Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының  бағыттары мен  негізгі міндеттерін түсіндіру мақсатында Талдықорғанға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы келді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Фото авторы А.Нұршанов

Министр ең әуелі руханияттың алтын бесігі саналар жаңа театр ғимаратына барып, ішін аралады. Заманауи бағыттағы өнер ордасының еліміздегі теңдесі жоқ сәулетті нысандар қатарына жататынын айтып, ізгі ниетін білдірді. Одан әрмен Салтанат сарайында  жалғасын тапқан облыстық басқармалар мен мекеме басшылары, спорт жаттықтырушылары, мәдениет саласының қызметкерлері, Джакарта қаласында өткен Азия  ойындарында самбо күресінен алтынға қол жеткізген Ділдәш Күрішбаева сынды спортшылар жиналған жиынға қатысты. Шараны жүргізген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы! Жер жаннаты Жетісу өңіріне қош келдіңіз! Аталмыш Жолдауды жетісулықтар үлкен ықыласпен тыңдап, танысты. Жолдауды жан-жақты талқылап, қазіргі таңда оның іске асырылуына кірістік. Биылғы Жолдау осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Өздеріңізге белгілі, әлемдегі экономикалық және саяси жағдай күн сайын өзгеріп келеді. Бұл ретте Елбасы Жолдауындағы негізгі басымдықтар халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған»-деп өңірдегі экономика, құрылыс, ауылшаруашылығы сынды салаларда атқарылып жатқан игі істер жөнінде баяндады.

Алғаш боп сөз алған Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазіргі таңда елімізді дүние жүзі таниды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз өз мақсатымыздың биік межесін бағындырдық. Жаһандану заманында көш бастаған 50 мемлекеттің қатарына ендік. Қашанда халқымыздың әл-ауқаты, тұрмыс сапасы жақсы болуы керек. Осы орайда Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын жариялады»-деп саяси құжаттың маңыздылығы мен әр бағытқа тоқталып өтті. Сондай-ақ, спорт пен мәдениет саласындағы  биік белестер мен айдынды Алакөл  аймағының жетістіктерін атап өтті. Бұл аймақты одан әрмен дамытуға Елбасы бірқатар тапсырма жүктеп отырғандығын тілге тиек етті.

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Фото авторы А.Нұршанов

Бұдан кейін облыстық «Жетісу» телеарнасының басшысы Бейсен Құранбек сөз алып «Қала көрікті болса халықтың қуаттылығын, дала дарқан болса, елдің берекесін білдіреді. Жетісуда мұның екеуі де бар. Сәулетті нысандар бой көтеріп, тотыдай таранған Талдықорғанның көркі көз тартарлық. Даланың тірлігі оңды, өзіңіз айтып өткендей, қант қылшасын өндіруде рекордтық көрсеткіш көрсеттік. Ақсу мен Көксу қант зауытында қызылша тиелген көліктер қазіргі таңда кезекте тұр. Бұл диқандардың еңбегі, молшылықтың белгісін айғақтайды деп есептейміз.  Ауылшаруашылығынан басқа салалар да қарқынды дамыған. Елбасының соңғы келген сапарында міндеттеген тапсырмасының барлығы жүзеге асуда. Мұның бәрі Жетісу жерінде Президенттің идеясы төңірегіне топтасып, қоғамдық келісім мен ұлтаралық жарастықты сақтап, айрандай ұйып, берекелі тірлік кешіп отырғандығымыздың жемісі»-деп бұл сапардың Жетісу жұртшылығы үшін аса маңызды екенін айтты.

Фото авторы А.Нұршанов

Облыстық Олимпиадалық резерв дайындау орталығының директоры, еркін күрестен тұңғыш Олимпиада жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Мәулен Мамыров «Еліміздің одан әрі дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ең маңызды саяси оқиғалардың бірі Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы деп санаймын. Қазақстандықтар бұл игі істі жоғары ықыласпен қабылдады. Тұңғыш Президентіміз әрдайым өзінің жыл сайынғы Жолдауында спорт мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Бұған дейін Мемлекет басшысы бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың санын 30 % — ға дейін жеткізу туралы міндет қойса, биылғы Жолдауында өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің санын арттыруға  кезең-кезеңмен көшуді міндеттеді. Осы міндеттердің барлығы  халықтың ойы сергек, дені сау болу үшін барлық жағдай жасауға бағытталған. Елбасының тапсырмасын орындауда облыс басшылығы спорттық материалдық базаны нығайтуға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Мәселен облысымызда жаңадан ашылып жатқан спорттық құрылымдар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері саны жылдан жылға өсуде»-деп мұның барлығы жас спорт шеберлерін тәрбиелеуге зор мүмкіндік берерін айтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page