Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат

43
Дереккөз

Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 2017-2018 оқу жылында қала мектептерінде “Ата-баба дәстүрі  ұрпаққа аманат” бағдарламасы негізінде  өткізілген тәрбие сағаттарының қорытынды жиыны өтті.

Аталмыш жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қалық,  бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар қоғамда орын алып жатқан оқиғалар, жастар тәрбиесі, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүріміз  жөнінде ой қозғады.  Өтенай ауылындағы №21 орта мектептің әжелер төрайымы К. Атеева “Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы, қойнауы құтқа толы ұлы мекенді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ата-бабаларымыз ұрпақтарына аманаттаған. Ата-бабаларымыздан аманатқа қалған ел мен жерге ие болу, аманатқа қиянат қылмау – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы. Аманаттың салмағын, парыздың қасиетін, борыштың сұрауын ұрпақтың бойына дарыту, үрдісті үзбей, дәстүрді бұзбай жеткізу – аға буынның міндеті”-деп бағдарлама аясында  мектепте өткізілген тәрбиелік  шараларға кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар ардагерлер ұйымының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Зәуре Жақатаева аталмыш бағдарламаның маңызы жайында баяндады. —Әр жыл сайын бұл шара жаңарып отырады. Яғни, берілген тақырып аясында іздену мен үлкен шара ұйымдастыру жаңа бағытта дамиды. Осындай шаралар нәтижесінде оқушылардың таным-түсінігі кеңейді, жүректерінде патриоттық сезім оянды, көркемсөздің қасиетін түсіну, би билеу, ән айту шеберліктері шыңдалды. Біліммен алынған осындай тәрбие оның жеке тұлға болып қалыптасуына, өз елінің жанашыры болуға жетелейді десем артық айтқандық емес. Мұнда тек бір адамның еңбегі ғана емес, осы шараға атсалысқан барлық ұжымның, ата-аналардың, өзіндік өнерін көрсеткен оқушылардың, еліне деген махаббатын жеткізе білген бүлдіршіндердің еңбегі бар. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қалық шара барысында айтылған ұсыныстардың ескерусіз қалмайтындығын айтып, “Мұндай шаралардың өскелең ұрпаққа берері мол. Тарихымыз бен дәстүріміз дәріптеледі, оларды өсіп келе жатқан жастардың бойына сіңіреміз. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл құндылықтарымызды насихаттау біздің азаматтық борышымыз”-деді. Шара барысында жыл бойы үздік нәтиже көрсеткендер Алғыс хат және Құрмет грамотасымен марапатталды.  

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page