«Reading Zhetysu» деп аталатын бұл жобаны IT маманы Айбар Қасенхан құрастырған. Енді көзі қарақты кез келген оқырманның қалаған кітабын арнайы аппараттан тегін алуына мүмкіндік бар. Алайда, басты шарт – бес сұраққа мүдірмей жауап беру керек, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Айта кету керек, кітаптар кәдімгі сусын, шоколад сатылатын «вендинг» аппаратының ішіне қойылған. Бірақ, жоба авторы құрылғының ішкі бағдарламасы толықтай өзгертілгенін айтып отыр.

«Оқырман кітапты алу үшін ақша төлемейді, оның орнына бес сұраққа жауап беруі тиіс. Әр сұраққа жауап беру үшін 30 секунд уақыт беріледі. Біз бұған 100 сұрақ енгіздік. Сұрақтардың басым бөлігі біздің елмен тікелей байланысты. Бағдарламаны орнату үшін шамамен бір айдай уақыт кетті», — дейді А.Қасенхан.

Электронды кітап сөресі әлемдік бестселлерлер мен отандық авторлардың туындыларымен толтырылған. Ол жерден Ник Вуйчичтің «Тежеусіз адам», Роберт Кийосакидің «Дәулетті әке, сорлы әке», Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітап», Олжас Сүлейменовтің «Азия алаулары» кітаптарын кездестіруге болады.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласы аясында осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Басты мақсат – тұрғындардың инттелектуалдық қызушылығын пайдалана отырып, кітап оқу мәдениетін арттыру, оқырмандарды рухани байыту. Алдағы уақытта мұндай кітап сөрелері Талдықорғанның халық көп жүретін орындары мен аудан орталықтарына орналастыру жоспарда да бар», — дейді Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK