Қазақ офицеріне ғашық болған…

0
38

«Сұм соғыс кімді жылатпады?» деп басталатын әңгімелерге қарағанда бүгінгі әңгімеміз өзгерек болатын сыңайлы. Себебі, украин қызы Любаның балалық, жастық шағы, махаббаттың құдірет күшімен Бөлеш Бірімқұлұлы Өзбековпен Қазақстанға келіп, келін болғаны әңгімеленеді.

Біз әуелі Бөлеш Бірімқұлұлының өмір жолына тоқталайық. Ол 1923 жылы Басши ауылында Тәжи мен Бірімқұлдың отбасында дүниеге келді. 1932-33 жылдары Басши, Нұрым және Калинин мектептерінде оқып, жетінші сыныпты аяқтады. 1939 жылы Жаркент педагогикалық училищесіне түсіп, екінші курста оқып жүргенде ел басына күн туып, сұм соғыс басталды. 1942 жылдың сәуір айында майданға аттанып, тамыз айында екінші Белорусь майданына, Бобружский бағытындағы Иван Черниховский ұрысына қатысты. 1943 жылы Прибалтика майданына ауыстырылды. Генерал-полковник Баграмянның қол астында взвод командирі атанып, шабуылға шыққан кезде Бөлеш өзінің қайтпас қайсарлығын, батылдығын көрсете білді.
Ержүрек майдангер 1943 жылы Одессаның жаяу әскерлер училищесінде алты ай оқып, елін жаудан қорғауға майданға қайта оралды. Ол Прибалтика майданынан бастап Псков, Ленинград, Рига, Польша, Чехославакия, Батыс Пруссия, Гамбург жерлерінде жаумен арпалысып, талай мәрте ерлік көрсетті. 1945 жылы Эльба өзенінен өткен кезде соғыс аяқталып, жауынгерлер шексіз қуанышқа бөленді. 1945 жылы мамыр айында Берлинде ұлттық батальон құрылып, онда Бөлеш Бірімқұлұлы екі жүз сексен жеті офицердің бірі болды. Жапония соғысына аттанып, 1946 жылы оралды. Өжеттілігімен, жанқиярлық табандылығымен көзге түскен ол ІІ, ІІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Жуков», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Бөлеш Бірімқұлұлы бейбіт өмірде Калинин колхозының бастығы Әсембек Әмірбаевтың қарамағында есепші, бригадир, колхоз бастығының орынбасары сынды қызметтер атқарды.

***
Өзбекова Любовь Гавриловна 1929 жылы Украинаның Полтавская облысы, Лутовиновка деревнясында Гаврило мен Евдокима Кругловецкийдің отбасында дүниеге келген. Самайын ақ шалған, ашаң жүзді сары әже құдай қосқан қосағы Бөлешпен жарты ғасыр бірге өмір сүріп, ұрпақ өрбітті. Сонау Украинадан қол ұстасып, бірге келген жан-жары Бөлеш қария 2009 жылы 9-мамырда, яғни Ұлы Жеңіс күні бақилық болды. Омырауында Ұлы Жеңіс күніне орай берілген медальдары сыңғырлаған Любовь Гавриловна Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылында немере-шөбере сүйген сүйікті әжелердің бірі болған. Тоқсан жасты алқымдап қалған ол украин жерінде өткізген өміріне бір сәт көз жіберіп, әңгіменің түйінін тарқатқан еді бір кезде.

***
Біз тұрған жерде үлкен алма бағы, қалың орман болды. Айнала жап-жасыл, көкорай шалғын. Украина жері де тамаша ғой. Балалық шағым өткен сол жер әлі көз алдымда. Өзені қандай! Оның жан-жағы — жасыл құрақ, маңы — ну орман. Керемет еді ғой. Саф таза ауасымен тыныстап, деревняның ұл-қыздары асыр салып ойнайтынбыз. Төртінші сынып бітіретін жылы «соғыс басталды!» деген суық хабарды естідік. Әке-шешеміз жылап, бүкіл ел күңіренді. Бала болсақ та, соғыс дегеннің жақсы емес екенін түсінгендей болдық.
Біздің жауынгерлер машинаға тиелген қару-жарақтарымен келіп жатты. Снаряд, патрон, автомат сынды қарулар мен оқ-дәрілерді түсіруге, жинауға көмектесетінбіз. Келген жауынгерлердің жүріс-тұрысы, олардың тамақтанғаны — бәрі бізге қызық көрінетін еді.
«Құлақ естігенді көз көреді» деуші еді. Құлағымыз естіген немістерді енді көзіміз көрді. Олардың машиналарының дауысы біздікіндей емес. Жан алғыш әзірейілдей, үрейіңді алатын. Сол бір дауыс әлі күнге дейін құлағымда. Өздерің кинодан көргендей, мотоциклдерімен сырнайлатып, деревнямызға келді. Оларды біздің жауынгерлер орманның ішінен қарсы алып, оқтың астына алды. Күнде атыс-шабыс. Олар бізді бомбалады, бізге оқ жаудырды. Біздер, бала-шаға, кемпір-шалдар болып қашатынбыз. Менің әкем қарт кісі еді. Бізге: «Балаларым, қашпаңдар! Егер ажал жетсе, бірге өлеміз!» дейтін. Қайдан қашпаймыз?! Немістердің ұшақтарының дауысы гуілдеп алыстан естілетін. Біз олардың келе жатқанын, жаппай бомбалайтынын білеміз. Сонда өзімізді қоярға жер таппай кетеміз. Қайда қашарымызды білмей, сасатынбыз. Олар келеді де бомбалайды. Ал, біз басымыз ауған жаққа қашамыз. Есіміз шығып, кімнің қайда қалғанын білмейміз. Басымызды сауғалап, әйтеуір қаша береміз. Өлгендер өліп жатады. Ал өлмегендер, атыс аяқталып, саябырлағанда, тыныштық орнағанда, тоқтаймыз да: «Бір жерде ит үре ме, әлде біреулер ыңырси ма, айқайлай ма?» деп тың тыңдаймыз. Осылайша дауыстарды естіп, кейін қарай, деревняға келетінбіз. Деревнядағы үлкендер қаза болғандарды жиыстырып, жерді үлкен етіп қазып, жерлейтін. Жауынгерлер де көптеп қырылатын. Оларды жиыстырып, сол үлкен баққа, жер қойнына тапсыратын. Біздерді «шошынып қаласыңдар» деп ол жаққа апармайтын. Олардың құжаттарын, мекен-жайларын, аты-жөндерін біліп, туған жерлеріне қара қағаз жіберетін. Соғыс аяқталғаннан кейін олардың әйелдері, аналары, әкелері, туыстары келіп, көз жастарын төгіп кететін. Біздің деревняның маңындағы егістік алқаптары қаза тапқан жауынгерлердің бейітіне айналды.
Біздің деревняның жанында үлкен май-ірімшік шығаратын зауыт пен үлкен элеватор болатын. Элеваторда тонналап бидай түсіріліп, ұн тартылатын. Тұрғындар осымен күн көретін еді. Бұларды біздің жауынгерлер: «немістер пайдаланбасын» деген оймен өздері талқандады. Бұл көрініс өте қорқынышты болды. Иттер ұлып, шал-кемпірлер мен бала-шағалар жылап, айқайлап, шулады.
Біз сыртқа шығуға қорқатынбыз. Арнайы қазылған жертөлелерде (погребтерде) күнелтетін едік. Оның бетін ағаш бұтақтарымен жауып қоятын. Онда ұйықтай алмайтынбыз. Ұйықтауға мүмкіндік болмайтын. Май шамдарымызды бақалар құлатып тастайды. Қараңғыда сәбилер жылайды, кемпір-шалдар күңіренеді. Немістерге лағынет айтады. Жейтін ас жоқ. Қарнымыз аш. Аш құрсақ балалар ызыңдап жылайды. Біздер, естиярлар, бәрін де түсінеміз, аштыққа шыдаймыз. Ал, кішкентайлар түсінбейді, тамақ сұрап жылайды. Жертөледегілер бір-бірімізге көмектесіп, барымызды бөлістік. Осылайша көп күндер мен апталар, айлар мен жылдар өтті…
…Көктемнің ашық күндерінің бірі еді. Айнала жым-жырт. Бейбіт күндегідей тыныштық. Әкем анама: «Ой, бұл не деген тыныштық?! Не біздікілер, не немістер жоқ. Құдай сақтасын! Немістер келмесін!» деді айналаға қарап. Анам да, біздер де қайран қалдық. Аспанға қараймыз. Шайдай ашық. Ауылдың маңында колхоздың жүгерісі егілетін. Сол жақтан автоматтың ба, пулеметтің бе тырылдаған дауысы естілді. «Тыныштық бұзылды! Бұл не?!» деп, бәріміз аң-таңбыз. Біршама уақыт өткен соң әкем: «Біздікілер келе жатыр!» деді. Шынымен де біздің жауынгерлер келе жатыр екен. Қызыл туды желбіретіп, барлаушылар келеді. Үсті-бастары лас, әбден арып-ашқан, ауыздары кеберісіп, шөлдеген. «Су беріңдерші?» деп сұрады. Деревня тұрғындарының біреуі сүт, енді біреулері су беріп жатыр. Осы жерде мен қазақ жігітімен — офицер Бөлешпен таныстым. Екеуміз бір-бірімізге бір көргеннен ғашық болдық десем болады. Ол қайтадан соғысқа кетті. Кетерінде: «Жди меня! Я вернусь!» деді. Мен жас едім ол кезде. «Ладно, ладно. Я буду ждать» дедім көзіме жас үйіріліп.
Арада көп күндер өтті. Бір күні атпен кішкентай бала шауып келе жатыр. Біз қорқып: «Немістер қайтадан пайда болды ма?!» деп қарап тұрсақ, ол: «Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс!» деп айқайлап келеді. Біз қалай қуандық сол кезде! Қуанышымыз қойнымызға сыймай, бір-бірімізді құшақтап, беттерімізден сүйдік. Сол сәттегі қуанышты айтып жеткізу сірә, мүмкін емес шығар?! Қарттар мен егде әйелдердің қуанғаннан жүректері жарылып кете жаздады. Қуанғаннан жүрек тұстарын ұстап, кейбіреуі әуелі дүниеден де өтіп кеткенін көзіміз көрді.
Біздің деревняның жақын маңайында теміржол стансасы бар болатын. Соғыстан кейін туған жерлеріне қайтып бара жатқан поездағы, машинадағы жауынгерлер әскери әндерді тамылжыта шырқап, қайтып бара жатушы еді. Ал біздер, қол бұлғап, қарап тұрушы едік.
Біз соғыстан кейінгі жылдарда бидай ордық. Астық жинадық. Күндердің бір күнінде тап-тұйнақтай киінген, мұнтаздай болып жуынып-таранған Бөлеш келіп тұр. Мен шынымды айтсам, танымай қалдым. Алдымда қасқайып қазақ офицері тұр. Ол маған: «Таныдың ба?» деді. Мен: «Таныдым, танымай не болыпты?» деп қоямын. Оны қарсы алғаныммен, үйде қонақ етіп күтетін азық-түлік жоқ еді. Ол: «Ештеңе керек емес. Әуре болмаңыздар» деді. Мұнда әскери қойма болатын. Бөлештің басшысы әкемді шақырып алып: «Әкей, менімен бірге жүріңіз» деп әлгі қоймаға алып барды. Онда астық салынған қаптар бар екен. Содан алты қап бидайды тиеп, үйге алып келді. Біз сонда қалай қуандық десеңізші! Бұрынғы элеваторымыз жоқ, кішігірім диірмендер де талқандалған. Бидайды пісіріп, қуырып жегенге мәз болдық. Сосын менің Бөлешім әкеме: «Мен қызыңызды Қазақстанға алып кетемін» деді. Әкем болса: «Балам-ау, Любаны қайда әкетесің? Қазақстан жердің түбі емес пе?» деп анам екеуі жылады. Әсіресе, әкем қатты жылады. Бөлеш болса: «Ол мұнда не істейді? Мен қызыңызға жақсы қараймын. Онда бізді ата-анам күтіп отыр» деп айналдырып жүр. Соңында әкем Бөлеш екеуміздің махаббатымызға қиянат жасағысы келмей, келісімін берді.
1950 жылдары мен Қазақстанға келдім. Басши ауылына келін болып түстім. Менің туған жерімдей жап-жасыл емес, айнала алаң-ашық. Мұндағы қазақтар да кедейшілік пен жоқтықта өмір сүріп жатыр екен. Мен көпке дейін үйрене алмай жүрдім. Қазақ тілін білмедім. Екі абысыным орысша жақсы сөйлейді екен, олар менен екі елі ажырамады. Маған ақылдарын айтып, осында сіңіп кетуіме септігін тигізді. Көп нәрсені Тәжи енемнен, абысындарымнан үйрендім. Енем марқұм жақсы адам еді. Мені украин қызы деп қарамай, өз қызындай мәпеледі. Аруағы риза болсын ол кісінің.
Көп ұзамай аяғым ауыр болды. Сөйтіп, Басшиде қала бердім. Ақырындап үйрендім. Енемді қарадым. Ол кісіні анамдай көрдім. Өзіміз ақтық сапарға шығарып салдық. Бөлеш екеуіміздің Борис және Болат деген ұлдарымыз дүниеге келді. Олардан сегіз немере, он екі шөбере сүйіп отырмын. Өмірлік дос бола білген Бөлешім тағдырдың жазуымен 2009 жылы 9-мамырда жер қойынына енді. Немере ұлым мен келінімнің қолындамын. Құдайға мың да бір тәуба деймін. Шөберелерімнің маңдайынан иіскеп, ұрпақтарымыздың қолынан дәм татып келемін. «Адамның басы — Алланың добы» дейді ғой, маған осы үш ұйықтасам түсіме кірмеген қазақ жерінің дәмі бұйырған екен. Украинаға 1968 жылы бір барып қайттым. Содан туыстарыммен хабарласып тұрушы едік. Кейінгі жылдары хат-хабар үзілді,-деп әңгімесін аяқтап еді. «Армансыз адам болмайды ғой. «Бармысың, бауырым», «Жди меня» бағдарламаларына хат жазып, туыстарымды тауып, олармен бір қауышсам деген арманым бар. Міне, қызым, менің көрген-білгенім осы. Біз көрген соғыс өрті жершарын шалмасын. Бірлігі жарасқан Қазақстанымыздың Президенті аман болып, еліміз өркендей берсін» деген ақ жаулықты әже былтырғы жылы өмірден өткен еді.

