Ойланбай жасаған іс, ойбайға апарады

0
168

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Тюлебаев және сол агенттіктің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің басшысы, танымал өнер және мәдениет қайраткері Арман Бердалин арнайы Алматы облысында іссапарда болды. Сапардың басты мақсаты – өңірдегі қарапайым халықпен кездесіп, пікірін тыңдап, заңды түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау.

Мәртебелі меймандардың жер жаннаты Жетісуға жасаған сапары алдымен Жамбыл, Кербұлақ ауданындағы жұртпен жүздесуден басталып, Талдықорған қаласында қорытындыланды. Жиналған қауым алдында сөз алған Равиль Қуанышбайұлы жалпы агенттіктің осыған дейін атқарылған жұмыстарына кеңінен тоқталып, алда тұрған мақсат–міндеттерін атап көрсетті.

Сондай-ақ, ол: «Жалпы, Елбасы өзінің әр жылғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында көпетеген маңызды бағыттарды айқындап берді. Соның ішінде кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың орны ерекше. Бұл бағытта біз мемлекеттік қызметшілердің бойына әдептілік үлгісін қалыптастырып, адалдық пен  жауапкершілікті арттырып,  білімділік пен біліктілікті қамтамасыз етуге тиіспіз. Осыған байланысты, қазір көптеген іс-шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, мемлекет басшысының Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілер туралы жаңа заң және Әдеп кодексы қабылданды. Қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, жемқорлықты болдырмау үшін әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Осы негізде жасалған жұмыстар нәтижесінде әдеп жөніндегі қаралған тәртіптік істер 2015 жылдан бастап 2018 жылдың 8 айына дейінгі аралықта 40 пайызға төмендеген. Бүгінде олқылықтарды болдырмауға және орын алған істерді қарауға әр саланың өкілдерінен жасақталған арнайы құрам бар. Олар қызметшілердің қызмет көрсетуін бақылап, тәртіптік істерді қарайды. Жұртпен емен жарқын жүздесіп, сауалын тыңдап сақталған мәселелерді шешуге қол ұшын беруге құқылы. Мәселен, 2017 жылғы зерттеулер қорытындысы бойынша азаматтардың 70-тен астам пайызы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімдерінің әділдігіне сенетінін көрсетті. Соның ішінде Алматы облысы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Ал, Елбасы Жарлығымен дербес енгізілген Әдеп жөніндегі уәкіл институты мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға, жұрт арасында сауалнама жүргізіп, жас мамандарға жол көрсетіп, әдеп нормаларын үйретуге міндетті. Тағы бір барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жағымды жаңалық 2019 жылдан бастап жаңа еңбекақы төлеу жүйесі енгізіледі. Қазірге бұл жүйе жыл басынан бері пилоттық орган ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет Министрлігі, Маңғыстау облысы мен Астана қаласының әкімдіктерінде атқарылуда» -деді.

Сонымен бірге департамент директоры енді мемлекеттік қызметшілердің қызмет сапасын арттыру барынша талап етілетінін ескертті.

Сыбайлас жемқорлық індет – оны жою міндет.  Біз осы бағытта бір жылдың ішінде зор жетістікке қол жеткіздік. 2016 жылғы халықаралық сарапшы ұйымдардың мәліметінше  еліміз сыбайлас жемқорлық бойынша 180-нен астам мемлекеттің ішінде 131 орында тұрған еді. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 9 сатыға төмендеп, 122 орынға тұрақтады. Алда оны бұдан да төмендетуге күш саламыз дейді мамандар.

Сөз кезегінде Арман Тілектесұлы алдымен ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Ішпекбаевтың ақындар мен батырлар елі атанған киелі Жетісу жұртына ыстық ықыласты сәлемін жеткізді. Осыдан соң Арман мырза: «Мемлекет басшысы біздің алдымызға шынымен кәсіби мемлекеттік аппарат құру талабын қойды. Оны құратын қара орман халық сіздер мен біздер. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің әдебіне баса көңіл бөлінуде. Сол үшін сіз бен біз яғни, әр мекеменің басшылық міндетінде отырған азаматтар мемлекеттік қызметке кір келтірмеуге тиіспіз. Әлбетте әкесіндей адамға әкіреңдеп сөйлеп, анасындай адамға алайып қарайтын болса, алыстан қарапайым жұрттың арыз арманын арқалап келген жанға жүрдім бардым жауап  берсе, ондай адамның төбесі көк, табаны жер тіреп тұрса да мемлекеттік қызметте орын жоқ. Қазір біздің «әу» деген бір ауыз сөзіміз лезде жер шарын бір айналып  келетіндей әлеуметтік интернет желісінің дамыған кезі. Осындай сәтте біз ұлт мәдениетін сақтап, өнегелі ісімізбен бір-бірімізге айна бола білуіміз тиіс. Бір-біріміздің қателігімізден сабақ алып, түзете білуіміз керек.

Ал, мемлекеттік қызметкерлер халыққа кіршіксіз қызмет көрсету үшін бар жағдай жасалуда. Соның бірі жаңадан енгізіліп жатқан пилоттық жоба арқылы еселеп еңбекақы төлеу жүйесі. Бұл басшылардан гөрі жай мемлекеттік қызметшілерге пайдалы. Себебі олардың атқарған жұмысы да жалақысы да 2 жарым есеге дейін еселенеді. Жемқорлықты азайтудың бірден-бір тиімді жолы көрсетілетін барлық қызметті электрондық түрге ауыстыру. Жалпы, қазір елімізде 746 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 60 пайыздан астамын электрондық түрде алуға қолжетімді. Бұрынғыдай бір анықтама алу үшін ауылдан аудан орталығына сабылудың қажеті жоқ. Тек интернет пайдалану сауаттылығы болса болғаны ешкімнің есігін қағып, қас-қабағына қарамай-ақ үйден шықпай 10-15 минутта жұмысын бітіріп алуға болады. Бұл сауаттылықты қарапайым жұртқа үйрету мақсатында жалпы елімізде 5 мыңнан астам мұғалім арнайы сауаттандырылған болатын. Олар осыны әрбір балаға және оның ата-анасына жеткізеді.

Сонымен қатар, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да осы қызмет көрсетіліп жатыр. Еліміздегі жемқорлық мәселесіне келер болсақ, ойланбай жасаған іс, ойбайға алып барады. Өйткені, қазіргі кезде сол жемқорлықтың кесірінен көптеген адамдардың қолына кісен салынып, зар жылауда. Біз мұндай жағдайлардың алдын алып, ескерту мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ, кейде айтқанымыз айдалаға кетіп сол біздің ескертуімізге құлақ аспағандар темір тордың арғы жағынан бірақ шығуда. Біз сондайдан сабақ алып, айналамыздағы адамдарға «Ұрлық түбі қорлық» екенін жеткізуіміз керек. Нақтырақ айтсақ, еліміздегі жемқорлық ең орын алатын құрылыс, білім, жер қатынастары саласы. Сол үшін сыбайлас жемқорлықты мектеп қабырғасынан бастау қолға алынды. Себебі, бүгін өзінің жанындағы баланың карындашына қол салған бала ертең қазына қаржысына қол салады. Сондықтан, «Адал ұрпақ» шарасы осыған бағытталған.

Сонымен қатар, агенттіктің кез келген адамға есігі ашық. Оның үстіне түрлі әлеуметтік желі арқылы әр азамат тікелей өз сұрағын қойып, тұщымды жауап ала алады. Оған бар мүмкіндік қарастырылған. Ұзын сөздің қысқасы Әйтеке би бабамыз: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін. Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін. Бай болып пайдаң тимесе, батыр болып найзаң тимесе, жұрттан ала бөтен үйің күйсін» деген. Біз бірлікте ел қамын, жер қамын ойлап, Отанымызды бірге көркейтейік» -деп тұжырымдады.

Осылайша, Жетісу жұртына айтарын салмақты ой, салиқалы сөзбен жеткізіп түйіндеген департамент басшылары облыс орталығы Талдықорғанда баспасөз мәслихатында өз жұмысын бір қорытындылады. Әрі қарай  Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары арқылы шырайлы Шығыс Қазақстан облысына бағыт алмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here