Талдықорғандық боксшы «Патриот Қазақстан» атануға бір табан жақындады

455
дереккөз

«Патриот Қазақстан» реалити-шоуына қатысып жатқан талдықорғандық боксшы Әлішер Қадырбеков алғашқы жеңісіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен ол Талғар ауданынан келген боксшы Сұлтан Қайырбековты айқын басымдықпен ұтқан, деп хабарлайды Талдықорған онлайн сайты.

«Қуанышымда шек жоқ. Алғашқы кездесуді сәтті өткіздім. Бұйырса, ширек финалдамын. Маған қолдау танытқан ата-анама, жеке бапкерім Серік ағама және барлық жанкүйерлеріме алғыс айтамын» дейді Әлішер. Айтуынша, ендігі қарсыласы да белгілі болған. Ол – Қарасай ауданының боксшысы Мейірлан Рабатов. «Мейірлан менен гөрі бойшаңдырақ жігіт. Айқас ауырлау болатын шығар)) Мен барынша жылдам бокстасу тәсілін қолданамын.  Жеңіс үшін барымды саламын» дейді боксшы. Олай болса, іске сәт!

Әлішер Қадырбеков 22 жаста. Бокспен айналысқанына 10 жылдай уақыт болған. Түрлі деңгейдегі турнирлерде олжа салған. Талдықорғанда өткен Универсиада ойындарында ересектер арасында 2-орын иеленген. Бүгінде Ө.Жолдасбеков академиясында 4-курс студенті. Болашағын спортпен байланыстырады. Отбасының кенжесі, алдында екі әпкесі бар. Ата-анасы – дәрігер.

Бүгінде «Патриот Қазақстан» реалити-шоуы аясында 4 жұп қолғап түйістірген болатын. Қорытынды бойынша Райымбек ауданынан келген Қырғызәлі Жақсылық, көсулық Тұрсынов Батыржан, қарасайлық Рабатов Мейрілан және талдықорғандық Қадырбеков Әлішер бірінші кездесулерін жеңіп шықты. Олар енді ширек финалда өнер көрсетеді.

«Мен «Патриот Қазақстан» жобасын үзбей көріп жүрмін. Жалпы, қатысушылардың деңгейлері жақсы. Бірақ, араларында кәдімгідей айырмашылық бар. Мәселен, бірі облыс чемпионы болса, енді бірі экс-чемпион. Кәсіпқой рингте 5-6 кездесу өткізіп тастағандары да бар. Дей тұрғанмен, боксшылардың ұмтылысы жоғары» дейді спорт тақырыбын зерделеп жүрген журналист Мұратхан Тұраров. «Жобада кім жеңуі мүмкін?» деген сауалымызға «Саят пен Жақсылық деген жігіттердің мүмкіндігі жоғары. Қараталдық Мирас пен талдықорғандық Әлішердің де бабы келісіп тұр. Бірақ, салмақтары аз» деп жауап берді.

Өз боксшыңызға жанкүйер болыңыз!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page