Нұрына шомсын жүзіміз — Әсел Оспан

0
299

Ақын Әсел Оспан 1978 жылы 15 маусымда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылында дүниеге келген. Абай атындағы МУ-дің филология факультетін тәмәмдаған. Оның ойлы да, орамды жырлары оқырман қауымға кеңінен таныс. Автордың «Ұшқан ұя» атты жеке жыр жинағы жарық көрген. Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі. Бұл жолы  қарымды қаламгердің «Нұрына шомсын жүзіміз» деген тақырыппен біраз өлеңін жұрт назарына ұсынамыз.

Бұл біздің көктем….

Бұл біздің көктем,
жетсе де кештеу, жарқыным,
Қарашы әне,
біздерге даңғыл жол жайды.
Алды әркез тәтті,
арманымның арты мұң,
Болмасын күнім,  болмайды…

Бұл біздің көктем,
басталған жаңа парақтан,
Үмітті болсын
таңым да мына әр атқан.
Ғазал жүректер,
ғашық жандар да тірілсін,
Жар болшы бізге, Жаратқан!…

Бұл біздің көктем,
сездірген нәзік гүл демін,
Ғашық боп барам
өмірге мынау күнбе-күн.
Тағдырдың ғана
кінәсі бола салсыншы,
Өзіңмен күнім, біргемін…

Бұл біздің көктем,
асыға күткен құстарын,
Кеңістік асып,
әуелей берсін ұшқан үн.
Жыр бақтарын
жырлатып бірге қайтатын,
Өзің болшы, құштарым…

Болмасын лайым
жалғыздығымның жары мұң,
Көзіме қара
бақытты көргін, танығын.
Қайталанбайтын,
қайтара алмайтын ешкім де,
Бұл біздің көктем, жарығым….

 Сәуірдің жаңбыры

Ақ жауынменен ұласып көктем,
Таңдарын сүйдім сәуірдің.
Жаныма тағдыр жүк артып кеткен,
Тәтті едің неткен ауыр мұң.

Кіреукеленіп көзімнің алды,
Аспаным бүгін де қара ала.
Үстінен жылжи бұлттардың қалқып,
Армандар ұшып бара ма?!

Қытымыр күннен қыл үздім,
Кешегі бұла шақ бәрі аңыз.
Жетеді бір дауыс шыңылтым,
Сірі ме еді жаным тарамыс?

Тиылар емес Көк-Тәңір жасы,
Пендеде болса сормаңдай.
Уақытқа бұршы ноқтаның басын,
Тұманнан аршып жол салғай.

Жыладым, күлдім еліттім бір әнге,
Жаныма сіңді ауыр мұң тұнбасы.
Көзімнің алды шытынап бір әйнек,
Тамшылап жатыр сәуірдің жасы.

дереккөз

Әсел әнім

Құлағыма тәтті әуен, үн келеді,
Сағыныштың орайды бүлделері.
Ыстықкөл жағасында қалған дәурен,
Ілияның бал әні, күлтелі әні.

Арманымның мекеніне тұрақтайын,
Күндер зулап өтуде сынаптайын.
Балдай тәтті Әселдің бал әнімен,
Жапырағын қайыңның жылатпайын.

Әсел ғұмыр, Әсел ән, Әсел әуен,
Теңселесің дүние-ай, жазира әлем.
Таңды ұрлатып көзімнен үзік-үзік,
Түнді ұрлатып жыр-жаhұт қасидамен.

Жанымның шайхылары жырға ғашық,
Дүнияның ұжмағынан тұрған асып.
Хақтан жырақ қалдырма, Жаратқаным,
Мейіріңді бірге төк нұрдан асыл.

Төрткүл дүние-ай, құбыла сені көрем,
Жалғанның бес күні де, түні де ерен.
Екі әлеммен тоғысқан қарашығым,
Таң шығына жуынған гүлі де өлең.

Басылмасын hәм көңіл жалыны ұдай,
Сағынышым таптырмас жанымды жәй.
Таусылмайтын ғұмырдың ұзақ әні,
Жалғайды екен жолдарға бағымды қай?..

                   Бұл біздің күз

Көңілдің түбі сарғыштана ма?!
Көзімдегі оттан шоқ қалсын.
Сен менен жаным, алыстама да,
Өмірдің күзі тоқтаусыз.

Біз білмейтін қапылыстар көп,
Сезімнің болдық тұтқыны.
Өртендік іштей, жарылыстар боп,
Жоқ деуден қорқам түк құны.

Бақ күтіп жүрмін бұл күзден ізгі,
Сырласар аймен, жұлдызбен.
Ақ қайыңдар да тыңдасын бізді,
Жапырақ-жүрегін үздірген.

