Алматы облыстық Ассамблея
Фото Данияр Сағындықов

Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясы өтті. Атқарылған жұмыстарды қорытындылаған жиын «Ел бірлігі — қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттырудың негізі» тақырыбы аясында өрбіді. Сессия жұмысының модераторы  Алматы облыстық мәслихатының хатшысы С.Дүйсенбинов  Елбасының жуырдағы халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру жайын  сөз етті. Өңірдің  әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталып, қол жеткізген табыстар еліміздің тұрақтылығының арқасында екенін айтты.

Президенттің  жақында халыққа арнаған  Жолдауы үлкен тарихи құжат. Онда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көңіл бөлініп, оны жақсарту бағыты ұсынылды. Жалпы осы Жолдауда айтылған әрбір ой мен тапсырма қазақстандықтардың бақытты өмір сүруіне бағытталғандығы сессия  жұмысына   арқау болды.

Маңызды шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары В.Тварионас, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Н.Шанаи, Алматы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ.Тұрсынбай және республикамыздың әр өңірінен келген Аналар кеңесінің төрайымдары, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, аудан, қала әкімдері мен орынбасарлар, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері қатысты.

 Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Ионо Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындап, елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауға өзіндік үлес қосып келе жатқан этномәдени орталықтардың жұмысын ерекше ілтипатпен атап өтті.  Әрдайым достық, келісім мен бірлік – мемлекеттің бай-қуаттылығы мен дамуының кепілі, көпұлттылық байлығымыз бен құндылығымыз саналатындығы сөзсіз.

Назипа Шанаи, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары:

-Еліміздегі тұрақтылық пен халық бірлігі, бейбіт өмір  мемлекет дамуының негізі болып отыр.  Ассамблеяның құрылған кезінен бергі уақытта  қазақстандық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің моделі қалыптасып, әлемге танылды.  Сонымен қатар,  жеткен жетістіктерін таразылау міндеті қойылып отыр. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIV сессиясының жұмысына  сәттілік тілеймін. Жыл аясында атқарылатын шараларға тоқталсақ, қай жұмыс болмасын, билік пен қоғам арасындағы келісімге,  сенімге негізделеді.    Аналар форумының жұмысына куә болдық.  Бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген үлкен жүректі аналар қатары көбеюде. Аналар кеңесінің құрылғанына бес жыл толуына орай «Мерей» төсбелгісін табыстауды ұйғардық. Бұл  құрметке Алматы облысынан  Тұяқ Есқожинаны лайық деп ойладық. Себебі, ол өзі  ашқан балалар үйінде қазірге дейін 700 баланы  бауырына басып, оқытып, тәрбиелеп отыр. Алды  шаңырақ құрып үйлі болып жатыр. Марапатыңыз құтты болсын!- деп төсбелгіні табыстады.

Жетісу жерінде 105 ұлт өкілі береке-бірлікте өмір сүріп, 70-тен астам  қоғамдық ұйымдар мен  этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Облыстық Ассамблея құрамындағы кеңестер мен ұйымдар Елбасының Жолдауларында көрсетілген негізгі бағыттарды жүзеге асыруға үлес қосуда. «Туған жер», «100 жаңа есім» және «Қазақстанның киелі географиясы» сынды бағдарламаларды үйлестірді. «Рухы бекем, киелі мекен -Жетісу» атты үлкен экспедиция ұйымдастырылып,  киелі жерлердің тізімі  жасалып, аңыз-әңгімелер жинақталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жуырдағы Елбасы Жолдауына орай жалғасатын болады.

Айта кетейік, облыс орталығы Талдықорғанда  еліміз бойынша алдыңғы қатарда ашылған  «Достық үйінің» пайдалануға берілгеніне биыл 10 жыл толып отыр.

Ғабит Тұрсынбай, Алматы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі :

— Этносаралық қатынас­тар саласы мен мемлекеттік ұлт­тық саясат мәселесі тұрақты назарда болып келеді. Атап айтқанда, Елбасының бастамаларын бағдарламалық тұрғыда өңірде іске асыру мақ­сатында арнайы комиссия құ­ры­­лып, оның құрамына бел­гі­лі қоғам және мәдениет қай­­­рат­керлері, мемлекеттік ор­­ган­дардың, саяси пар­ти­я­лардың, этномәдени бірлес­тіктердің, ұйым­дардың, үкіметтік емес сек­торлар мен бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері кір­ді. Халқы­мыздың рухани және мәдени құн­дылықтарын сақтауды қам­тамасыз етуге арналған түрлі мә­дени, білім беру және басқа да іс-шара өткізілді. Бүгінгі таң­да өңірде этносаралық про­цес­терге тұрақты мониторинг жүр­гізудің тұтас жүйесі құ­рыл­ған. Бұл жүйенің негізгі эле­мент­тері қоғам­дық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Достық үйлері мен ме­д­иация кабинеттері болып отыр. Олардың қызметінің ма­ңызды бағыттарының бірі — қайы­рымдылыққа ынталандыру, тұр­ғындардың азаматтық жауап­кершілігі мен қоғамдық бел­сен­діліктерін көтеру болып табылады. Сондай-ақ, өңірдегі  аналар кеңесі, тәжірибе көрсетіп отырғандай, отбасылық институт саналады. Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, толеранттылық тәрбие беруге бағытталған  300-ге жуық шара өткізді,-деді.

Қоғамдық келісімді  қалыптасты­ратын құндылықтар  белсенді түрде насихатталуда. Білім беру мекемелеріндегі қолданыстағы оқу бағдар­ла­ма­сына тиісті арнайы курстар енгізіліп жатыр. Бұдан басқа да, білім басқармасымен бірлесе отырып, Талдықорған қала­сындағы Оқушылар сара­йында арнайы орталық құрылса, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің базасында аталған мәселелер бойынша ғылым, білім беру ор­талығы ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Мұның барлығы да, алдағы жылдарда қоғамдық сананы ауқымды түрде жаңғыртуға бағыт­­талған жұмыстардың бір парасы.

Баяндамадан соң Ассамблея мүшесі, облыстық мәслихат депутаты З.Кузиев, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының аумақтық штабының жетекшісі Р.Усанова, облыстық Ассамблеяның ғылыми-сараптама тобының мүшесі Ф.Гаджиев, грек қоғамдық ұйымының басқарма мүшесі Н.Тифанциди сөз алып, атқарылып жатқан жұмыс турасында баяндады.

Сондай-ақ, қоғамдық келісім кеңестерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Ауылым-алтын қазынам» атты форумы көрмесінің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Талдықорған қаласы бірінші орынның дипломы мен  бағалы сыйлығын  иеленді. Алакөл мен Кеген аудандары екінші және үшінші орындарға лайық деп табылды. Ал, бас жүлденің сыйлығы Еңбекшіқазақ ауданына табысталды.

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page