Астанадан ақ тілек…

0
64
Фото авторы Д.Сағындық

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай Алматы облысындағы Астана күндері өтті. Осыған орай Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы аймағымызға гастрольдік сапармен келіп, талдықорғандықтар назарына үздік туындыларын ұсынды.

Дереккөз

Өнер ұжымы ең әуелі Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің «Ұлы дала әуендері» атты кешін ұсынды.  Концертте Шуберттің, Гайднның, Бродиннің, Жұбановтың, Жайымовтың, Тәттімбет пен Құрманғазының шығармалары орындалды. Виолончельші, ұжымның көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев, скрипкашылар Айдар Тоқталиев пен Алексей Лебедев және альт аспабының маманы  Бекзат Сайлаубайұлы классикалық, қазіргі заманғы сұранысқа ие  шығармаларды тыңдарман назарына ұсынды.  Бүгінгі таңда оркестрдің репертуарында қазақ және орыс композиторларының туындыларымен қатар әлемдік классикалық, батыс-еуропалық шығармалар бар. Ұжым мүшелері біліктілікті арттыру мақсатында аталмыш жанрдың  шеберлерінен арнайы тәлім алып, еуропалық жоғарғы оқу орындарында білімдерін жетілдірген.  Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты.  Қазіргі таңда  музыканттар Америка, Еуропа және Азияның  сахналарында жиі өнер көрсетеді.

Фото авторы Д.Сағындық

Келесі күні  «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы, эстрадалық би, «Шалқыма» би ансамблі, классикалық, эстрадалық вокал және халық ән бөлімінің солистерінің қатысуымен «Астанадан ақ тілек» атты гала-концерт өтті. Ұжым құрамындағы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Нұрбол Балапанов, «Қазақстан дауысы» III тележобасының жеңімпазы Мұратбек Хайролда, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Диана Май сынды әншілер заманауи әннен шашу шашты. Көпшілікті филармония жанынан құрылған «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының өнері  тәнті етті. Топтың негізгі мақсаты  қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеу болып табылады. Ұжымның басты ерекшелігі —  әрбір әртістің бірнеше аспаптарды меңгеруі. Қобыз, қылқобыз, домбыра, сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, сыбызғы сияқты аспаптарда ойнайтын талантты музыканттардың бірқатары  көмеймен ән айту техникасын меңгерген. Камшат Садықова, қала тұрғыны. Бүгінгі кешке «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының өнерін тамашалауға отбасымызбен арнайы келдік. Көптен бері қызығушылығымыз  артып жүрген болатын және кішкентай бүлдіршіндеріміз ұлттық музыкамен сусындап өсуі тиіс деп ойлаймын.   Төл өнерімізді насихаттап жүрген топтың әр қазақ үшін маңызы зор деп білемін. Кеш бойы әншілер мен бишілерді сүйемелдеп, қазақ күйлерін нақышына келтіре орындауынан  кәсіби шеберліктерінің жоғары екенін аңғару қиын емес. Маған Марат Бердіғұловтың күйі «Құлагер»  ерекше әсер етті. Тіпті, көзіме еріксіз жас үйірілді.

Дереккөз

Мәдени күндер аясында жетісулықтар назарына «Жыр атасы – Қабан жырау» атты әдеби-музыкалық кеш, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының қойылымдары, «Ақ тілекпен, Астана!» атты көрме ұсынылды.  Аталмыш көрмеге Тәуелсіздік сарайының қорынан С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Күлбатыров, Қ.Қаржасов, Е.Айтуаров сынды отандық қылқалам шеберлерінің  100-ден астам үздік туындысы мен түрлі мүсіндік композициялар қойылды.   «Көрмеге қойылған шеберлердің әр туындысы өзінің қайталанбас ерекшелігін бейнелейді. Еліміздегі бейнелеу өнерінің  қарқынды дамып, жас ұрпақ пен болашақ арасындағы өзара үндестікті көрсетеді»-дейді ұйымдастырушылар.

Дереккөз

Айта кетейік,  филармония 1997 жылы Ақмола облыстық филармониясының базасында құрылған. Қазіргі таңда құрамында 13 шығармашылық ұжым жұмыс істейтін қаланың жетекші концерттік-ағартушылық мекемелерінің бірі болып табылады. 2014 жылы астаналық концерттік ұйым «Академиялық» мәртебесін алып,  осындай құрметті атаққа ие болған еліміздегі  алғашқы филармонияға айналды. Бүгінде шығармашылық ұжым әртістеріне мемлекеттік деңгейде берілген 100-ге жуық  марапат бар. Филармония ұжымы Ресей, Белоруссия, Италия, Германия, Греция, Франция, Австрия, Швейцария, АҚШ және т.б. көптеген шетелдерге гастрольдік сапарларға шығып, Қазақстанның музыкалық өнерін жан-жақты көрсетіп жүр. Елордалық филармония Ресей, Германия, Польша, АҚШ, Латвия, Израиль,  Греция, Италия және т.б. шетелдің жетекші орындаушылары және дирижерларымен (Кшиштоф Пендерецкий, Владимир Ашкенази, Александр Чайковский, Денис Шаповалов, Саулюс Сондецкис, Пласидо Доминго, Андреа Боччелли, Сара Брайтман, Лара Фабиан, Суми Джо, Денис Мацуев, Владимир Крайнев Ринат Салаватов, Беньямин Юсупов, Роберт Канетти, Анастасиос Паппас, Роберт Гуттер, Максим Венгеров, Марко Скъяво және т.б.) ынтымақтастық етеді. Бүгінгі күні музыкалық ұжымдардың репертуарында 3000-ға жуық шығарма бар. Астанада тұңғыш рет Густав Малердің №5 симфониясы, Дмитрий Шостаковичтің «Ленинградская» №7 симфониясы, Людвиг ван Бетховеннің №9 симфониясы, Энн Ли Бэронның «Молчание Великой степи» кантатасы, Александр Скрябиннің «Поэма экстаза» шығармалары орындалды. Филармония әртістері театр жанрын терең меңгерген. Нәтижесінде  Петр Чайковскийдің «Щелкунчик», Жорж Бизенің «Кармен», Сергей Рахманиновтің «Алеко» және Арман Жайымның «Сұлтан Бейбарыс» шығармалары концерттік нұсқада көрсетілді. Өнер ордасында білім беру бағдарламаларына баса назар аударылған.  «Қазақ халқының халықтық музыкалық шығармашылығы», «Көрнекті композиторлардың күйлері», «Қазақстанның заманауи композиторларының музыкасы», «Путешествие по инструментам в симфоническом/духовом оркестре», «Сказки с музыкой», «Шедевры классической музыки», «Волшебный мир песни», «Песня – душа народа» сияқты  әртүрлі концерттердің абонементтік топтамалары жинақталған.

Фото авторы Д.Сағындық

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here