Люба әжеміздің әңгімесін тыңдап отырып, құдды бір көркемфильм көргендей әсерде қалған едім. «Орнында бар оңалар» дегендей, қазақ келіні атанып, ұрпақ өрбіткен әжеміздің соңында ұлдары мен немере-шөберелері қалды. «Адамның басы – Алланың добы» дегендей, қазақ жігітіне ғашық болып, қол ұстасып бірге келген өзге ұлттың қызына қазақ жерінде әдемі қартайып, әже атану бұйырған екен. Қазақ-орыс деп бөле-жармай, бәрін бір атаның балаларындай көріп, қазақы ауылға сіңіп, бірін «абысын», енді бірін «келін» деп, сый-құрмет көрсеткен Люба әжені батыр қыздың бірі деуге болады. «Өзге елге, бөтен жерге барып, түтінін түтеткен қыздарды батыр дер едім. Мен болсам, бөтен жерде бір сағат та тұрмас едім» деп Б.Момышұлы атамыз айтқандай, Ресейден Қазақстанға келіп, Тәжи мен Бірімқұлдың түтінін түтетіп, келін атанып, Бөлеш атты ұлдарына аяулы жар бола білген Люба әжемізге Алладан рақым, Пайғамбардан шапағат тие берсін. Артындағы ұрпағына бар жақсылықты тілеп, өмірде еш жамандық көрмесін дейміз.

Айнаш ҚАСЕНОВА.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here