Жылдың үздік мұғалімдері

0
60
Д,Сағындықовтың фотосы

Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын мұғалімдер арасында педагогикалық байқаулар өткізіліп келеді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – «Жылдың үздік мұғалімі» байқауы.  Алматы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясының қабырғасында өткен мұғалімдердің екі күндік біліктілік сайысына аудандық-қалалық байқаулардың жеңімпазы атанған 25 ұстаз қатысты.

Екі күндік байқауда мұғалімдер төрт кезең бойынша бақ сынады.  Байқау қатысушылары «SMART-педагог», «Білім берудегі менің инновациям», «Шығармашылық таныстырылым: «Менің педагогикалық кредом», «Импровизациялық тапсырма» кезеңдерінен өтті.

Жалпы байқау барысында байқағанымыз, білім басқармасы тарапынан қатысушыларға қойылар талап жоғарылай  түскендіктен болар, шараның маңызы да артып келеді. Байқауда ұстаздың өзіндік шеберлігі мен жаңа технологияны қолдана білуімен қатар оқушылармен қарым-қатынас жасауы мен топтық жұмысты ұйымдастыруы, авторлық бағдарламасының болуына да ерекше назар аударылды.

Аталмыш сында осындай талаптардан шығып, педагогикалық шеберлігін жан-жақты таныта білген Жамбыл ауданындағы Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алма Маханова 1-орынды жеңіп алды. Жиырма бес жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман оқытудың озық технологияларын шебер қолданып, сабақты мазмұнды өткізе білуімен ерекшеленген. Сондай-ақ, авторлық бағдарлама жасап, онлайн-тест құрып, ғаламторда жариялап тұруымен де әріптестерінен оқ бойы озық шыққан.

Ал, екінші орынға Талдықорған қаласының екі бірдей ұстазы лайық деп танылды. Олар  – М. Арын атындағы үш тілде оқытатын №24 дарынды балаларға арналған арнаулы лицейінің география пәнінің мұғалімі Айгерім Еркінбекова, Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің ағылшын тілінің мұғалімі Айнұр Каранеева. Үшінші орынды да үш бірдей ұстаз тең бөлісті. Талдықорған қаласындағы №20 дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы лицейінің мұғалімі Маргарита Анисимова, Текелі қаласындағы №4 орта мектептің ұстазы Ғалия Түстікбаева, Ақсу ауданындағы Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназияның мұғалімі Әділжан Сыздықбаев  биік тұғырдан көрінді.

Сондай-ақ, Жамбыл ауданы, Қарғалы №2 арнаулы гимназиясының мұғалімі Ольга Олефир «Креативті мұғалім»,  Алакөл ауданы, Жыланды орта мектеп-лицейінің ұстазы Қалибай Әділғазы «Құзыретті ұстаз», Ұйғыр ауданы, №1 Шонжы орта мектебінің мұғалімі Гүлсанам Исмаилова «Педагог зерттеуші», Қаратал ауданы, Ж. Молдағалиев атындағы орта мектеп мұғалімі Ерлан Дандыбаев пен Көксу ауданы, Н. Алдабергенов атындағы орта мектептің ұстазы Жанна Кушагенова  «Ізденуші педагог» номинациясын иеленді.

Байқауды облыстық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Алуа Қабдолова қорытындылады. Шараға қатысқан ұстаздарға облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табыс етті. Ал, жеңімпаздар қазан айында өтетін мұғалімдердің кәсіби мерекесінде облыс әкімінің және білім басқармасының арнайы сыйлығымен марапатталатын болады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here