Алматы облысында 26 жаңа мектеп салынады

0
120
Амандық Баталов

Бүгінде Алматы облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, егін және мал шаруашылығы тағы басқа да әлеуметтік салаларды дамыту ісі қарқынды. Дей тұрғанмен, жыл сайынғы халық санының артуына байланысты үш ауысыммен оқитын мектептер саны әлі де азаймай келеді. Осыған байланысты, алдағы уақытта Жетісу өңірінен 26 жаңа мектеп салынып, 100 мың адамның жалақысы  өсірілмек.

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінде өткен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын талқылауға арналған актив жиынында аймақ әкімі Амандық Баталов айтты. Талдықорғандағы әр саланың  басшылары мен аудан, қала әкімдері бас қосқан жиында сөз алған  Амандық Ғаббасұлы:  Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздегі барлық саланы жан-жақты дамытуға тың серпін береді. Соның ішінде Президент сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, білім саласындағы кейбір олқылықтарды түбегейлі жойып, қалың ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруге  баса мән беруді тапсырды.  2019 жылы біз бірнеше ауысыммен оқитын мектептер санын азайту үшін жаңа мектептер салуды бірден қолға аламыз. Қазіргі кезде 15 білім шаңырағының құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаражат көздері қарастырылуда. Оған тағы 11 білім ғимаратының құжаттарын қосып дайындауды тапсырамын. Сонымен бірге баспана мәселесі де басты назарда. Бұл бағыттағы жұмыстарды қолдауға 2 млрд теңге қаражат бөлініп, шамамен 500 мың  шаршы метр қолжетімді тұрғын үй салынатын болады» -деді.

Еске сала кетсек, өткен  2017 жылы аймақта 33 жаңа мектеп салынып, ел игілігіне берілген. Соның өзінде өңірдегі жан санының артуына байланысты үш ауысыммен сабақ беретін білім шаңырақтарының саны 30-дан асады. Бұған жыл сайынғы тұрғындар санының артуы басты себеп. Мысалға, Жетісу жерінде жылына 50 мың нәресте дүниеге келеді. Міне, бұл әр жылғы мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар қатарын толықтыруда, – дейді өңір басшысы.

Басқосуда бірқатар мекеме басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері  жеке-жеке сөз сөйлеп,  халық қамы үшін жасалған Жолдаудың басым бағыттарын тілге тиек етіп, өздерінің өзекті ойларын ортаға қойды.  Жиынды қорытындылап, аймақтағы әрбір атқамінер азаматтарға міндеттер жүктеген Амандық Баталов: «Жолдауды халыққа жеткізу арнайы құрылған ақпараттық насихат топтарының жұмысы. Ал, оны іске асыру – жергілікті атқарушы органдардың маңдайалды міндеті. Сондықтан апта сайын тындырылған істер бойынша өңірдегі әр аудан, қала әкімдері мен мекеме басшылары есеп беріп отыратын болады» –деп қадап айтты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here