Басты назарда отбасы мәселесі

0
45
Дереккөз

«Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық- ақ жаулық», — дейді атамыз қазақ. Бай отбасын бақытты қылатын тек бала. Сондықтан да, кез-келген отбасында ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қояды. Ал сол бақытқа қол жеткізу үшін ерлі-зайыптылардың денсаулығы мықты болуы керек. Репродуктивтік денсаулық — өмірге ұрпақ әкелу. Ол адамның физиологиялық саулығы ғана емес, психологиялық және эмоционалдық жағдайын да білдіреді,- дейді медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиал директоры Сәбит Құралбек.

Яғни, тұрмыс құру, бала туу, бала саны мен олардың жас айырмасына қатысты мәселені өзгелердің қысымынсыз қабылдау әр адамның өз еркінде деген сөз. Әр адам репродуктивтік таңдау құқығына, жыныстық құқықтарының сақталуы үшін күресуге, отбасын жоспарлауға, репродуктивтік және сексуалдық денсаулығын күтуге құқылы. Бұл туралы тұңғыш рет 1994 жылы Каирде өткен Халықаралық конференцияда сөз болған. Дамыған мемлекеттер де тек әйелдің ғана емес, ерлердің де репродуктивті жүйесіне ерекше ден қойып отыр. Бүгінде еліміздегі ірі қалаларда медициналық қызметтер қолжетімді. Соған қарамастан осы мүмкіншіліктерді елдің бәрі бірдей пайдалана бермейді. Тіпті өмірінде 5-6 жыл бойы гинекология кабинетінің есігін ашпаған әйелдерді де кездестіруге болады. Себебін олар үй тірлігінен шыға алмайтындығымен түсіндіреді. Бірақ проблеманың әр әйел өз денсаулығын өзі күтпей шешілмейтінін де ұмытпаған жөн. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы әлемде 517 мың адам сүт безі обырынан көз жұмған. Жатыр мойнының қатерлі ісігі әйелдер арасында таралған онкологиялық аурулар ішінде 4 орында тұр. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылы 1700 әйелге осындай диагноз қойылған. Онкология институтының дерегі бойынша елімізде жыл сайын 650 әйел қатерлі ісіктің осы түрінен көз жұмады. Бала үстінде көз жұму — әлем бойынша өмірге ұрпақ әкелетін жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітім саны жағынан екінші орын иеленеді. Жүктілік кезінде және бала үстінде қайтыс болған 287 мың әйелдің 99 пайызы дамушы елдердің азаматтары. Бұл көрсеткіштердің қорқыныш туғызатыны белгілі. Сондықтан да бұл мәселенің түп төркіні неде екенін білген дұрыс. Жалпы, еркектер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы: генетика, ағзадағы ақаулар, жыныстық қатынасты ерте бастау, жыныстық жолмен таралатын ауруларды жұқтыру, вирустық инфекциялар мен түсік жасату сынды факторларға тәуелді. Бала сүю қабілеті де болашақ ата-аналардың ұстанған өмір салтымен тығыз байланысты. Сәбит Құралбек дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ болғанның абзал екенін ескертеді. Филиал директорының айтуынша бұл мәселені балалардың білгені де дұрыс. Өйткені, жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі қазіргі заманда үлкен проблеманың біріне айналғаны белгілі. ДДСҰ мәліметінше, әлемде әрбір бесінші қыз 18 жасқа дейін бала туады. Сонымен қатар, жасанды түсіктің жағымсыз салдары мен ана өлімі 20-дан асқан әйелдерден гөрі жас бойжеткендер арасында жиі кездеседі. Оның басты себебі — жасөспірім организмнің дұрыс жетіліп үлгермеуі. Осы мәселені зерттеп жүрген ресейлік блогердің айтуынша, АҚШ-та 1993-2003 жылдары мектептерде мүшеқап тарату арқылы жасөспірімдер арасындағы жүктілік 57 пайызға қысқарған. Мектептерде міндетті түрде арнайы дәріс оқылатын Швеция мен Германияда 2014 жылы жүкті болып қалған жасөспірім саны 6-7 адамнан аспаған. Ол жыныстық тәрбие баланы «бұзады» деген пікірдің дұрыс еместігін айтады. Керісінше, ол жасөспірімнің төсек қатынасы жайлы білімін жетілдіріп, сақтану жолдарын үйретеді, жүктілік пен төсек арқылы таралатын аурулардан сақтандырады, дейді ол. Қазақстан азаматтарының да репродуктивті денсаулығын күтуге мүмкіндігі жоқ емес. Мәселен, диспансерлік есепте тұрмайтын 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына тегін тексеріле алады. Бұрын сүт безі ісігімен ауырмаған 40-70 жас аралығындағы әйелдер ТМККК пакеті шеңберінде екі жылда бір рет тегін скринингтен өтуіне болады. Оған қоса, жүкті әйелдер мен көп балалы аналардың жыныстық жолмен таралатын инфекцияларға анализдерді тегін тапсыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар халық өзіне ұнаған емдеу мекемесінде таңдай алады. 15-ші қыркүйектен 15-ші қарашаға дейін елімізде емханаға тіркеу науқаны жүруде. Биылғы жылға медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалы 78 медициналық ұйыммен келісімшартқа отырды. Оның 29 жекеменшік, 49 мемлекеттік мекеме.

Медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалы

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here