Жайнай бер қасиетті Талдықорған!

0
183

Нәр алып,  шуақ шашқан таңғы нұрдан,

Түрленіп тоты құстай сан құбылған.

Ән жырдың  арқауысың, жаннат шаһар,

Жайнай бер қасиетті Талдықорған.

                                                        А.К

Сағыныш Намазшамова   

 

Талдықорған

Асау-асау армандар ала қашып,

Жеткен кезде желменен жағаласып,

Қайырымды қақпалар қарсы алады,

Қарсы алады Қаратал қабағы ашық.

Талдықорған, тең соғып жүрегіміз,

Әлі ажырап көрмедік бір елі біз.

Өзімсініп, өзеуреп тұрғаннан соң,

Ұқсап кеткен секілді мінезіміз.

 

Ірісіне, қарамай ұсағына,

Қуат бердің құстың да ұшарына.

Керең дүние кетеді күмбір қағып

Еніп кетсем еркелеп құшағыңа.

 

Аспаныңда шағырмақ бұлт үдесе,

Қас-қағымда ақ жауын сіркіресе,

Жырымменен құрғатам жанарыңды

Із қалдырып іңір шақ, ілкі көше.

 

Салса да өмір сүрлеусіз соқпағына,

Сүрлеусіз деп Ұлы көш тоқтады ма?!

Жұлдыз тамып жатқандай қарай берем

Жылт-жылт еткен қаланың оттарына.

 

Жангелді Немеребаев

Талдықорған 

Менің сайран мекенім талды қалам,

Сенде оқып, жыр жазып ән құрағам,

Алыс кетсем тұрады көргім келіп,

Аңсағандай ғашығын барлық адам.

 

Куәсісің өткен мен келер шақтың,

(Өтті өзіңде сан қызық, нелер шат күн)

Жетісудың жауһары — Талдықорған,

Жаны жайсаң достар да сенен таптым.

 

Сұлулықтың символын мол ұқтырдың,

Жүрегімде ән мен жыр болып тұндың.

Мен өзіңнен өмірлік махаббатты,

«Ғашықтар көпірінен» жолықтырдым.

 

Саябақта жарқырап шам-шырағың,

Саз бұрқақтан шашылған ән шуағың.

Түндеріңмен ғажайып тамылжыған,

Шабытымды тағы бір қамшыладың.

Еркесіндей Жетісу-Алатаудың,

Бүгінде «Талды-Париж» қала атандың,

Болашаққа көз тастап, өткенді ойлап,

Жағасында келемін Қараталдың…

 

Мағрипа Сандуғаш

         Ару қалам

Ару қалам күн сүйіп аймалаған,
Нұрын төгіп қарайды ай да оған.
Жер бетін  жеті айналып шықсам — дағы,
Өзіңдей  жұмақ мекен  қайда маған?!

Керуен  жыл келмеске кете берсін,
Бақытыңды байлығың еселесін.
Кенеліп мол ырысқа жылдан-жылға,
Көгерте бер елімнің көсегесін.

Ару қала, ақ жарқын, нұрлы қала,
Тілдескен көк аспанмен Туды қара.
Сал сері саябақта ән тербесе,
Сылқым қыз биге басқан мың бұрала.

Жалғаған ел арасын,  жер арасын,
Өзіңде өскен небір ер Алашым.
Ағайын бақ қалаға бір соға кет,
Жағалап Қараталды дем аласың.

Алмаймыз жақсылықтан қалай үлгі,
Самал желі өбеді самайыңды.
Көркіне көз тоймайтын талды қалам,
Жақсыларға толтыршы маңайыңды.

 

Азамат Нұрмұхан

Талдықорғанның ауасы

Әй, досым өзің қарашы,
Сыздаса жанның жарасы.
Айықтырады  дертіңнен,
Талдықорғанның ауасы.

Шуағы күннің тараған,
Құнарын алған даладан.
Жер бетіндегі жәннаты,
Табасың осы қаладан.

Ағашы, талы, орманы,
Ежелден елдің қорғаны.
Қараталына шомылып,
Алақанына қонғалы,
Басыма бақыт орнады!

Көксуы суық шамалы,
Асығып жылдам ағады.
Салынған зәулім сарайлар,
Көзіңнің жауын алады.,
Көрдің бе мұндай қаланы!?

Тауына досым қарашы,
Жап-жасыл жайлау даласы.

Ауасын жұтса дертінен,
Айығады адам баласы.

Мақтанар алты алашым,
Алатау маған дара шың.
Жалғаған таудан айналдым,
Жер менен бұлттың арасын.

Көмкерген гүлмен жағасын,
Өзенге қарап барасың.
Тамсанып әсемдігіне,
Еріксіз таңдай қағасың.
Ауасын жұтып мақтай жүр,
Сен, Талдықорған қаласын…

Әй, досым!

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here