Дастан Шалтабаев: «Бізге тұрғын үй салу үшін жеке инвесторларды көбірек тарту қажет»

0
139

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған еді. Осы орайда Талдықорған қаласының әкімдігінде арнайы актив жиыны өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz.

Аталған басқосуға қалалық мәслихат хатшысы, ауылдық округтердің әкімдері, мәслихат депутаттары мен саяси партиялардың өкілдері, құқық қорғау органдарының, қалалық басқарма, бөлімдер басшылары, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде Жолдауды түсіндіру және белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы  міндеттерді анықтау жағы қарастырылды.

 

Жиын барысында Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Елдар Сапаров, №1 мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Кравченко Олесе Петровна, Грек-рим күресінен ересектер арасында Әлем чемпионы Ербол Қоңыратов және «Бағдаулет — Төлепберген» ауылшаруашылық – өндірістік кооперативінің директоры Сәпи Төлепбергендер кезекпен ортаға шығып, Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатын қолдайтындықтарын жеткізді. Жолдауда айтылған маңызды міндеттерді атқаруға барынша күш саламыз деп тарқатты.

Осыдан кейін сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев актив жиынын қорытындылай келе Президент Жолдауында атап көрсетілген әр сала бойынша жүйелі жұмыс жасау керектігін тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көтеруді тапсырды. Осыған байланысты, қала әкімінің орынбасары Т.Қыдырәлиевке қаладағы ең төменгі жалақы алушылардың санын есептеп, бюджеттен тиісті қаражат қарастыруды тапсырамын», — деді Д.Шалтабаев.

Сонымен қатар коммуналдық тарифтерді қолайлы жүйеге келтіріліп, осы бағыттағы жұмыстар қала әкімінің орынбасары М.Көлбаевқа тапсырылды. Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары С.Арзанбековаға Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты  көтерілген тапсырмаларды іске асыру жүктелді.

Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында жасалған «7-20-25″ бағдарламасын жандандыру жағы да сөз болды. «Бізге тұрғын үй салу үшін жеке инвесторларды көбірек тарту қажет. Сондай-ақ, жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселелері қарастырылсын. Әсіресе бұл бағдарламаның шарттарын жас отбасылар өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін пайдаланулары керек», — деді шаһар басшысы.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жергілікті маңызы бар және қалаішілік жолдардың құрылысы мен жөндеуге үстіміздегі жылы 3,7 млрд.теңгеге дейін қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылмақ. Қала әкімі осы бағыттағы жұмыс келер жылы да жалғасын табатынын айтты.

Одан бөлек, Дастан Тұрарбекұлы  индустрияландыру, қоғамдық тәртіп, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру сынды күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге жекеше тоқталып, ондағы атқарылуға тиіс мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

«Қымбатты жерлестер! Елбасымыз әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Біз Жолдаудағы міндеттерді іске асыру бойынша барлық нақты шараларды қабылдадық. Енді жұмыла жұмыс істейік», — деп түйіндеді әкім.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here