ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барсында биыл көктемде пайдалануға берілген Талдықорған әуежайының жаңа терминалын көрді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аэропорт ішкі және халықаралық сапарларға ұшатын жолаушыларға, шығарып салушылар мен күтіп алушыларға жыл бойы ұшар алдындағы және қонғаннан кейін кешенді қызмет көрсетуге арналған. Ол жерде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Үшарал әуежайын дамыту және Алакөл көлінің жағалауын бекіту жобаларымен таныстырды.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев

Айта кетейік, өткен жылы облыс әкімдігі Үшарал әуежайындағы аэровокзал ғимаратын салуды аяқтаған еді. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап Үшарал әуежайынан аптасына үш рет Астана – Үшарал және Талдықорған – Үшарал, аптасына бес рет Алматы – Үшарал бағытында әуе рейстері орындалу үстінде. Қазіргі таңда ұшу-қону жолағы да реконструкцияланып жатыр, бұл әуежайдың Boeing санатының әуе кемелеріне қызмет көрсетуіне жол ашпақ.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Алакөлге бір миллионнан астам турист келген. Қазіргі таңда көлдің жағалауын дамыту мақсатында кешенді инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы Алакөлде жабдықтау және су тарту жүйелерін – ұзындығы 72,9 шақырым болатын тазарту нысандарын және 50 шақырымға арналған сумен жабдықтау жүйесін салу көзделген. Жағалауды бекіту мен кеме аялдайтын айлақтарды салудың жаңа технологияларын енгізу де жоспарда бар.

Облыс әкімінің айтуынша, қоршалған бөгет Көктұма мен Ақши ауылдарының тұрғындарын – 2,5 мыңнан астам адамды Алакөл көлінің қатты толқындарының залал келтіруінен қорғауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, үкімет басшысы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жүзеге асыру бойынша білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен кездеспек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page