Енді заң саласында оқып жүрген студенттер де жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтайтын болады. Бүгін осыған орай Алматы облыстық жастарға қызмет көрсету орталығында «Жалын» студенттер жасағының білімгерлеріне арнайы қызметтік куәлік тапсырылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ораз Жолдасов және жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жакупов қатысты.

Жиында алғаш сөз алған Ақан Жылқышыбайұлы арнайы іріктеліп алынған студентерге өзінің жылы лебізін білдіріп, бастап жатқан істеріне сәттілік тіледі.

«Бір жағынан сіздерге өте қызық көрінуі мүмкін. Алайда, бұл өте жауапкершілікті талап ететін қызмет. Сондықтан жүктелген міндетті абыроймен атқару керек. Осы мүмкіндікті сәтті пайдалана отырып, білікті маман болып қалыптасуларыңызға тілектеспін», — деді.

Ал, өз кезегінде полиция полковнигі Ораз Жолдасұлы студенттерді құттықтап, алдағы уақытта бірлесе тығыз жұмыс істейтіндіктерін айтып қуанты.

Айта кетейік, бұл жобаны Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы облыстық полиция департаментімен бірлесіп жүзеге асыруда. Яғни, тәртіп сақшыларының қолдауымен жасақ сарбаздары кәсіби, психологиялық және физикалық тұрғыда дайындықтарын шыңдамақ.

Жасаққа жоғары оқу орындары мен техникалық, кәсіптік білім беру мекемелерінен 300 студент іріктеліп алынған.

Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында болатын құқық бұзушылықтың алдын алып, оларды қоғамдық тәртіпке шақыру. Профилактикалық шара барысында қылмысты, алкоголизмді, темекі шегуді, есірткіге тәуелділікті болдырмау үшін құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жалын» жасағының студенттері тек аптаның екі күнінде сабақтан тыс полиция қызметінің міндетін атқармақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page