Бүгінде Алматы облысында  Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бірі әйгілі ғалым, этнограф тарихшы Шоқан Уәлихановқа арналған «Шоқ жұлдыз ізімен» атты тарихи танымдық экспедиция. Мұнда жетісулық ғалым тарихшылар мен географиялық қауымдастық мүшелері сондай-ақ,  БАҚ өкілдері және блогерлерден жасақталған арнайы топ шырайлы шығыстың Семей қаласына аттанбақ.

Бұл туралы Талдықорғандағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында айтылды. Басқосуда сөз алған өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Рүстем Қанапиянов: «Шара 2018 жылы қараша айының 6 –12 күндері аралығына жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат – барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп жатқан бүгінгі күнде ұлтымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың табанының табы қалған  жолдарды басып өту арқылы ғалым жайында тың деректер табу» -деді.

Осыдан соң экспедиция мүшесі, Қазақстан телеарнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қуаныш Қанатұлы: « Бұл сапардың біз үшін мәні зор. Біз алдымен Семей қаласына атбасын тіреп, ондағы тарихи орындарды аралап, кезінде Шоқан бабамызды шаһардағы қандай оқиғалар байланыстырғаны туралы деректерге  көз жеткізу ойдамыз. Одан кейін Аякөзге соғып, ондағы Қозыкөрпеш –Баян сулу кесенесіне зиярат етіп, әрі қарай Қапал ауылына аялдап, Кербұлақ ауданына өту жоспарда» –деп түйіндеді. Дәл осындай тағылымды шаралардың бәрі Алматы облысы әкімдігінің жан-жақты қолдаумен жүзеге асуда. Ұйымдастырушылар келер жылы қолдау табылса,  Шоқан Уәлихановтың ізі қалған өзге де өңірлер мен Қытай, Қырғыз елдері және Ресейдің Омбы қаласына бару жоспарда екенін жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page