Талдықорғанда еске алу шарасы өтті

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жеріне кіргізілгеніне 43 жыл. Осыған орай, Жетісу облысының орталығында арнайы іс-шара өтті. Бір минуттық үнсіздікпен басталған басқосуға Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Абибеков Бауыржан Бақытұлы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының бірінші орынбасары подполковник Злобин Аркадий Александрович және аймақтағы Ауған соғысы ардагерлері мен жергілікті жұрт қатысты.

Жиналған қауым алдымен шаһардың орталық саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза болған боздақтардың рухына тағзым етті. Еске сала кетейік, 1979 жылдың 25-желтоқсанында Кеңес Одағының армиясы Ауған жеріне кіргізілген болатын. Осылайша олар жат мекенде 1989 жылдың 15-ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Сол қанды қапасқа Жетісу жерінен өздерінің азаматтық борышын өтеу үшін талай ержүрек сарбаздар да аттанған болатын.

Нақты мәліметтерге жүгінсек, Ауған жеріндегі соғысқа кезінде қазақ даласынан 22 мыңнан астам жауынгер аттанса, оның 3701-і Жетісу жерінен. Олардың 924-і сол жерде қаза тауып, 21-і хабар-ошарсыз кеткен. Біразы ауыр жарақат алып, өмірлік мүгедектік күйге түскен.

«Бүгін Ауған соғысы ардагерлері үшін ерекше күн. Біз 18 жасымызда Отан алдындағы борышымызды өтеу мақсатында әскерге барған едік. Алайда, үлкен саясаттың ықпалымен Ауған жеріне табан тіреген жайымыз бар. Сол жерде өткен соғыста көп адам шығыны орын алды. Өкінішті әрине. Енді, қазір облыс орталығы Талдықорғанда 300-ден астам ардагер тұрады. Бүгінде олар қоғамның әр саласында еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосуда», — дейді Ауған соғысы ардагерлер ұйымының мүшесі Бауыржан Барлыбаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз