Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваның құрметіне еркін күрестен республикалық турнир басталды

0
110
Суретті түсірген автор

Бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваны еске алуға арналған ерлер және әйелдер арасында еркін күрестен республикалық турнир басталды. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық балуан келіп, үздіктерін анықтауда, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Өмірдің әр саласында аты шыққан қазақ қыздары аз емес. Солардың ішінде оттай жанған жарық жұлдыздардың бірі – Зылиха Тамшыбаева. Қоғам қайраткері кезінде ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай елеулі үлес қосып, есімі халықтың жадында мәңгі сақталған. Артына өшпес із қалдырып кеткен еңбек ерін бүгінгі ұрпақ та ұмытқан емес. Арнайы ұйымдастырылып отырған турнир осының дәлелі.

Жарыстың ашылу рәсіміне Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Талғат Қыдырәлиев, Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ, қоғам қайраткері Серік Абдрахманұлы, еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев және Олимпиада чемпионы Хаджымұрат Гацалов қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған қонақтар Зылиха Тамшыбаеваның құрметіне орай өткізіліп жатқан жарыстың маңыздылығына кеңінен тоқталып, артынша жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Елімай қорының президенті, Зылиха Тамшыбаеваның күйеу баласы Серік Абдрахманов:

— Бүгін міне, есімі елге белгілі Зылиха апамызды еске алу мақсатында турнир ұйымдастырудамыз. Бұл жарыс осымен жетінші мәрте өтуде. Жылдан жылға шараның маңызы артып, қатысушылардың саны көбейіп келеді. Негізінде, З.Тамшыбаеваның жүрген жолы күреске толы болды. Апамыз саяси кілемде өзінің елі үшін аянбай тер төгіп, биіктерден көрінген. Балалар осыдан үлгі алып, жеңімпаздыққа ұмтылса деген ниет бар.

Жалпы, Жетісу жеріне жиналған балуандардың осалы жоқ. Еліміздің әр өңірінен іріктеліп, 14 команда келген. Барлығы сен тұр, мен атайын деген саңлақтар.

Солардың бірі – талдықорғандық Гүлназ Жапарова. Жерлесіміздің күреспен шұғылданып жүргеніне үш жылдан асқан. Жоғары дайындықтан өткен спортшы сәтін салса 72 келі салмақта өнер көрсетіп, турнирде топ жарамын деп отыр.

«Бүгінде Алматы қаласында спорт мектебінде тәлім алудамын. Осы уақытқа дейін ҚР-ның чемпионы болдым, үлкендер арасында әзірге үшінші орында тұрған жайым бар. Азия біріншілігінде қол жүлдегер атандым. Додаға қатысу арқылы үлкендермен күресіп, өзіме тәжірбие жинағым келеді. Бір жағынан алғанда алдыға қарай талпыну үшін бұл жарыстың мен үшін маңызы зор», — дейді балуан қыз.

Айта кетейік, боз кілемнің тарландары 20 салмақ дәрежесі бойынша шеберлік байқасып, өзара мықтылырын анықтайды. «Жастар» спорт кешенінде өтіп жатқан жарыс үш күнге созылмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here