Қапшағайдың іскер әйелдері Түркиямен әріптес атанады

0
22
Дереккөз

Түркия Республикасы Бурса қаласының делегациясы Қапшағай қаласына жұмыс сапарымен келіп, іскер әйелдермен кездесті. Делегация құрамында Бурса қаласының әйелдер конфедерациясының президенті Дилек Дурак, Бурса қаласының әйел кәсіпкерлері ұйымының жетекшісі Сельвиназ Ирман, Түркі халықтарының қорының президенті Ахмед Дагдуран, сонымен бірге ғалымдар, депутаттар мен бизнес-ханымдар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалының қызметі мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Түрік делегациясы Бурса және Қапшағай туыстас қалалар болып табылатынын атап айтты. Бурса — Түркиядағы Ыстамбұл, Анкара мен Измирден кейінгі ең ірі қала. Түрік кәсіпкерлері мен қоғам өкілдері қазақстандық әріптестерімен әлеуметтік-экономикалық және мәдени салада әріптестік байланысты орнатуды мақсат етіп отыр. Қапшағай қалалық Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен жиында Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, Іле ауданының шағын кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Жанна Телпекбаева өңірдегі әйел кәсіпкерлігінің дамуы жөнінде кеңінен тоқталып, Іскер әйелдер кеңесі қызметінің нәтижесі туралы айтып берді. «Іскер әйелдер кеңесі Алматы облысының барлық аудан орталықтары мен қалаларында ашылған. Жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен жұмыссыз әйелдерді қолдау мақсатында тұрақты түрде семинар-тренингтер, оқытулар жүргізілуде. Биыл Әйел кәсіпкерлігін қолдау қоры ашылып, алғаш рет шағын несиелендіру бағдарламасы іске қосылды», — деп атап өтті Жанна Телпекбаева.

Қапшағай қаласындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Исканованың айтуынша, қалада тіркелген 3,4 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысын әйел азаматтар басқарады. Әйелдер бизнесі негізінен сауда, қоғамдық тамақтандыру мен қызмет көрсету саласында шоғырланған. Өткен жылы іскер әйелдердің бастамасымен «Бәрі де рахмет үшін» әлеуметтік дүкені ашылды. «Әріптестік аясында студенттермен алмасу, кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру бойынша жобаларды іске асыру маңызды. Сонымен қатар, екі қаланың кәсіпкерлері үшін бизнесті дамыту тәжірибесі мен технологиялары да қызықты болмақ», — деді Гүлжан Исканова.

Өз кезегінде түрік делегациясы туризм, ауыл шаруашылығы, сүт өңдеу, тігін-тоқыма өндірісі, сонымен бірге әлеуметтік сала, қолөнер саласындағы жобаларды бірге іске асыруға дайын екендерін жеткізді. Айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында Қапшағай қаласының Іскер әйелдер кеңесі мен Түркі халықтарының қоры әріптестік жөніндегі меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here