Облыс әкімі құрылыс нысандарын аралады

0
145
Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев қалада жүргізіліп жатқан бірнеше құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Өңір басшысы алдымен облыстық көп салалы балалар ауруханасын барып көрді. Жақында ол жерде жаңа бөлім ашылмақ. Қазір ондағы қосымша салынған ғимарат қолданысқа дайын. Алайда, бірнеше кемшілікті байқап қалған обылыс әкімі жауапты мамандарға сын тағып, өзінің наразылығын білдірді.

Атап айтқанда, ауруханадағы төсектер өте қолайсыз болып шыққан. Палатадағы науқас балаларға арналған төсектің астыңғы жағы тым аласа, яғни жууға ыңғайсыз. Сонымен қатар үстіңгі жағы тым биік. Осыған шүйліккен А.Баталов орынбасарларына дереу барлық төсектерді ауыстырып, орнына талапқа сай басқасын әкеліп орналастыруды тапсырды. Одан бөлек көзге ұрып тұрған сылақ жұмыстарына аздап көңілі толмаған әкім оларды да шұғыл ретке келтіру керектігін айтты. Сондай-ақ, жұмысшы топ ауруханадағы операция және науқас болып туған сәбилерге күтім жасалатын бөлмелердегі жаңа медициналық құрылғылармен танысты. Дәрігерлер соңғы үлгіде жасалған апараттар бала өмірін сақтап қалуға көп септігін тигізеді деп отыр.

Айта кетейік, осыған дейін облыс көлемінде жаңа туған балалардың өлімі жиі тіркелетін. Соңғы тоғыз айдың ішінде 224 сәби көз жұмған екен. Оның 149-ы бір айлық нәресте. Яғни, бұл келеңсіздіктердің барлығы жоғарыда айтқан тиісті құрылғылардың жетіспеуінен орын алған.

Келесіде Амандық Ғаббасұлы бастаған топ қала орталығындағы Мәдениет үйінің сыртқы қасбетін барып көрді. Бүгінде аталмыш нысанның сыртқы жұмыстары толығымен аяқталған. Дегенмен, кем-кетік жерлері де жоқ емес. Мәселен, Мәдениет үйінің маңдайшасындағы белгі көзге тым оғаш, әрі арзан дүние көрінеді. Одан бөлек, шатырында да өңдеуді қажет ететін жұмыстар баршылық. Облыс басшысы осының барлығын жауапты мамандарға ретке келтіру керектігін айтып, тапсырма жүктеді.

Сол жердегі қайта жөндеуден өтіп жатқан субұрқақтың құрылысы да назардан тыс қалмады. А.Баталов мердігер компаниялардың басшыларымен кездесіп, жұмыс барысын бір шолып өтті. Айталық, алдағы уақытта бұл маңда жеті субұрқақ және балаларға арналған ойын алаңдары болады деп күтілуде. Алма ағаштары мен бірге 50-ге жуық гүлдердің түр-түрі де демалыс орнының шырайын кіргізбек.

Облыс әкімі құрылыс алаңын аралау барысында жұмысшыларға жерге төселетін тас кірпіштердің дұрыс орналасу ретін көрсетіп берді. Сондай-ақ, ондағы қураған ағаштардың бұтағын кесіп, тіпті айналаға кедергі келтіріп тұрғандарын мүлде алып тастауды міндеттеді. Бүгінде мұндағы жұмыстың шамамен 80 пайызы аяқталған. Мердігерлер ауа райы қолайлы болса, жұмысты толығымен 15 күннің ішінде тәмамдаймыз деп отыр.

Осыдан кейін біз әкімдермен бірге Ақын Сара көшесінен бастап Арбатқа дейінгі аралықта жүріп жатқан демалыс алаңының жұмысымен таныстық. Бұл жерде де өңір басшысының көзі қураған ағаштарға түсіп, орнына әдемі тал-теректерді отырғызу мәселесі қарастырылды. Скверге орнатылатын орындықтар мен жарық шамдар да әкімнің нұсқауымен таңдалды. Жұмысқа жауапты мердігерлердің айтуынша, жаңа сквер халық игілігіне 20 күннен кейін беріледі.

Қазіргі таңда Талдықорған қаласында балалар ойнайтын бірнеше аула қайта жаңғыртудан өту үстінде. Сондай аулалардың бірі «Қазақстан» мейрамханасының қасындағы  12 қабатты тұрғын үйдің жанында орналасқан. Облыс әкімі сол маңға да арнайы аялдап, аяқталуға аз қалған жұмыстың нәтижесін көрді.

Ал, жуырда қолданысқа берілетін Саз мектебінің қазіргі жай-күйі көңіл көншітпей тұр. Амандық Ғаббасұлы жаңа нысанның кіребесінде және ғимараттың ішінде кездескен бірнеше ақауларды байқап, құрылыс басшысына қатаң сын тақты. Керек болса, жобаға бірнеше өзгерту енгізу керектігін де нұсқады. Атап айтсақ, ондағы едендер тегіс төселмеген және қабырғаларында аздаған кінәрат бар. Облыс әкімі осының барлығына өз наразылығын білдіріп, жауапты мамандарға тапсырма берді.

Бүгінде «Көктем гранд» қонақ үйі мен Салтанат сарайының дәл ортасынан бой көтерген жаңа Драма театрдың құрылысы аяқталуға жақын. Өңір басшысы қазан айының соңында ашылуы жоспарланып отырған нысанға арнайы ат басын бұрды.

Қазір театрдың негізгі жұмыстары толығымен аяқталған. Тек, ғимараттың ішін әрлеу ғана қалған. Сыртында да аздаған жұмыстар кездеседі. Осы орайда Амандық Ғаббасұлы құрылысшыларға көңілі толатындығын білдіріп, қалған істі де сапалы жалғастыруды тапсырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here