ДАСТАН ШАЛТАБАЕВ: «ҚЫЗМЕТІМДІ ҚАЛАНЫ АРАЛАУДАН БАСТАЙМЫН»

0
147
Талдықорған қаласының әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВ

Жұрт ішінде Жетісудың жүрегі деген жақұт тіркес бар. Тек Талдықорғанға телінетін теңеу. Республикадан ғана емес, алыс-жақын шетелден ағылатын қонақтардың өзі бұл қаланың төрт мезгілі тамылжып тұратын табиғатына таңданады. Жаздың бос уақытында Балқаш баратын, одан әрі Алакөл ағылатын меймандардың бәрі Талдықорғанды көктей өтеді. Тоғыз жолдың торабы да, саяхатшылардың саясы да осы жер. Тіпті, тарихтан термелесек, құдды бір кеңінен тыныстап алатын, жүрек жалғап, жан шақыратын баяғының берекелі керуен бекетіндей. Тарих дегеннен шығады, Алматымен бір меридианда қанаттаса жатқан қаланың іргесі қаланған уақытын «Гавриловкамен» тұйықтап қоюға тағы болмайды. Талдықорған қаласының әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВПЕН арада өрбіген әңгімеміз де күннен-күнге көркейіп, өсу мен өркендеу үстіндегі облыс орталығының арғы-бергі тарихын түгендеуден басталды.

— Дастан Тұрарбекұлы, жуырда Талдықорған қаласының туған күні жалпақ жұртпен бірге «Жастар» саябағында тойланды. Жасыратыны жоқ, ел Қала күнін ерекше өтті десіп жатыр.

— Рахмет. Қала күнін мерекелеу жоспары менің қызметке тағайындалу уақытыммен тұспа-тұс келді. Тіпті, кейбір шаралар бірнеше ай бұрын басталып кетті. Ел елеген еңбек – бірнеше айдан бергі тынымсыз жұмыстың жемісі. Бұл жетістікке әкімдік қызметкерлері, өнер ұжымдары, бір сөзбен айтқанда, бүкіл қала тұрғындары үлес қосты десем, артық айтқаным емес. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демей ме атам қазақ?! Той қарсаңында түрлі идеялар, түрлі ұсыныстар айтылды. Тойдың өту ретін, сценарийін, мереке аясындағы түрлі мәдени, рухани, спорттық шараларды кеңесе келе, ортақ шешіммен бекіттік. Егер ел осылай баға берсе, еңбегіміздің еленгені, бірнеше айдан бері тер төккен жұмысымыздың нәтижесі деп есептеймін.

— Сол тойда ақпарат құралдары қалаға 149 жыл толғанын жарыса жеткізді. Біз Талдықорғанның тарихына қиянат жасап, тұйықтап қойған жоқпыз ба? Бір кездері Алматы қаласын «Верныймен» шектеген шулы әрекеттің соңы археологиялық қазбалармен дәлелденіп, шаһардың мың жасағаны мойындалып еді.

— Сөзіңіздің жаны бар. Ертеректе оқыған деректерде Талдықорған қаласының іргетасы 1868 жылы қаланған деп жазылған еді. Қазір 1869 жыл деп көрсетіліп жүр. Демек, келер жылы біздің қалаға 150 жыл толмақ. Бұл, әрине, сіз айтқандай, шаһар тарихын шолақ етіп көрсетуі мүмкін. Алғашында «Гавриловка» атты ауыл пайда болған. Ал 1920 жылы іргелі елді мекенге Талдықорған атауы қойылған. 1944 жылы Талдықорғанға қала статусы берілген. Қазіргі қолда бар нақты деректер осы ғана. Шынтуайтына келсек, қазақ даласындағы әр төбенің өз атауы, қалыптасу тарихы бар. Кешегі кеңестік кезеңде, одан арғы ақ патша заманында шетелден келген зерттеушілер көшпенділердің өмірін жете түсінбей, дала тағыларына теңегені белгілі. Мұндай ойдағы адамдар, әрине, Ұлы Даланың тауы мен тасын түсінбейді. Жергілікті елдің сөзіне тілдері келмей, жаңалық ашқандай әр ауылға жаңа айдар тағып қояды. «Гавриловка» атауы да осындай жағдайда таңылған шығар деген ой жоқ емес.

Тағы бір деректерде бұл маңда бұрынырақта Талды, Талдықорған қыстауы болғандығы айтылады. Алысқа бармай-ақ, қазіргі қалаға қарасты Үйтас, Шайқорған шағынаудандарының атауын алайықшы. Қайдан шықты деп ойлайсыз? Үйтас та, Шайқорған да бағзыдан қолданылған тарихи сөздер емес пе? Сондықтан, қаланың тарихын індете зерттеу үшін әлі де археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл мәселені мен ақсақалдар алқасымен кездесіп, әңгімелескен кезде көтергенмін. Қаланың арғы-бергі тарихын терең білетін қариялар бұл бастамама қолдау көрсететіндерін айтты.

Алдағы уақытта Ә. Марғұлан атындағы Археология инситуты өкілдерін шақыртып, Талдықорған қаласының аумағына қазба жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысты талқылау керек. Осы институттың ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арнабай Нұржановпен кездесіп, осы мәселені жан-жақты пысықтау жоспары ойда бар. Ғаламтордағы кейбір жазбаларда Талдықорған маңайынан осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйектері табылғандығы жайлы мәліметтер кездеседі. Әрине, мұның бәрін келешекте ғылыми негізде анықтау қажет.

— Талдықорғанға аяқ басқан мейманның бәрі тазалығын айтып тамсанады, сұлулығын сөз етіп сүйсінеді, табиғатын әңгімелеп таңдай қағады. Облыс орталығына алғаш келген кезіңізде сіз де осындай әсерде болдыңыз ба?

— Талдықорған, аты айтып тұрғандай, жасыл желекке оранған қала. Ең алғаш келген кезім де күні кешегідей есімде. 2001 жылы Алматы облысының орталығы көшіп келгенде мен сол көште болатынмын. Ол уақытта қала қаңырап тұрды. Жылу берілмеген. Қираған үйлер көп болатын. Санаулы көшелерде ғана бағдаршам істейді. Ақиқатын айтқанда, қаланың құрылысы, қыңыр-қисық нысандар адам бойына қорқыныш ұялататын. Бірақ тамаша табиғаты, жап-жасыл көшелері көңілге шабыт берді. Одан бері 17 жыл өте шықты. Былтырғы мен биылды салыстыруға келмейді. Былтыр дейміз-ау, қазіргі таңда Талдықорғанның әрбір күні, тіпті, әрбір сағаты бір-біріне ұқсамайды. Бүгін бір көшеге асфальт төселіп жатса, ертең жаңа бір даңғыл ашылып жатуы мүмкін. Күрделі жөндеуден өткен, жаңадан бой көтерген зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер қаншама?!

Иә, Талдықорғанның табиғаты өз алдына бір бөлек әңгіме. Тамсанбау мүмкін емес. Ежелден Көксу мен Қаратал өзендерінің ортасына орналасқан жанға жайлы жер. Талай ғасырдан бері бұл аралық қазақтардың қыстауы болған. Ата-бабамыз жылдың төрт мезгілінде көшкен ғой. Әр төбешіктің, әр тастың қадірін білген. Жердің өзіне құрметпен қарағанын айтсаңызшы. Жердің құнарын кетірмес үшін көшіп, үнемі қоныстарын ауыстырып отырған. Нәтижесінде, Ұлы Даланың тазалығы сақталған. Тазалық болғанда қандай! Қазіргідей заңмен бекітіліп, қағазбен көрсетілмесе де адамдардың ауызша тараған әдеп-жарғыларды қатаң ұстанғанына таңғаласың. Ол кездегі адамдардың ішкі мәдениеті жоғары болғаны соншалықты, көшкеннен кейін қалатын орнын да тап-тұйнақтай етіп тазалап кеткен. Яғни, жұртының өзін жинап кететін болған. Мен әр жиында, тұрғындармен кездесуде, туған-туыстың ортасында қазақ халқы қай кезде де көшкен жұртының орнын шашып кетпеген деп бабаларымыздан мысал келтіріп, айтып отырамын. Көрдіңіз бе, тазалық сақтау қазақтың таным-түсінігінде, мәдениетінде бар рухани құндылықтардың бірі. Бұл жағынан Талдықорған тазалығымен республикаға үлгі көрсете алады.

Ата салтымыздан мысалдар тізбелесек, қазір екеуміз таңды атыруымыз мүмкін. Бұрынғы апа, әжелеріміз, аналарымыз кірдің суын көрінген жерге төкпеуші еді ғой. Кірдің суын шашқан адам сөгіс еститін. Міне, мұның өзі табиғатты қадірлегеніміз, қоршаған ортаны таза қалпында сақтағанымыз емес пе?! Балалық шағымызда осындай тыйымдарға реніш білдіріп, өзімізше күйіп-пісуші едік. Қазір ойласақ, бәрі де салтымыздың, ұлттық дәстүріміздің бір тармағы екенін түсініп жатырмыз. Мәселен, қазақта «Тырнағы өскеннің өзі кәпір, шашы өскеннің ауылы кәпір» деген мәтел бар. Қаншама мағына жатыр осы сөзде?! Тазалыққа бір ғана адам емес, бүкіл ортасы, ауылы жауапты екенін меңзеп тұрған жоқ па?

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда біз теңдесі жоқ ұлттық таным-түсінігімізден қол үзіп барамыз. Жаһанданудың кері әсері тиіп жатқаны жасырын емес. Салтымызға салғырт қарағандықтан қоғамда түсініспеушіліктер, келеңсіз жайттар орын алады. Кейде аяқтың астында шашылған қоқысқа қоғам кінәлі екенін ұмытып кетеміз. Қоғам – сіз бен біз. Қоқысты өзіміз шашып-төгіп аламыз да жинауға келгенде қалалық әкімдік қайда қарап отыр деп байбалам саламыз. Мұндай әрекетті мәдениетке жатқыза алмаймыз. Салтымызға мүлдем кереғар. Осындайда әлмисақтан жеткен ұлттық мәдениетіміз, жұртымызға дейін таза ұстайтын әдебіміз қайда кетті, неге одан айырылып барамыз деп қапаланатынымыз рас.

— Талдықорғандықтарды қала әкімінің жұмыс кестесі қызықтырады. Оның үстіне, әкімдік қызметкерлері жайында осылар жұмсақ жерде, жылы ғимаратта отырғаннан басқа не істейді екен деген дөрекі, дәлелсіз әрі сауатсыздау пікір айта салатындар да баршылық. Күнделікті жұмыс кестеңіз қандай?

— Қандай қызметтің болсын өз қиындығы, сонымен бірге, жауапкершілігі бар. Талдықорған қаласының әкімі қызметіне тағайындаған кезде облыс басшысы Амандық Баталов бірнеше нақты тапсырма жүктеген болатын. Коммуналдық жүйені жаңғырту, қаланың тазалығын ретке келтіру, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары бойынша қордаланған мәселелерді шешуімді тапсырды. Әкімнің әр күні жоспарға толы. Шындап келгенде, мемлекеттік қызметкердің өмірі мемлекеттік жүйемен сабақтаса өріледі. Сондықтан, бар күш-қуатымызды, білім-білігімізді халық пен мемлекет жолына арнаймыз.

Қазір қыр астында қаһарын шашып қыс мезгілі тұр. Жұмыс өте көп. Күнделікті әкімдік қызметім таңертең сағат 8:00-ге дейін қаланы аралап шығудан басталады. Ал түс әлетінде газет-журналдарды оқып, ғаламтордағы жаңалықтармен танысуға уақыт бөлемін. Сонымен бірге, электронды поштамды, әлеуметтік желідегі парақшамды бір шолып өтіп, келген хаттарды, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-тілектер мен мәселеге толы жазбаларды қарап, шешімін тиісті салаларға тапсырамын. Ал кешкісін қаланы қайта аралап шығып, таңертең айтылған сын-ескертпелерімнің орындалу барысын, нәтижесін көремін.

Ел іші болған соң түрлі пікірлердің айтылатыны заңдылық. Десек те біреу шын сынайды, ал енді біреу орынсыз мінейді. Бірақ халықтың әрбір сөзі, пікірі мен үшін маңызды. Кез-келген тұрғынның ұсынысы мен ойын, пікірін тыңдауға, айтқан мәселелерін өз ретімен заң аясында шешіп беруге әзірмін.

— Тұрғындар сіз келгелі коммуналдық шаруашылық саласында, инженерлік желілерде, көшелерде, жабайы саудамен күрес жүргізуде оң өзгерістер болғанын айтып, ризашылықтарын білдіруде. Сіз қызметке кіріскен төрт айдан аса уақыттағы толымды жұмыс нәтижесін өз аузыңыздан естісек.

— Әлі де атқарылар шаруалар ауқымды. Елбасының өткенде ғана халыққа арнаған кезекті Жолдауы тың міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, ең төменгі жалақыны өсіру, Жастар жылына дайындық, сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасын жүргізу жұмыстарына басымдық берілді. Мен жаңа лауазымға тағайындалғанда ең бірінші коммуналдық шаруашылық жұмысын жандандыруға көңіл бөлдім. Бұл сала халыққа ең керектісі әрі қордаланған мәселелер де жеткілікті еді. Одан кейін «жабайы сауданы» жөнге келтіруді қолға алдық.

Алдымен көзге түскені – үлкен киім-кешек дүкендерінің маңайына жаппа тігіп алып, өз бетімен сауда-саттық жасайтындар. Былайша айтқанда, «жабайы саудамен» шұғылданатындар қаладағы реттілікке, мәдениетке нұқсан келтірген. Бұл орайда айта кетейін, әрбір сатушыға жабайы саудамен айналыспа деп оларды қуу мақсат етілген жоқ. Керісінше, тұрғындардың қауіпсіздігін ойластырдық. Аты айтып тұрғандай, жабайы сауда кезінде бір келеңсіз жағдай бола қалса, ертеңгі күні кім жауап береді? Сондықтан, бірінші кезекте Гауһар ана көшесінің бойын түгел мемлекет меншігіне алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір барып қараңызшы, ығы-жығы болып жатқан Көк базардың, «Алматы», «Астана» сауда үйлерінің маңайы ретке келіп қалды. Қарасаң көз тояды. Жаңа жол, жаңа тротуар төселіп, көлік кептелісі де біршама азайды. Болашақта Гауһар ана көшесімен көліктер екі бағытта жүреді. Биыл жыл соңына дейін 21 көшені ретке келтіреміз. Қазірдің өзінде оның тең жартысы аяқталды.

Қалаға былтыр «көгілдір отын» келді. Бұл – үлкен қуаныш. Алайда газдың игілігін көру үшін алдымен сапалы әрі тиянақты құрылыс жұмыстарын жоспарлау қажет. Газ құбырларының тартылуына байланысты қаншама көшенің асфальт жабындыларына нұқсан келді?! Мұның бәрі назарда, үнемі бақылауда. Құрылыс жүріп жатқан жерде кейде кемшілік те болады. Газ желілері жердің астымен өткендіктен кейде ағаттық жіберген жерлерін қайта қаздыруға мәжбүрміз. Тапсырыс беруші облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы болғанымен біз қоян-қолтық жұмыс істеп отырмыз. Бұдан бөлек, тозығы жеткен инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары бар. Қысқы жылыту маусымына дайындық өз алдына қыруар шаруаны талап етеді. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарасаңыздар екен деген өтінішімді айта кетпекпін.

Қазіргі кезде тағы бір өзекті мәселе – жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл – аудан немесе ірі елді мекен емес, облыс орталығы. Қалаға төңіректен жұмыс іздеп келетін жастар баршылық. Талдықорған әр сала бойынша жұмыс табылатын ірі қалаға айналуы керек. Бүгінде қалада үш өндіріс орны ашылды. Екі кәсіпорынға кеңейту жұмысы жүргізілді. Барлығы 3144 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл былтырмен салыстырғанда біршама жоғары. Осы бағытта тағы да жұмыс орындарын құруды жобалап отырмыз. Сондай-ақ, шаһарда кеңес дәуірінде бой көтерген көнетоз тұрғын үйлер көп. Ондай үйлерді де күрделі жөндеуден өткізіп, аулаларын абаттандыруымыз қажет. Солтүстік-батыс аймақтағы жеке тұрғын үй секторы да адам танымастай өзгеруде. Жаңа мектеп ашылды. Сол мектеп орналасқан Ә. Әлімжанов көшесі түгел жөндеуден өткізілді. Жап-жарық шамдары бар 97 электр бағаны орнатылды. Қазір ол көшеде түн мен күнді ажырату қиын. Сол сияқты басқа көшелерге де заманауи жарық электр шамдары қойылуда. Қал-қадірімше алдағы уақытта қаланың барлық саласына басымдық беріп, тұрғындардың өмір сүруіне ең қолайлы шаһар жасауға бар күш-жігерімді саламын.

