Бүгінде Алматы облысының денсаулық сақтау саласы 7 мың 700-ге жуық компьютермен  жабдықталып,  нақты көрсеткіш 94 пайыздан асқан. Жыл соңына дейін тағы 700-ден астам жаңа құрылғы сатып алынып, қызметкерлерді  100 пайыз компьютермен қамту көзделген. Осы арқылы аталған сала басшылары  2019 жылдан бастап құжаттар  толығымен электронды жүйеге  көшірілетінін жеткізді.

Бұл туралы облыс орталығы Талдықорғанда өткен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын талқылауға арналған арнайы жиында айтылды. Жиналған қауым алдында сөз алған Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ: – « Көпке мәлім мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық саласына баса мән беріп: «Ең алдымен, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді» – деп, айрықша атап көрсетті. Осыған байланысты, ендігі біздің алға қойған басты мақсатымыз – халықтың еш кедергісіз емделуін қамтамасыз ету, медициналық қызмет  көрсету сапасын арттырып, ана-бала өлімін азайту, сондай-ақ, кадр тапшылығын жою үшін   жас дәрігер мамандарға қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта биыл облыс  әкімінің жан-жақты қолдауымен 3 жарым миллиардтан астам теңге қаражат бөлініп, аймағымыздағы әрбір медициналық мекемелер заманауи озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді» –деді.

Осыдан соң жеке-жеке сөз сөйлеген әрбір аудандық, қалалық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, халық қалаулылары Елбасының халыққа Жолдауы аясында атқарылатын істер жайында орамды ойларын ортаға қойып, өзекті мәселелерді  талқылады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page