Мектеп оқушылары арасында әскери-спорттық ойындардан жарыс басталды

0
81
Суретті түсірген автор

Бүгін Талдықорған қаласының мектептері арасында «Алау-2018» әскери-спорттық ойындарының жарысы басталды. Үш күнге созылатын сайыста 7-ші және 8-ші сынып оқушылары өзара шеберлік байқасып, үздіктерін анықтамақ. Аталмыш шараны жастар ресурстық орталығы қалалық білім және спорт бөлімдерімен бірлесіп ұйымдастыруда, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың ашылу рәсіміне Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев және қалалық әскери бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шарада алғаш сөз тізгінін алған Әділет Рымтайұлы оқушыларға сәттілік тілей отырып, аталмыш доданың маңызына тоқталды.

«Кешегі бабаларымыз найзаның ұшымен ақ білектің күшімен елді жаудан қорғап, біздерге бейбіт өмір сыйлап кетті. Жастарымыз осы батырларымызды әрдайым үлгі тұтып, тәуелсіз мемлекетіміздің патриоты болуы керек. Бүгінгі шара осыған үгіттейді», — деді.

Өз кезегінде Нұрбақыт Молдахметұлы да жастарға сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізін білдірді.

Негізі, әскери-спорттық ойындар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Қазақстан Республикасы Жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 100 жыл толуына орай арнайы өтіп отыр.

Талдықорған қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарамасының көмекшісі, подполковник Ахметжан Телеқұлов:

Мектеп оқушылары арасындағы бұл шара дәстүрлі түрде өтіп келеді. Мұндағы мақсат –  салауатты өмір салтын насихаттай отырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және спортқа баулып, білімгерлерді бастамашылдыққа үйрету.

Қатысушылар жарыс барысында алдымен патриоттық ән байқауында бақтарын сынайды. Одан кейін «Ерлікке жүрекпен ұмтылу!» тақырыбында әскери қойылым қойып, артынша «Атамекен» бағдарламасы бағытында өлкетану-зерттеу жұмыстарын қорғамақ.

Сонымен қатар, оқушылар пневматикалық винтовкамен атыс жаттығу сабақтарын жүргізеді. Әскери саптық әдіс-тәсілдері арқылы да мықтыларын анықтамақ. Одан кейін қашықтыққа жүгіру, кермеге тартылу және суда жүзу эстафетасы бойынша жарыс жеңімпаздары белгіленеді.

Айта кетейік, осы сайыста топ жарған командалар Талдықорған қаласындағы 5514 ішкі әскери бөлімінде өтетін облыстық байқауда өз шеберліктерін көрсетеді. Егер ол жерден де озық шығып жатса, командалар республикалық додада жарыс жолына түспек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here