— Дастан Тұрарбекұлы, Талдықорған қаласының әкімі деген лауазым сізге қандай жауапкершілік жүктеді? Әкімдікке дейінгі және кейінгі ойларыңызбен бөлісе отырсаңыз. Толқу, қобалжу сезімдері болды ма?

— Болады ғой. Біз алдымен адамбыз, одан кейін мемлекеттік қызметкерміз. Тұрғындары тату-тәтті, табиғаты тамылжыған осындай қалаға әкім болу – бұл да маңдайыма жазылған бақ. Тағайындалғанымыз кеше ғана сияқты еді. Уақыттың жылжуы көзді ашып-жұмғандай әсер қалдырады екен. Әдетте әкімдер арасында жаңа тағайындалғаннан кейін жан-жағыңмен танысуға бірнеше ай кетеді деген түсінік бар. Бірақ менде олай болмады. Апта ішінде-ақ қызметіме үйреністім. Бұл, әрине, жанды қолдау білдірген, күнделікті қоян-қолтық жұмыс істейтін білікті кадрлардың арқасы шығар деп есептеймін.

Талдықорған облыс орталығы болғаннан кейін қойылар талап та жоғары. Облыстағы басқа елді мекендер осы Талдықорғанға қарап бой түзейді. Республикадан, алыс-жақын шетелден келетін қонақтар да өте көп. Жер жаннаты Жетісу десе, ең алдымен, Талдықорған қаласын елестетеміз. Қаланың осындай артықшылықтары маған бір шетінен рух берді. Өз-өзіме де, жан-жағыма да талапты күшейтіп, бейнелеп жеткізгенде, жаңа жұмысқа бел шеше кірістім. Алғашында осы қалаға қалай еңбегімді сіңіремін, неден бастаймын деген сауал төңірегінде көп ойландым. Осы сұрақтың жетегінде қобалжыдым да, ойландым да, толқыдым да. Бірақ сасқан жоқпын. Халықтың әлеуметтік жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен жете танысқан соң жұмысымды бастап кеттім.

Мемлекеттік қызметкер бәріне дайын болуы керек. Оған қандай жұмыс сеніп тапсырылды, соны абыроймен атқара білу – міндет. Бірінші кезекте сол өңірдің патриоты болу, өзің басқаратын жердің тұрғындарына жайлы жағдай жасау басты борышың саналады. Мен, мысалы, Талдықорған қаласына әкім боламын деп ойлаған жоқпын. Сол сияқты бұған дейін облыстық құрылыс басқармасының басшысы, бас сәулетшісі, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары сияқты қызметтерге тағайындалғанда да жауапкершілікті басты орынға қойдым. Қандай жағдайда да артылған сенім үдесінен шығу, халық үшін қызмет атқару басты міндетім болып қала бермек.

— Дұрыс айтасыз. Талдықорғанның тағы бір ерекшелігі – Алматыдай алып мегаполиске жақын орналасуы. Оның үстіне, жаңа автодәліз ашылғалы тіпті жақындай түсті. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым қалаға келген бір сапарында: «Алматы – Талдықорғанның соры», – деген пікір айтып еді. Бұл сөздің жаны бар ма?

— Астарын түсініп отырмын. Талдықорған Алматының көлеңкесінде қалып қояды дегенді меңзеп тұр ғой. Басқа облыс орталықтарына қарағанда Талдықорған Алматыға ең жақын қала екені рас. Әрі жол жақсы болған соң сенбі-жексенбі күндері Алматыға ағылатын халықтың қарасы көп. Олардың бірі сауда-саттық үшін, бірі тұрмыстық бұйымдарын алуға, бірі құрылыс заттарын әкелуге барады. Түрлі себептер бар. Әрине, біздегі сауда үйлері Астана мен Алматыдағыдай тұрғындар талабынан шыға алмауы мүмкін. Бәлкім, таңдау мүмкіндігі аздық ететін шығар? Бұл жерде тұрғындарды кінәлаудың қажеті жоқ. Мәселе Талдықорғанды кәсіпкерлерге қолайлы, жан-жақты дамыған, барлық керек-жарақ табылатын қалаға айналдыруда жатыр. Жаңа жұмыс орындарын ашып, орта және шағын бизнесті дамыту жұмыстарын қазірден қолға алдық.

