«Адырна» ансамблі Анкарада өнер көрсетті

487
Дереккөз

«Көкту» қазақ мәдениет қоғамының ұйымдастыруымен Анкара төрінде Қазақстанның тәуелсіздік мерекесіне арналған концерттік шара өтті. Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті елшілігінің қолдауымен болған концертте «Адырна» фольклорлық және этнографиялық ансамблі өнер көрсетті.

Дереккөз

Мемлекеттік Опера және балет залында болған концертке ТР Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Қазақстанның өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Муса Йылдыз, Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының төраға орынбасары Саит Юсуф, Анкарадағы Қазақстан жанашырлары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қазақстандық студенттер қатысты.

Дереккөз

Концерттік бағдарламада сөз алған «Көкту» қоғамының төрайымы Лаззат Мүлазымоғлу «Ұлттық құндылықтарды жандандыру, қазақтың бай мәдениетін насихаттау мақсатымен құрылған «Көкту» қоғамы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде мыңдаған жылдық қазақ мәдениетін түрік халқына таныстыруын жалғастырады. Көшбасшының жақында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Мұрағат-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі»,«Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» секілді тақырыптар мәдениет саласына байланысты. Қоғам ретінде бізге жүктелген жауапкершіліктерді орындауды бастап кеттік» деді.

Дереккөз

Сөз кезегін алған Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы да қазақпен бауырлас түрік елдерінің арасындағы қарым-қатынастардың бір бірін тануға септігін тигізіп, бауырластықты нығайта түскенін айтты. Елші мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға байланысты жобаларының тек Қазақстан үшін  ғана  емес бүкіл түркі әлемі үшін маңызды мәселелер екендігін баса айтты. ТР Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу да Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройы мен беделіне жоғары баға бере келе, Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатына кеңірек тоқталды. «Қазақтар мен түріктер – бөлек бесіктерде тербелген екі тума» деді ол.

Дереккөз

Туған жерден мереке үшін ат арылтып келген «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблі қазақ халқының асыл мұрасы, дәстүрлі күйлері мен әндерін насихаттау жолында Анкарадағы көрерменді өнерімен тәнті етті. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері М.Бердіғұловтың жетекшілігімен сыбызғы, үскірік (сазсырнай), шертер, домбыра, адырна, жетіген, қылқобыз, сазген, дауылпаз, тұяқтас және тағы басқа да музыкалық аспаптардың үнін бір арнаға тоғыстырып, халық әні мен күйлерін, халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің туындыларын өзгеше бояу, жаңа стильмен орындап шықты. Сонымен қатар «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі халық шығармашылығы қазынасының сарқылмас бұлағы — ежелгі ойын түрлерін, салт-дәстүрін түрік ағайындарға тағы бір мәрте паш етті.

 Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының баспасөз қызметі
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK