Ғасыр сыры сақталған мұрағат

0
96

Қазақ халқы  өзінің сан мың жылдық тарихында небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткергені анық. Арысын айтпағанда, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ашаршылықпен қабаттаса келген саяси қуғын-сүргін қасіреті ұлт басына төнген үлкен нәубет еді. Нақты дерек көздеріне жүгінсек, 1930 – жылдары бүкіл қазақ даласынан 103 мыңнан астам адам жазықсыз жер аударылып,  25 мыңы өлімге үкім етілген. Сондай-ақ, 1921-1954 жылдар аралығында жалпы қолдан жасалған ашаршылық пен соғыстан және қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жәбірлеуден 6 миллиондай қазақ  көз жұмған.

Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы Жарлығымен 1993 жылы 14 сәуірде қол қойылып, қолданысқа енген алғашқы заң сол бір зұлмат замандарда жазықсыз жапа шеккендерді жаппай ақтауға мол мүмкіндік берді. Бұл бағытта үстіміздегі 2018 жылдың 23 қыркүйегінде құрылғанына 100 жыл толып отырған аймақтағы ІІД-нің ақпараттық-талдау орталығы ауқымды істер атқарып келеді. Бүгінде онда  Алмас Игенбаевтың басшылық етуінде 20-ға жуық қызметкер бар. Олардың әрбірі – өз саласының білікті маманы. Аталған орталық басшысының орынбасары Жанар Тұрғанбекованың айтуынша, 2014 жылы ІІМ-гі ҰҚК-нен қуғын-сүргінге ұшырап, кейін «жазықсыз» деп ақталған көптеген адамдардың қылмыстық істері жөніндегі мұрағат құжаттарын қабылдап алған. Оның  ішінде жазықсыз жаза арқалап, жер аударылғандар, Кеңес одағы кезіндегі сарбаздар, Ұлы Отан соғысында қолға түскен тұтқындар, соғыста хабарсыз кеткендер туралы деректер бар. Осы орайда Алматы облысы ІІД-нің ақпараттық-талдау орталығына қуғын-сүргінге ұшыраған 8 мың адамның іс-құжаты берілген. Олардың кейбірі мүлде ақтауға жатпайды. Құжаттарды орталық қызметкерлері арнайы балансқа қойып,  компьютерге енгізу арқылы электрондық нұсқасын жасап,  дұрыс сақталуын қамтамасыз еткен. Негізгі міндет – анықталған кемшіліктерді дер кезінде жойып, оны қалыпқа келтіру үшін департаментке қарасты қызметтерге тиісті ұсыныстар беру, әрі оның ойдағыдай орындалуын қадағалау. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде бүгінгі күнде орталықтың базасында сақталған жалпы ақпарат 700 мыңнан асып, өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда жалпы құжат саны 27  мыңға жуық көбейген.

Міне, содан бастап, кешегі алмағайып замандарда ет жақын, туыс-туғандарынан көз жазған көптеген адамдар орталық қызметіне жүгініп, өз ата-бабаларымен басқа да жақындары туралы тың деректер тауып, суреттерін алып қайтқан. Сонымен бірге қазір мұндай адамдарға арнайы қол ұшын беруге арналған  ҚР ІІМ-нің ведомстволық WEB-порталы және әлеуметтік маңызы бар «Мемориал» сервисі жұмыс істеп тұр. Бұл кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы және олардың ақталғаны жөнінде  ақпарат іздеуге қолайлы. Осының бәрі ел Тәуелсіздігі жолында жанын қиған аға буын өкілдерінің тартқан азабын ұрпақ санасынан өшірмей, олардың өткен тарихқа деген көзқарасын айқындап, құрметін арттыру үшін ауадай қажет.

Ал, құрылғанына бір ғасыр толып, талай-талай бел-белестерді артқа тастаған Алматы облыстық ІІД-нің ақпараттық-талдау орталығында небір ұлт мақтанышына айналған білімді де білікті адамдар абыроймен қызмет етті. Солардың бірнешеуін жұрт назарына ұсына кетсек.

Нұрлан Жақсылықов 1937 жылы 30 қарашада бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Қапал жерінде дүниеге келген. Алғашқы  еңбек жолын туған жеріндегі халық сотында хатшы болып бастаған ол кейін Кеңес әскері қатарында шақырылады. Азаматтық борышын мүлтіксіз өтеп келген талапты жастың талпынысын ескерген аудан басшылары оған Қапал аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы, бөлім басшысы сынды жауапты жұмыстарды сеніп тапсырады. Осындай сындардан сүрінбей өткен Нұрлан Нүсіпбайұлы 1960-1964 жылдары Қапал аудандық Ішкі істер бөлімінде паспорт үстелінің басшысы болып тағайындалады. Осыдан кейін оның біліктілігін арттырып, білімін шыңдау керектігін жете түсінген аудан басшылары жоғарғы білім алуына ықпал етеді. Сонымен Нұрлан Нүсіпбайұлы 1964 жылдың тамыз айында КСРО ІІМ-нің Алматыдағы арнайы орта мектебіне қабылданады. Жан-жақты ізденістер нәтижесінде оқуын ойдағыдай бітірген оны тергеуші лауазымына көтеріп, арада үш жыл өткенде Алматы облысы Қоғамдық қауіпсіздікті күзету басқармасының аға тергеушілігіне өсіреді. Тынымсыз еңбегімен ерекше көзге түскен Нұрлан 1968 жылы Волгоград қаласында өткен Бүкілодақтық кеңеске қатысып, КСРО ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталады. Әрі он бес одақтас республика тергеушілерінің ішінен топ жарып шыққан санаулы мамандардың қатарынан орын алып, елге абыроймен оралған. Осылайша өз саласының үздігі атанған ол, 1969-1975 жылдары Талдықорған қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, КСРО ІІМ-нің Қарағандыдағы жоғары оқу орнын бітіреді. Көп өтпей Талдықорған облысының ІІБ Ақпараттық орталығының басшысы тағына жайғасып, бұл қызметті 1975 жылдың желтоқсанынан 1979 жылдың маусымына дейін абыроймен атқарған. Осы уақыт ішінде оның  бұл салада да қол жеткізген жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, Нұрлан басқарған тұста Талдықорған облысының ІІБ Ақпараттық орталығы 1978 жылы жалпы Республикада бірінші орынды жеңіп алып, Мәскеу қаласында КСРО ІІМ Ақпарат орталығы  өткізген бүкілодақтық кеңеске қатысады. Осындай елеулі еңбектерінің нәтижесінде ол  «КСРО ІІМ-не еңбек сіңірген қызметкер» тағы басқа да 20-дан астам төсбелгісі және «Еңбек ардагері» медалін еншілеген.

Балалық шағы ашаршылық пен Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келген  Мәкен Кәрімжанова 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданында дүниеге келген. Ата-анасы, басқа да жақындары аштықтан көз жұмған ол  1932 жылдан 1944 жылға дейін Семей қаласындағы балалар үйінде, кейін №11 мектеп -интернатта тәрбиеленген. Білім алуға жаны құмар жас қыз 1944 жылы арманын арқалап Алматығағы жаңадан ашылып жатқан Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Көп өтпей оқу үздігі атанған ол, екі мәрте  Москваның қызыл алаңында өткен дене шынықтырушылардың Бүкілодақтық спорт парадына қатысады. Әрі Қазақстан Республикасы Лениншіл Жастар Одағы Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Институтты үздік бітірген жас қыз Семей қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеде 3 жыл тарих пәнінен сабақ береді. Тұрмысқа шыққан соң яғни 1951 жылы жары Әшімхалыны  КСРО Қарулы күштері қатарына шақырады да, Өскемен-Зырянск жолының құрылысына жібереді. Жас жұбайлардың одан кейінгі бес жылы Ресейдің Саратов-Куйбышев жерлерінде өтеді. Елге қайтып оралғаннан кейін Мәкен Кәрімжанова Алматы облыстық Ішкі істер басқармасының жедел қызмет саласына қабылданып, еңбек жолы қайта басталады. Ізгі ізденістерімен биіктерді бағындыра білген білікті маман Ішкі істер министрлігінде арнайы білім алған соң оның бұл мамандыққа деген қызығушылығы арта түседі. Тіпті, дактилоскопияның пайда болу тарихын зерттеумен де шұғылданды. Оның айтуынша, Каллиграфиялық қолтаңба терминін ең алғаш 1987 жылы Үндістанда жергілікті тұрғындардың алақанындағы сызықтарды зерттеп жүрген ағылшын Вильм Гершел енгізсе, біздің дәуірімізге дейінгі 700-ші жылдары саусақтан таңба алуды қолданысқа енгізген қытайлар екен.

«Әлемде қанша адам болса олардың саусақ бедерлері бір-біріне ұқсамайды. Өмір бойы өзгеріске де ұшырамайды. Папилярлық өрнек деп аталатын бұл құбылыс сәбидің жеті айлығында жетіліп болады екен. Тіптен бір шаранадан жаралған егіздердің де саусақ бедерлері әртүрлі болады. Абақтыға қамалғандардың, айрықша тіркеуде тұратын қылмыскерлердің саусақ бедерлерін анықтау мен үшін аса зор жауапты жұмыс болды. Саусақ таңбасы арқылы қаншама қауіпті қылмыскерлерді анықтауға еңбек сіңіргенімді қазір мақтан тұтамын»,- дейді қазақтың ең алғашқы дактилоскопия маманы.

Осындай жауапты жұмыста жүргеніне қарамастан ол ұзақ жылдар ішкі істер органындағы әйелдер кеңесін басқарған. Әрі қатарынан 17 жыл партбюро мүшесі болып сайланады. Ширек ғасыр ерінбей еңбек еткен Мәкен Кәрімжанова майор шенімен 1987 жылы демалысқа шыққан.

 Сәуле Сәрсебайқызының есімі Ішкі істер саласына сіңірген ерен еңбегімен әйгілі. Мектепті бітіре салысымен Алматыдағы Медицина институтына құжат тапсырған оның «Дәрігер болсам» деген маңдай алды арманы орындалмаған. Есесіне оған ғұмыр бойы құқық қорғау қызметін қамтамасыз ету бақыты бұйырыпты. Сонымен, талапты жас алғашқы еңбек жолын Ішкі істер саласындағы кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін инспектор болып бастаған. Кейін құдай қосқан жары, аға тергеуші Сәкеннің қолдауымен Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай бітіріп шығады. Сонымен ол ішкі істер мекемесінде тергеуші болып мәртебелі мамандықтың тізгінін ұзақ жылдар бойы ұстайды. 1995 жылы Мемлекеттік тергеу комитеті құрылып, ішкі істер органындағы мамандар да, техникалар да тергеу комитетіне өтеді. Сол кезде ішкі істер органдарындағы ақпараттық жүйе Тергеу комитетіне берілді де, полицияда қалған қызметшілер бәрін қайта бастан бастауға тура келеді. Мамандардың дені жаңадан құрылған салаға ауысып, ішкі істер органында тек өз мамандығына адал да іскер азаматтар ғана іріктеліп қалды. Солардың бірі де бірегейі болып танылған Сәуле Сәрсебайқызы Ақпараттық орталықтың басшысы міндетіне тағайындалады. Сонымен ол осы салада қордаланып қалған көп мәселелерді дер кезінде шешуге атсалысып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындайды. Әріптестерімен бірге күнді түнге жалғап жұмыс жасаған ол, аталмыш орталықтың дамуына сүбелі үлес қосады. Осылайша, қысқа уақыт ішінде небір қиындықтарды жеңіп, сол кездегі Талдықорған облысының ақпараттық орталығын толығымен жаңартуға күш салды. Бүгінде демелыстағы полиция полковнигі Сәуле Балтабаева Алматы қаласы ішкі істер мекемесінің ардагерлер кеңесінің хатшысы. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты әже.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here