Кешігіп жеткен баққа әнімді айтып,
Үздіге қарадым көк көлге.
Сағыныштарыма тосқауыл қайтіп,
қоймаспын…. сезім, текке өлме.

Мен күткен зор күн осы ма деймін,
Қаңғырып кеткен талайдан.
Үздігіп жүрек алқынар кей күн,
Уақыттың күзін маңайлап.

Аруана күннің жарығы-ай, шіркін,
Нұрына шомсын жүзіміз.
Сұп-сұлу болсын қашырмай сұрқын,
Бұл дағы біздің күзіміз…
Бұл күзден қалсын ізіміз…

дереккөз

 Ләйлә

«О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,
Қайғырса, қанатсыз емес кім?!
Бірақ та жынданып кететін,
Мен саған Мәжнүн емеспін!»
Ж.Жақыпбаев

Жұматайдың әз-ғашық Ләйләсі бар,
Ләйләсі жоқтың мың түрлі айласы бар.
Ләйлә жырға ғашықпын десем егер,
Жұматай-жыр жанымды жәйлап ұғар.

Ессіздің асқақ сүйген маралы едің,
Қарақат көзінде от бар, бал ерінің.
Мәжнүн емес ақынға кетті айналып,
Бар шипасы Ләйлә ғой дара емінің.

Ұлы Гәнжәуидің мың бір әлемінде,
Ләйләдай қыз бар аттас сымбатты.
Оның «жылап жазған бір өлеңіне»,
Жұрттардың күлгені шын батты.

Қаралы шеру топ жарса бір күн,
Жетісудің ақын бір ұлын алып.
Өксісе болды, тек Ләйлә жалғыз,
«Хамсасы» оның жүрегінің анық.

Жұматай жырдың тағдыры бөлек,
Жаны кезіп жүр, ғарышты айналып.
Жердегі күннің жарқылы демек,
Ләйлә қыз тұрса жақұттай жанып.
Кетпесін бейне сағымға айналып,
Ол ғарышта….

Бейтаныс жан

Тұншыққандай болмасыншы көмескі үн,
Білем сізбен мен де таныс емеспін.
Мың қиялдың түндігінен сығалап,
Келмеп еді, елесіммен егескім.

Таныс әлі емеспіз, бейтаныспыз,
Жақынбыз белгісіздеу, бейне алыспыз.
Құйын ойнап, жел ескен бақтарыма,
Үңіледі, сәт сайын бейтаныс күз.

Көздерінен бір терең сыр ұқтырып,
Толқындарын көңілдің бұзып кіріп.
Біз тоғысар жолдардың айырығы,
Кетпесе екен сан түрлі күдікті іліп.

Жүрегімнен жұлдыз-жыр тамыздырып,
Жапырағыма тамшы боп малынды үміт.
Сынық айдан төксе де ызғар сәуле,
Сағынышымды бүркедім жамылғы ғып.

Үнсіз ойды тасытып кемерінен,
Айтылатын бір сыр ғой дегенімен.
Тағыдырымның бұйрығын тосып,
Бейтаныс жан, бір күні келемін мен.

  Бауырыма

Бозінгендей боздадым, боздауық ем,
Көңіл-дария қайтейін, қозғалып сең.
Ішін тартып ұлыған ұлық дүние-ай,
Құм секілді көшесің сорға біткен.

Таусылар шағы ма еді білте майдың,
Айналған ба жапырақ күлге де айқын.
Керегімді тынады-ау алып қана,
Шалғайыма оралған шілде-қайғым.

Жанды сол шақ өртердей қанталап күн,
Қайғы мұңы түнерді анталап мұң.
Құрығына түстің бе, қайран бауыр,
Ажал дейтін аждаhа зәнталақтың.

Қалды артта анашың, қос бауырың,
Аяулы жар, үш тұяқ, дос қауымың.
Аспантау аясында тізбекке еріп,
Жалғасты құстарменен көш дәуірің.

Тағдыр желі ұшырып сағым айдап,
Бауырына тартты жер фәни-жайлап.
Тұғырында жастықтың қап барасың,
Маңдайыңа қарттық дарымай бақ.

Қиядан көзге ұрарым, қылаңдайым,
Жанымның енді қалай қылам жайын?
Кеземін сартап болсам өзің жаққа,
«Саялының» боп-бозғыл тұман сайын.

Сұлу күндер көздің жасын төккенмен,
Өзгермейді-ау, өмір заңы өткелдер.
Тәңіртаудың бір ұлына ей, Аллам,
Бейіштен нұр, жанына жұмақ көктем бер…

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here