған жағдайда дәрігер оған портал арқылы емдеуге жолдама береді. Сол кезде науқас өзі қалаған емханадан ем алуына құқылы» – деді.

 Осыдан соң медицина мамандары БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.

Еске сала кетейік, стационарлық емді жоспарлы түрде қамтамасыз ету үдерісін реттеу үшін арнайы  республикалық және өңірлік госпитализациялау бюросы құрылған. Ол,  2010 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істеп келеді.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK