Нұр Отан партиясы Алматы облыстық филиалы
фото Данияр Сағындықов

Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының  ХXІV есеп беру-сайлау  конференциясы  болып өтті. Оған  «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуандықов, облыс әкімінің орынбасары А.Әбдуәлиев, облыстық мәслихат хатшысы   С.Дүйсембинов, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев және де аудан-қалалардан сайланған 300-ден аса  делегат қатысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауында көрсетілген тапсырмалар, Алматы облыстық партия филиалы саяси кеңесінің мен бақылау-тексеру комиссиясының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарының есебі, сондай-ақ, ұйымдық сұрақтар талқыланды.

Конференцияда негізгі баяндаманы партия филиалының  төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев  жасады.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан–2050» Стратегиясы, Жолдаулары, «5 институционалды реформа: «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда – деп бастаған Ғалиасқар Төлендіұлы партия жұмысындағы оң өзгерістерге тоқталды. «Нұр Отан» партиясы – қоғамның сеніміне ие болып, өрелі өзгерістердің ортасына айналды. Ұлт Көшбасшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев  партия жұмысын жаңғырту, кадрмен жұмысты күшейту, жергілікті органдарда партияның рөлін арттыру, жалпыұлттық күн тәртібін анықтауға белсенді түрде араласу, жаңа технологияларды жетілдіру, жастармен жұмыс жүргізу, сараптамалық әлеуетті өсіру мен партия мүшелерінің білімін жетілдіруді тапсырды. Осы тапсырмаларды орындау үшін «Партия жаңғыруының нақты жоспары» әзірленіп, жоба мерзімінде әрі сапалы орындалды. Жетісу жеріне былтыр ресми сапармен келген Елбасы мемлекеттік бағдарламалардың, «Бес әлеуметтік бастаманың» облыс көлемінде атқарылуымен танысып, оң баға берген болатын».

Бүгінгі күні Жетісу жерінде партияның 114 мыңнан астам  мүшесі бар. Жыл басынан мүшелікке 3145 адам қабылданыпты. Есепті кезеңде аумақтық партия филиалдарында Саяси Кеңес Бюросының 189 отырысы өткізіліп, берілген 229 тапсырманың 187 орындалды. Өткізілген 149 депутаттық фракция жиналысында берілген 79 тапсырманың 64-і толығымен іске асты. Сондай-ақ, сапалы кадрлық резервті жасақтау мәселесі облыстық филиалдың жіті бақылауында. Соңғы екі жылдың ішінде кадрлық резервке ұсынылған 441 азаматқа қайта іріктеу жасалып, 162 адам кадрлық резервке лайық деп танылды. Осылайша сапасы мен саны сұрыпталған «Нұр Отан» партиясы жаңашылдық пен жаңалыққа толы, көпшілікке есігі ашық ортаға айналып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында  партия ішкі саяси жұмыстарын сандық жүйеге көшіріп қана қоймай, еліміздегі ІТ-саласын дамытуды қолға алды. Соған орай қаламыздағы Агротехникалық және Политехникалық колледждерде іске қосылған ІТ орталықтардың материалдық-техникалық базасы СТЭМ-Академиясының оқыту бағдарламасы негізінде әдістемелік құжаттармен толықтырылды. Орталық жұмысымен арнайы танысқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жоғары баға берді. Одан бөлек, облыста 20 ІТ сынып, ІТ-мектеп лицей ашылып, оқушыларға робототехника, 3Д модельдеу, бағдарламалау, Жава, Руби, арифметика негіздері, комбинаторика, болжам теорияларының негіздері бойынша білім берілуде. Сонымен қатар «Қазақстан кітапханалары: заманауи білім орталықтары» партиялық жобасы аясында  20 кітапханада Коворкинг орталықтары ашылды.  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 117 кітапханада КАБИС бағдарламасымен жұмыс жүргізіліп, электронды каталогтардың дерекқорына барлығы 2,5 миллиондай бірлік құжат енгізілген.

«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының XXIV есеп беру-сайлау конференциясында айтылған істерді талқылау үшін жарыссөзге шыққан облыстық мәслихат депутаты Жақсылық Үшкемпіров, Қарасай аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, Текелі қаласындағы «Болашақ» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ақтолқын Ысқақова, «GULSAR» қоғамдық бірлестігінің Нұрболат Қарабасов, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Римма Салықова, Панфилов ауданы, Абай атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлдана Бегімбекова, «English for Jastar» жобасының ерікті қатысушысы Кори Дикконсон, неміс этно-мәдени орталығының мүшесі Егор Молодцов, «Көшбасшы» -2017 жастар сыйлығының иегері Лариса Фоменко, «Жетісу» әуе компаниясы АҚ-ның ЯК-40 ұшағының командирі Аманқос Иманғалиев есепті кезеңдегі партия жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, саяси ұйымның жетістігі туралы өз ойларын білдірді.

Ал «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов облыстық филиалға артылған міндеттерді атқару жолында партия мүшелеріне артылар жауапкершіліктің жүгі зор екендігін атап көрсетті. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  халыққа арнаған дәстүрлі  Жолдауында айтылған тапсырмалардың  бәрі де осыған дейін қоғамның талқысына түскен өзекті мәселелер. Жолдауда нақты шешімдері көрсетілген мәселелердің қатарында халықтың табыс көлемін арттыру, тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық саласын реттеу, табиғи монополиялар тарифін шектеу, жолдардың сапасы, шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру, қаржылық тұрақтылық сынды салалардың жұмысы бар. Астаналық мейман сондай-ақ, қолжетімді баспананы «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы салымды субсидиялау алдымен мұғалімдер, дәрігерлер және полиция қызметкерлеріне берілетіндігіне де тоқталды. Осыған байланысты атқарылар жұмысты белсенділікпен, асқан жауапкершілікпен атқару керектігін алға тартқан Фархад Шаймұратұлы облыстық  партия филиалы жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын соңында облыстық партия филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Валерий Сапожников есеп беріп, атқарылған жұмыстардың көрсеткішін таныстырды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page