«Жусан иісі» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Классик жазушы Сайын Мұратбековты еске алуға арналған «Жусан иісі»  республикалық әдеби байқауы өз мәресіне жетті. Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өткен прозалық сайысқа жалпы еліміздің әр аймағынан 50-ден астам қаламгер қатысып, өз әңгімесін ұсынған. Сонымен қатар осы орайда  балалар  арасында да эссе жазудан бақ сыналды.  Жүлде қорын демеуші – қарымды қаламгер Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Арасанбай Естенов, танымал жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының және «Халық Алғысы» медалінің  иегері Сәуле Досжанова.

Басқосуда сөз алған облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы алдымен алыс-жақыннан жиналған қауымға ізгі тілегін  жеткізіп, шараға қаржылай қолдау көрсеткен әдебиет жанашырларына айрықша алғыс айтты. Байқаудың басты ерекшелігі сол бағалау барысында  бір де бір автордың есімі көрсетілмеген. Қазылар алқасы тек шығарманы ғана саралап жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарды анықтаған.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облысы бойынша филиалының басшысы Қанат Әбілқайыр ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдіріп, байқау келер жылы да жалғасатынын және оған қолдау көрсетілетінін айтты.

Осыдан соң байқау жеңімпаздарының есімі жарияланды. Бұл жолғы жарыста  шығармасы топ жарған Текелі қаласының тұрғыны Қыдыр Байдүйсен бірінші орынды иелеп 300 мың теңгені еншілесе, екінші орын жүлдесіне бөлінген 200 мың теңге қаражатты алматылық қаламгер Мүбарак Қойшыбек  қанжығалады. Ал, үшінші орынға талдықорғандық ақын, жазушы, журналист Айдын Кәлімхан лайық деп танылып 150 мың теңге сыйақыға ие болды. Тағы бірнеше қатысушыға арнайы жүлде табысталды. Сондай-ақ, осы орайда жасөспірімдер арасында өткен  эссе жазу байқауынан қара үзіп шыққан 4 оқушы Алғыс хат және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз