Қазақ бүгін әлемді таң қылуда,

Ұлттың үні салтанат сән құруда.

Тәуелсіз ел көк туын желбіретіп,

Жұртым  қайта түрленіп жаңғыруда.

 

 

Гүлайым ТҮСТІКБАЙ

Тәуелсіздік

Үлбіреген қызғалдағы қырымның,

Қызыл қаны кешегі ұл-қызыңның.

Бостандық деп боздап кеткен есіл ер,

Бастауы екен таусылмас дәм-тұзымның.

 

Бастауы екен басымдағы бағымның,

Ақ берені тапталмаған арымның.

Әруақтары жер жастанған ерлердің

Аунап түсіп, серпілді бір қалың мұң.

 

Жаратылған мәңгі өмір сүруге,

Тәубе, тәубе, бүгін шыққан күніме.

Бұл күн үшін талай ғұмыр қиылып,

Ағыл-тегіл жас боп аққан дүние.

 

Самал желден сезінемін тынысын,

Ер бабамның қанын төккен ел үшін.

Жүз бір ұлттың бірлігінің ұйытқысы

Ұлы қазақ шайқалмасын ырысың.

 

Қайда елімнің төгілмеген ары бар,

Ар жолында пида еткен жаны бар.

Тәуелсіздік! Сенің атың – Ер Қазақ!

Туған жерде тері менен қаны бар.

 

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ

 

 Жаңарған ел

 

Ақ сандығы тарихтың ақтарылып,

Ақ сауытты бабадан хат табылып.

Ақ найзасын ұстаған баһадүрлер,

Алыс жолдан келгендей атқа мініп.

 

Ел еңсесін шалса да тамам ызғар,

Бүлінбеген салт пенен санамыз бар.

Нулы өлкеме келгендей дәуір көшіп,

Ақиқатқа айналып сан аңыздар.

 

Сан ғасырлар өтсе де ескірмеген,

Саф өнермен бейнесін кескіндеген.

Сақ бабалар сарыны болмаса да,

Сал-серіден ән жетті естілмеген.

 

Ескі заман беттері парақталды,

Шаһарлар мен ауылдар абаттанды.

Тастардағы таңбалар жауын шайған,

Жырға айналып қайтадан қанаттанды.

 

Еркіндік кеп төріме ел жаңарды,

Ел мен бірге ерекше жер жаңарды.

Бейбіт елдің ұрпағы – біз бақытты,

Көрмей өскен кешегі кер заманды.

 

Қазақ бүгін әлемді таң қылуда,

Ұлттың үні салтанат сән құруда.

Тәуелсіз ел көк туын желбіретіп,

Жұртым  қайта түрленіп жаңғыруда.

Гүбақыт ҚАСЕН

 

ҚАЙРАТ АҒАМА ХАТ

Ләззат Асанованың монологі

Армансызбын..,
Ажалсызбын.., Азатпын,
Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң.
(Қайрат Рысқұлбековтің монологі)
Әлібек Шегебай

Мен де армансыз…
Мен де ажалсыз…
Азатпын,
Мендегі мұң – Сіздің мұңдай азап мұң.
Ғажап мұң деп айту Сізге лайықты,
Бір білерім –
Қайсар қызбын! Қазақпын!

Иә, солай…
Намыс отын маздаттым!
Маған қымбат –
Азат елім, Азат күн.
Тек бір арман…
Он алтымда қиылдым –
Анасына айнала алмай қазақтың…

Назы дерсіз…
Ерке қыздың кезекті –
Өкінішім өртемейді өзекті.
Жаным – жібек, жалын еді жүрегім –
«тік мінезді» екен деген сөз өтті.

Жүрмін, Аға, жалғыз өзім жабығып,
Ай – серігім. Айдан тұмар тағынып.
Желтоқсаннан ұзап шыға алмадық –
Сіз көктемді, мен жазымды сағынып…

Анамды да ойлап қоям, Ардақты –
Ай,жылдарын мені ақтауға арнапты.
Түбі әйтеуір, жеңіп шықты. Шындық бар!
Білем… сезем…
Талай жандар алдапты.

Сіздің де, Аға, арманыңыз көп еді…
Терең ойды бал тамған тіл төгеді.
Ұланы едік Мойынқұм мен Жаркенттің –
«Ел деп, жер деп» көсегеміз көгерді.

Ай күзетіп, Ару сүйе алмаған –
Ағам менің «Ақтық сөзін» арнаған.
Сізге ғашық бүкіл қазақ қыздары,
Сізге риза баяны жоқ бар ғалам!

Бәрі разы.
«Бөрі мінез Бабалар»,
Алтын құрсақ, ақ жаулықты Аналар.
Бозторғайдай шырылдаған жаныңыз –
Сан мың ғасыр, сан мың дәуір бағалар.

Халық үшін құрбан жастық, жанымыз –
Биік әркез – Жігер, Намыс, Арымыз!
Айтыңызшы…
Қуандық қой қабірде –
Тәуелсіз боп атқан кезде таңымыз!

Бәрі арманда!
Көрмеген де, көрген де…
Біз тірілдік құлдық сана өлгенде!
Жүрегімді мұңлы ән-күй кернейді –
Сіз айтқандай, «Үн шығады көрден де».

Жоғалттым ба домбырамның тиегін?
Жалғаспады өнер жолы – киелім.
Мен бірақ та…
Бақыттымын дәл Сіздей:
«Сүтім – Қазақ!
Қазақ – менің Сүйегім!».

Азамат НҰРМҰХАН
     

 Дербес ел!

Бағасын біліп барымның,
Жарасын жаздым жанымның.
Сары алтын түбі — сабырдың,
Саясың сабырлы еліме,
О, Тəуелсіздік, қадірлім!

Ғасырлар да өткен ғазал мұң,
Ойласам азып-тозармын.
Алладан ауған назардың,
Аманаты боп жеттің бе?
О, Тəуелсіздік, ажарлым!

Кесілген қанша бас көрдім,
Жұлынған қанша шаш көрдім,
Төгілген қанша жас көрдім,
Мен үшін бағаң өлшеусіз,
О, Тəуелсіздік, қастерлім!

Кеңдігі байтақ даласы,
Жанталас мейлі аласұр.
Қазаққа-қазақ жанашыр,
Өзіңнен қымбат жер беті,
О, Тəуелсіздік — жоқ, асыл!

Бағасы артып бағымның,
Əшекейіндей лағылдың.
Астана болып салындың,
Жеткіздің көкке төбемді,
О, Тəуелсіздік, қадірлім!

Елімді емде, емде сен,
Жерімді тербе, тербесең.
Мұң ауып сонда шер көшер,
О, Тəуелсіздік, сен барда,
Қазағым мəңгі дербес ел!

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page