Бүгінде Талдықорған қаласында жұртты көгілдір отынмен қамту ісі қарқынды жүргізілуде. Алайда, осы бір орайды ұтымды пайдаланған кейбір алаяқтар 2018 жылдың көктем айынан бері тұрғындарға «Газ тартып береміз» деген жалған желеумен қала халқын алдап, ақша алып келген.  Нақтырақ айтсақ,  өздерін аймақтағы  газ тартумен айналысатын бірден бір компания «Газтранс Аймақ» мекемесінің өкіліміз деп таныстырған бұл «пысықайлар» осы уақытқа дейін 20-дан астам адамды сан соқтырып кеткен.

Алматы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан Нұрахметтің айтуынша, осы мәселе бойынша қазір 22 жастағы азамат ұсталып, күдікті ретінде қамаққа алынған. Оның үстінен  ҚР қылмыстық кодексінің 190 бабы 3 тармағы бойынша  қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. «Қазірге құқық қорғау орындарына аляқтарға алданған 22 адамнан арыз-шағым  келіп түскен. Алдағы уақытта олардың саны бұдан да көбеюі мүмкін» -дейді мамандар.

Бір қызығы, әккілер Алматы облыстық ІІД көші-қон басқармасының маңынан бір ғимаратты жалға алып, арнайы іс орнын ашқан. Соңында ол да жабылып тыныпты. Осылайша, жұрттың әбден сеніміне кіріп алған алаяқтар жұмысын еш тоқтаусыз жалғастыра берген.  Олар алдымен  газ тартқызамын дегендермен жалған келісім-шарт жасасып, құбыр тарту жұмыстарын бастап біраз жүргізген соң ақшасын алып, жоқ болып кетеді екен. Алданғанын кеш білген жұрт күдіктілердің біреуін полицияға өздері ұстап беріпті. Енді бұл істің соңғы нүктесін тергеу ісі аяқталған соң сот қоятын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page