Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауы – еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін нақты жоспарға құрылған құнды құжат.

Елбасы елдік мұраттармен қатар, өңір­лердің тұрмыс-тіршілігіне де арнайы тоқ­талып, шынайы көңіл бөлген. Осы орайда, соңғы жылдардағы даму қарқыны ойда­ғыдай Талдықорған қаласы алдағы кезде одан әрі өркендей беретінін айтпақпын. Талдықорғанда Алматы облысының орталығы болып 2001 жылы құрылғаннан бері бірінші рет екі жаңа мектеп салынып, қолданысқа берілді. Жаңа нысандар мен сәулетті ғимараттармен толыққан облыс орталығында қазіргі кезде үлкен ғимараттардың іргесі қалануда. Қазіргі уақытта 300 орындық музыка мектебі салынып жатса, Республика көлемінде теңдесі жоқ Драма театрының құрылысы аяқталуға жақын.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет» деп бізге міндет артты. Бұл бағытта Талдықорған қаласында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Биылдың өзінде «Тұрғын­үй құ­рылысжинақбанкімен» арада­ғы әріп­тестік келісімi негізінде жалпы саны 562 пәтер болатын төрт үй берілсе, биыл тағы екі компания өз ұсыныстарымен шығып, қала әкімдігімен жұмыс істеуге ынта білдіріп отыр. Ал, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары және мемлекеттік қызметкерлер үшін бір коммунналдық, екі арендалық үй салып, кілттерін тапсырдық. Қазіргі күні 180 отбасы өз шаңырақтарының астында алаңсыз күн кешуде.

Елбасының «Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет» — деген сөзімен толық келісемін. Қазіргі уақытта бұл бағытта аянбай жұмыс атқарудамыз. Талдықорған қаласына қарасты ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің қолжетіділігін қамтамасыз ету мақсатында Еңбек ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасуда. Ал 60 жылдан бері қызмет етіп тұрған Еркін ауылындағы ескі дәрігерлік амбулаторияның орнында жаңа ғимарат салу мақсатында тиісті жобалық-смета құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлының мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігі жайлы айтқан сөзіне орай, қаладағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 97 %-ға жеткендігін хабарлаймын. Биылдың өзіне 3 балабақша ашып, бүлдіршіндер үшін 275 орын даярладық.

Қорыта келгенде, Елбасының саясаты мен алға қойған мақсатын жергілікті атқару орындарында жүзеге асыруға әрқашан даярмыз.

Талдықорған қаласының әкімі

Дастан Шалтабаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page