жас маман Жайна Тұрсынбаева Талдықорған музыка колледжі
Суретті түсірген Данияр Сағындықов

Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайна Тұрсынбаева  Астанада білім беру  ұйымдары арасындағы «Үздік жас маман-2018» республикалық байқауынан бірінші орынның дипломы мен төсбелгіні  иеленіп қайтты. Бұл  жас мамандарды ынталандыру мақсатында  ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Bilim — Өркениет» Ұлттық–инновациялық ғылыми зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған республикалық шара болатын.

-Ең алдымен, іріктеу сынына эссе жазып жібердім. Одан әрі жас мамандардың  бейнебаянмен жіберілген жаңа бағдарлама бойынша сабақ беру тәсілі сарапқа салынды. Ал Астанаға барған кезде «Біліммен өркениетке»  атты қазақ тілінен латын графикасына негізделген  тапсырмалар берілді. Бұл аталмыш байқауға  барлығы 308 маман қатысты. Оның 98-і «Үздік жас маман» сайысында бақ сынады. Ол жерде «Үздік пән мұғалімі», «Үздік педагог» деп аталатын сынға   еліміздің әр аймағынан қатысқандар көп болды,- дейді жас  ұстаз.

Жайна Қанатқызы 2017 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін ойдағыдай аяқтап, Текелі қаласындағы №3 орта мектепте мұғалім, Талдықорған орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде қызмет жасады.  Қазіргі таңда Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жас ұстаз оқушылар арасында ынтымақтастық құрып, білімді, тапқыр, ізденімпаз, жан-жақты болу, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарауды биік мақсат санайды.

Бұл байқаудағы жазған эссесінде жас ұстаз Тәуелсіздік – ең асыл қазынамыз екендігін атап көрсетті.

«Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең  екенін әлем біледі. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Тәуелсіздіктің ұраны көгімізде шарықтағалы бері Елбасымыздың әр жыл сайын Жолдауы халыққа  жол тартады. Бұл жолдаулар – өзін патриотпын деп санаған  азамат пен азаматшаның жүрегіндегі  еліне, жеріне деген махаббатын оятатын бірден-бір құжат. 2017 жылы Астана қаласында «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі өткенін атап өткім келеді. Сонымен қатар биылғы 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылдың «Жастар жылы» деп аталатыны, барлық жас мамандарға ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Бұл, әрине, біз үшін қуанарлық жайт. «Қазақстанның болашағы – білімді жастардың қолында» деп бекер айтылмаса керек. Тәуелсіздік –тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол- өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік»-  деген ой білдірді жас ұстаз.

Жас маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым – оқушыларды тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу,-дейді. «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол — үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, шәкірт қабілетін жан-жақты дамытып, шығармашылығын, ізденімпаздығын ұштай білу үшін ұстаздың  өзі  де шығармашыл тұлға болуы тиіс.  Себебі, олар тәуелсіз елімізде білімге жол салғандар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page