2018 жылы жалпы Жетісу өңіріндегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында  4 миллионға жуық мелекеттік қызмет көрсетілген. Бұл туралы Талдықорғанда Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы облысы бойынша филиалының  директоры Ермек Бекжүнісов айтты.

Сондай-ақ, ол:    «Қазір аймақта 21 фронт-офис, 22 басқарма, 60 бөлім бар. Сонымен бірге шалғай аудандарда арнайы секторлар мен  мамандандырылған халыққа қызмет көрсету және көші-қон орталығы жұмыс істейді. Әрбір орталықта азаматтардың компьютерлік сауаттылығын арттырып, электрондық үкімет порталын танымал ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Осыған байланысты, бүгінге дейін  өзіне-өзі қызмет көрсету – «Connection point» секторы арқылы  504 мың 770 электрондық цифрлық қолтаңба берілді. Азаматтар сол қолтаңба арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, мемлекеттік қызметтерді үйінде немесе  жұмыс орнында отырып  ала алады» – деді.

«Тағы бір жаңадан қолданысқа енген композитті қызмет түрі – зейнеткерлікке шығу төлемдерін тағайындауға байланысты. Онда азаматтар «бір өтініш» қағидаты бойынша ХҚКО арқылы барлық қызметті ала алады. Атап айтсақ, композитті қызмет түрі енгізілгенен бері облыста 2 мың адамға зейнетақы төлемдері тағайындалды. Сонымен қатар таяуда аймағымыздан арнайы көші-қон орталығы ашылды. Оның көмегімен көші-қон саласындағы қызметтерді алу  барынша жеңілдейді. Шетел  азаматтары медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеп, жеке сәйкестендіру нөмірін алуына болады», – дейді  мамандар.

Филиал басшысы Ермек Бекжүнісовтің айтуынша, қазір «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету аясы кең. Мәселен, корпорациның Алматы облыстық филиалында жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру жүргізу бойынша биыл  18 мың 915, тіркеу функциясы берілгеннен бастап 77мың 622 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік жер кадастры мәліметтері бойынша  көптеген жұмыстар атқарылды . Тағы бір айта кетерлік жаңалық, таяуда Астана мен Алматы қалаларында биометрия жобасы енгізілді. Енді алағы уақытта тұрғындарға қажетті анықтамаларды алу үшін төлқұжат пен электрондық цифрлық қолтаңба да қажет емес, Тек саусақ ізі мен бет-әлпет скан-бейнесі болса жеткілікті. Таяу арада бұл қызмет Талдықорған қаласында да іске қосылмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK