Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  атты өзінің кезекті жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны есімізде. Елбасының бастамасын орындау мақсатында ҚР Қоғамдық даму министрлігі тарапынан «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында» атты республикалық Жол картасы әзірленіп отыр. Бүгін осыған орай Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев өңір жастарымен кездесіп, аталмыш жобаны жүзеге асырудың жолдарын талқылады,- деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиынға оқу орнының басшылары, жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкерлері және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.

Айта кетейік, бұл құжаттың негізгі мақсаты – жастардың әлеуетін арттыра отырып, оларды қоғамдағы кез-келген салаға бейімдеу болып табылады.

Басқосуда алғаш сөз тізгінін алған Ақан Жылқышыбайұлы облысымызда жастар жылын өткізу бойынша тиісті дайындық жұмыстары атқарылып жатқандығын айтты. Жастар үкіметтік емес ұйымдарының, жастар істері жөніндегі комитеттердің, белсенді жастардың пікірлерін ескере отырып, өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілгендігін де тілге тиек етті.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев

Осыдан кейін республикалық Жол картасының жобасымен және өңірлік іс-шаралар жоспарының басты бағыттарымен таныстыру үшін Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жакупов баяндама жасады.

Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жакупов

Айтуынша, Жол картасында 12 бағыт бойынша жастармен жұмыс істеу көзделген. Оның ішінде  білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық, қолжетімді баспана, кәсіпкерлік қызметті дамыту және қаржылық сауаттылықты арттыру, құқықтық мәдениет, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік деңгейін арттыру, жас отбасын қолдау, патриоттық сезімді нығайту, талантты жастарды қолдау, жастардың бос уақытын ұйымдастыру, жастар ҮЕҰ дамыту, мемлекеттік жастар саясатын насихаттау бойынша іс-шаралар қарастырылған.

Сонымен қатар, Ерлан Жұмашұлы облыста жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқандығын тілге тиек етіп, 2018 жылы бұл бағытқа 565,5 млн. теңге бөлінгендігін атап өтті. Айтуынша, қазір өңірде 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 418 074 адамды құрап отыр (қалалық —  95 316, ауыл жастары — 332 758).

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні мемлекеттік жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелердің бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық. Статистикалық деректерге сәйкес 2018 жылдың 2 тоқсанында   облыс бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9%-ды құраған. Қазіргі таңда осы мәселенің шешілу жолдары жан-жақты қарастырылуда. Мәселен, үстіміздегі жылы 9 айдың қорытындысы бойынша 1700-ге жуық жастың қатысуымен 13 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жәрмеңкеде 450 мекеме 1500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 130 жас жолдама алып, 160-қа жуығы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, қайта даярлау курстарына 142 жас оқуға қабылданды.

Сондай-ақ, Е.Жакупов жастар арасындағы қылмыс деңгейін төмендету, ауыл жастарын қолдап, оларды ынталандыру, жастардың шығармашылық белсенділігін арттыру бағытында және жастар ортасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін жұмыстар жоспарлы түрде атқарылып  жатқандығын айтты.

Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары өзінің тығыз шаруасына байланысты жол картасын талқылауды кейінге қалдыруды ұсынып, алдағы уақытта тағы бір басқосу өткізу керектігін және ол кезде еркін форматта пікір алмасуға шақырды.

Ақан Жылқышыбайұы кеткеннен кейін жиынды Ерлан Жакупов жалғастырды. Мәжілісте жобаны талқылау үшін «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жомарт Қаратас, Талдықорған политехникалық колледжінің жастар істері жөніндегі комитет жетекшісі Бахтияр Сатқұлов, «Дос.KZ» әлеуметтік еріктілер орталығы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Лариса Котельникова және Сарқан ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Кубентаев мінберге шығып, сөз сөйледі.

Жиын соңында облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы республикалық жоба аясында әріптестерді жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page