Мына нәрсені баса айтқым келеді – Талдықорғанның болашағы Алматыдан бір де кем емес. Халықтың бәрі бірдей. Қаламыздағы Тәуелсіздік, І. Жансүгіров даңғылдарын алайықшы. Алматының орталықтағы даңғылдарынан қай жері кем? Қазіргі таңда Алматы қаласында да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, қоғамдық көліктерге қолайлы жағдай жасап, көшелерді бір бағытқа өзгертіп жатыр. Бізде де мұндай жұмыстар атқарылып жатқалы қашан?! Қаланың шығысындағы Алматы – Өскемен автожолы өтетін аймақты алайық. Оның бер жағында жергілікті халық «Пентагон» атап кеткен бульварды қараңыз. Қаратал өзеніндегі жағажай бойымен кешкілік серуендеп көріңізші. Кезінде бұл жерлер қандай еді? Құрылыс қоқыстары, тас үйінділері әр жерде төбешік болып үйіліп жататын. Ал енді қаланың оңтүстік-батыс ауданы адам танымастай өзгереді деп кім ойлаған? «Жастар» саябағы, Салтанат сарайы, Көрме кешені, Жастарға қызмет көрсету орталығы – бәрі бірінен-бірі асатын сәулет нысандары. Оған бірнеше үйірмесі бар, балаларға арналған түрші шаралар ұйымдастырылатын Оқушылар сарайын, таяуда ашылатын театрды қосыңыз. Биылдың өзінде 1200 орынды екі мектеп ашылды. Оның бірі – алтыншы, жетінші және сегізінші шағынаудан тұрғындарына арналған № 28 IT бағытындағы мектеп-лицейі. Екіншісі солтүстік-батыс ауданнан ашылды. Оған алты бірінші сынып оқушылары қабылданды.

— Өзіңіз айтпақшы, қалаға келетін қонақтар көп. Талдықорғандықтардың өздері де демалыстарын көңілді, қызықты өткізгісі келеді. Балалар да, үлкендер де баратын ең ірі ойын-сауық кешені – «City Plus». Облыс орталығына бұл аздық етпей ме?

— Қаланы көркейту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау сауда ошақтарын ретке келтіруден басталады. Өйткені, халық көп баратын орын да осындай көпсалалы кешендер. Сіз айтып отырған кешен ертеректе ашылған. Шынымен де, халық демалысында сол бір ғана жерге барып, балаларын ойнатып, өздері де көңіл көтеріп қайтады. Бір жағынан, бұл кешен Қараталдың жағасына жақын жерде орналасқан. Шыға қалған тұста өзен ағып жатады. Адамға ерекше әсер сыйлайды.

Бүгінде осындай кешенді қаланың оңтүстік-батыс ауданында ашсақ деген арнайы жоспарымыз бар. Болашақта ашылатын үлкен кешенді жеке инвестор салады. Талдықорғандықтарды қуантып қояйық, жаңа кешен Д. Қонаев және Ж. Балапанов көшелерінің қиылысына, ескі және жаңа ықшамдаудандардың аралығына тұрғызылады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары жүруде. Жеке инвесторлар жобаларын дайындаған соң бізге көрсетеді. Содан кейін бірлесе талқылап, бекітетін боламыз.

— Қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Шаһар жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлерімен қанат жайып келеді. Баспана бақытына кенелген отбасыларын көріп, біз де жүрегіміз жарылардай қуанамыз. Әсіресе, жастардың баспанаға қол жеткізіп жатқаны ел экономикасының дамығанын көрсетпей ме?

— Жөн айтасыз. Қазір Елбасы тапсырмасымен жастарға көңіл бөлінуде. Оларға артылған сенім де зор. Президент биылғы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялауы да тегін емес. Кеңес кезінде, тіпті бертінге дейін жас мамандардың пәтермен қамтылуы қиынның қиыны еді. Қазір олай емес. Барлық мүмкіншілік бар. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салымдар салу, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану кез келген тұрғынның баспаналы болуын жақындата түседі. Биылдың өзінде 60 пәтерлі үш тұрғын үй пайдалануға берілді. Барлығы 180 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді.

