Билік пен халық арасында алшақтық болмауы тиіс

0
151
Серікбай Нұрғисаев

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне осы күнге дейін 40-тан астам өтініш келіп түскен. Оның басым көпшілігінде халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайына қатысты тың сауалдар қойылса, кейбірінде құқықтық көмек көрсетуді сұрағандар да бар. Бұл туралы Талдықорған қаласында өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған  «Мемлекеттік қызметтің жаңа кезеңдегі сипаты» атты баспасөз мәслихатында департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев айтты.

Басқосуда сөз алған Серікбай Өрікбайұлы: «Елбасы өзінің 5-ші қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі», — деп атап көрсетті. Міне, бұл әрбір қызметшіге жауапты міндеттер жүктеп, билік пен қарапайым халықтың арасындағы алшақтықты жойып, көпке сапалы қызмет көрсетуді үндейді» – деді.

 Айталық,  жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінде халықпен сапалы және шұғыл кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын жүзеге асыруда. Бұл байланыс жүргізу жүйесінің тағы бір тиімді моделі — арнайы құрылған бақылау тобы бар. Оған кез-келген  азамат белгілі бір мәселе бойынша өтініші мен талап-арызын табыс етіп, не болмаса шұғыл кеңес алуға құқылы. Сондықтан,  азаматтар аталған топтың мүшелеріне қалаған мезгілде  хабарласа алады. Сонымен қатар, облысымызда «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтар жұмыс атқаруда. Олар ел арасында «Көшпелі қабылдау пункті» ретінде қызмет етеді. Қазір жұмыс нәтижесі көріне бастады. Азаматтар сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстап, сақтықпен қарайтын деңгейге жетті» дейді департамет басшысы. Басқосу соңында Серікбай Өрікбайұлы БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап беріп, мемлекеттік қызмет – маңызды міндет екенін қайталай еске салды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here