Ыстықкөл халқымен ынтымақтастық артады

0
60
Амандық Баталов

Алматы облысына көрші Қырғыз елінен арнайы делегация келді. Олар екі елдің мемлекет басшылары қол қойған келісімдерге байланысты достық барыс-келісті нығайтып, сауда-саттық көлемін барынша арттыруға ниетті. Алдымен облыс орталығы Талдықорғанға ат басын тіреген айыр қалпақты ағайындарды аймақ әкімі Амандық Баталов қабылдады.

Амандық Баталов

Басқосуда киелі Жетісу жерінің тамаша табиғатын, тарихи орындарын, экономикалық дамуын жан-жақты таныстырған Амандық Ғаббасұлы: «Қазақ– Қырғыз ежелден бауырлас әрі көрші ел. Жер жиегі Алматы облысымен 533 шақырымға дейін шекараласады. Шығыс бөлігінде Кеген – Қарқара шекара бекеті болса, батыс аумағында Қордай өткелі бар. Жалпы, Алматы облысында  2 миллионнан астам халық тұратын аграрлық және өнеркәсіптік аймақ. Құрамына 17 аудан 3 қала енеді. Инвестициялық әлеуеті де жоғары. Қазір аймақта ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс салалары қарқынды даму үстінде. Сіздер де Ыстықкөл, бізде Балқаш пен Алакөл және көптеген қасиетті жерлер бар. Ал, ортада еліміздің ірі сауда орталығы саналатын әсем Алматы қаласы тұр. Осының барлығы Алматы және Ыстықкөл облыстарының өзара  ынтымақтастығын арттырып, өңіраралық қатынасын дамытуға  мол мүмкіндік береді» – деді.

Ақылбек Оспаналиев

Осыдан соң Қырғыз Республикасы Үкіметінің Ыстықкөл аймақтық өкілі Ақылбек Оспаналиев облыс әкімі Амандық Баталовтың сый-құрметіне, ізгі ілтипатына өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол: «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген. Біз көрші екі ел арасында жасалған мемлекеттік келісімдерге сәйкес, қос аймақтың ынтымақтастығын арттырып, экономикалык қуатын еселеуге мүдделіміз. Мәселен, біздің Ыстықкөл облысына бес аудан қарайды. Басты бағыты ауылшаруашылығы мен туризм саласы. Соның ішінде алма, алмұрт, өрік, жүзімнің түр-түрі өсіріледі.  Жылына қазақ еліне 30 мың тонна алма өткізуге қауқарлы. Бағасы да арзан. Сапасы да жоғары. Өткен 2017 жылы Қазақстанға 300 мың тонна алма экспортталды. Алдағы уақытта осы өнімдерді өткізу көлемін бұдан да көбейтуді көздейміз. Сонымен бірге ет, сүт, бал  тағы басқа да табиғи әрі таза өнімдерді саудалау жоспарда бар. Туризм саласын дамыту да басты назарда. Біз бұрынан туысқан халықпыз. Сондықтан сіздермен әрқашан бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз» – деп тұжырымдады.

Кәрім Көкірекбаев

«Елдестірмек елшіден». Кездесу барысында екі елдегі екі аймақтың басшыларының ортақ келісімімен, өңірлерді өркендетуіне ұйытқы болған Қазақстанның Қырғыз еліндегі елшісі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, жалпы іске асырылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Кәрім Нәсбекұлы: «Бүгінде Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы достық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде. Сауда-саттық, барыс-келіс мәселелері де жан-жақты шешілген. Мұндай игілікті істерге қос мемлекет басшыларының сындарлы саясатының нәтижесінде қол жетті. Нақтырақ айтсақ, биыл екі ел президенттері сегіз мәрте кездесіп, көптеген күрмеуі қиын күрделі мәселелердің  түйінін тарқатты. Сонымен ынтымақтастықтың жаңа бағытына жол ашылды. Бүгінгі жүздесу сол келісімдер аясында қолға алынуда. Мұндай игілікті істер бұдан былай да жалғасын тауып, өз жемісін беретініне сенідімін» -деп, атап айтты.

Облыс әкімдігінде өткен жүздесуден кейін қырғызстандық меймандар облыс орталығындағы «Салтанат» сарайында болып, қос елдің бизнес форумына қатысты. Форумда Амандық Баталов аймақ экономикасын дамыту бойынша жолға қойылған тың жоба-жоспарлармен бөлісті. Соның ішінде ауылшаруашылығы, әлеумет, мәдениет, туризм, кәсіпкерлік, өндіріс салаларында жеткен жетістіктер аз емес. Бұл бағыттағы жұмыстар бейнебаян арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда жылына миллион дана аккумулятор шығарып отырған «Қайнар» АКБ және «Филлип Моррис» сынды ірі кәсіпорындардың орны ерекше екенін жетізді. Сонымен бірге облыс әкімі мәртебелі меймандарға аймақтағы жеміс-жидек, көкөніс шаруашылықтарының, жол, құрылыс салу ісінің, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы іске асырылып жатқан қарқынды жұмыстарымен таныстырды. Жиында өз өңірлерінің жетістіктерін паш еткен тараптар екі жақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды.Әрі шаһардағы жаңадан салынған  Көрме кешені, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, көп салалы аурухана, №28 мектеп, Қаратал жағалауы, «Жастар» саябағы сынды орындарды аралап, таңданыстарын жасырмады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here