Баспана бақыты бұйырғандардың қатарында биыл 100 жылдығы мерекеленген «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің алты тілшісі бар. Жоғарыда айтып кеткенімдей, қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Мұның да тиімді тұстары жеткілікті. Алғашқы тоғыз айдың өзінде Талдықорған қаласында 55,9 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 пайызға көп. Оның ішінде халықтың қаражаты есебінен 49,2 мың шаршы метр үй тұрғызылды.

— Сізді сыртыңыздан салауатты өмір салтын серік етеді деп естідік. Қандай спорт түрімен шұғылданасыз?

— Бұрынырақта күреспен айналыстым. Мемлекеттік қызметте спортқа көңіл бөлуге уақыт аз, шыны керек. Орайы келгенде балалармен, інілеріммен футбол ойнап тұрамын. Қала тұрғындарына да спорттың барлық түрімен шұғылдануға жағдай жасауымыз керек. Бұл орайда күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Өркен» спорт кешенін айтсақ та жеткілікті. Ал күнделікті таза ауамен серуендеп, велосипед тебетіндер үшін бірқатар көшеге арнайы тротуарлар салдық. Бүгінде велосипед жолдары І. Жансүгіров, Н. Алдабергенов, Ж. Балапанов, Ә. Әлімжанов көшелерінде, сондай-ақ, Астана, Қ. Жалайыри даңғылдарында бар. Қаратал жағалауындағы велосипед жолы 1,5 шақырымды құрайды. Керемет емес пе?

— Әлбетте! Газетіміздің мың сан оқырманына отбасыңыз жайлы да айта отырыңыз. Әкімнің әкелік мейірімі кім-кімге де қызықты ғой.

— Балаларым қалалы жерде туып-өссе де, қазақшаға жетік. Алланың берген бір ұл, бір қызы бар. Екеуі де биыл орта мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түсті. Қазір студенттік өмірдің қызығына батып, бірінші курста жүр. Қызым облыс орталығы Талдықорғанға көшіп келген кезде небәрі бір жаста еді. Ал ұлым айлық сәби еді. Міне, екеуі де студент болды. Екеуіне қарап өзімнің балалық шағым есіме түседі. Ата-анамыз бізді біреудің ала жібін аттамауға үйретті ғой. Меніңше, барлық ата-ана осылай тәрбиелесе керек. Бір ғана «өтірік айтпа» деген тыйымның өзі бүкіл өмірімізге азық болады екен. Біз де студент атандық. Жұмысқа тұрдық. Қай салада жүрсек те ата-анамыздың тәрбиесімен өтірік айтпауға дағдыландық. Сол тәрбиені балаларымызға сіңірдік. Балаларымды ауыл өмірінен алыстатқан емеспін. Ұлымды демалыста атасының үйіне жіберемін. Атасының шаруашылығына барып, қолғабыс жасайды. Жайлауға барады. Табиғатпен, аңдармен танысып, суретке түсіреді. Таза ауамен тыныстайды. Жылда осы үрдіс жалғасады. Бұл да тәрбиенің бір тармағы емес пе?

— Әлеуметтік желіге жиі кіріп тұрасыз ба? Қандай басылымдарды оқисыз?

— Жиі кіремін деп айта алмаймын. Бірақ арнайы жеке парақшам бар. Онда өзім отырамын. Күнделікті жаңалықтармен сайттар арқылы танысамын. Қазір газеттің қағаз нұсқасынан гөрі сайттағы ақпараттары тез жетеді. Республикалық, облыстық басылымдардың бәрін оқимын. Ал әлеуметтік желідегі парақшама қала тұрғындарынан көп хат түседі. Қолым қалт еткенде кіріп, поштаға түскен хаттарды да қараймын. Көпшілігі – әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер. Ауламызға көңіл бөлесіз бе, көшеміз тозып кетті деген ауандағы хаттар жеткілікті. Мен олардың бәріне ретімен жауап беремін. Сондай-ақ, шешілу жолына назар аударамын. Әрине, бұл шаруалардың бір күнде шешіле салмасы белгілі.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан — Қуаныш ТҰНҒАТАР.

Материал Жетісу газетінің сайтынан алынды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here