Қала әкімінің 100 күні: не жасалды, не жасалу керек?

0
504
Сурет авторы А.Нұршанов

4-қыркүйекте Талдықорған қаласына Дастан Шалтабаевтың әкім боп тағайындалғанына 100 күн толды. Осы уақытта қандай істер атқарылды? Алдағы жоспар қандай? Қаламызды қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл сұрақтарға қала әкімі Дастан Тұрарбекұлы жауап берді. Әкіммен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Дастан Тұрарбекұлы, мемлекеттік қызметтегі дәстүр бойынша, осы жүз күн ішінде лауазым иесі өзінің жоспарын құрып, басымдықтарды белгілейді. Сіздің жоспарыңыз дайын шығар. Қай салаларға басымдық бересіз?

— Талдықорған қаласы – Жетісудың жүрегі, Алматы облысының орталығы. Осы қалаға әкім болу – маңдайыма жазылған бақ шығар деп есептеймін. Міне, көзді ашып-жұмғанша 100 күн де өте шықты. Әріптес ағаларым «Әкім боп тағайындалған соң 4-5 айдан кейін бірақ ретке келесің. Оған дейін жан-жағыңмен танысып, әр мәселені жете түсінесің» деп еді. Алайда, менің жұмысқа бейімделуіме ары кетсе 1 апта кетті. Ұжым жақсы, мамандар жақсы. Солардың көмегімен барлық саламен жете танысып, жетістіктер мен кемшіліктерді сараладым. Ендігі жерде, талдықорғандықтарға қызмет етуді борышым деп есептеймін.

Қалаға әкім боп келе салысымен коммуналдық жүйеге басымдық бердім. Бұл саланы өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы да мықтап тапсырған еді. Әсіресе, қаланың тазалығы, көркеюі, гүлзарларды көбейту, көшелерді абаттандыру, көгалдандыру бағытында жұмыс атқарудамыз. Көпқабатты үйлердің қысқа дайындығы, айналасының тазалығы, қасбеттерінің қала келбетіне сай болуы үшін ПИК төрағаларымен, Тұрғын үй инспекциясымен жұмыстар атқарып, нақты бағыттарын белгілеп бердім. Талдықорған бойынша ең үлкен ПИК «Романтик», қарамағында 28 көпқабатты үй бар. Сол үйлерді аралап шықтым. Көбінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Подъезд тазалығы, ондағы терезелердің жағдайы, есіктері, электр щиттары, жертөлесіндегі элеваторлық байламдардың қорғаныстары ескірген. Әрине, оны 2-3 күнде жасаймыз деп айта алмаймын. Бірақ осы аталған кемшіліктерді түзеу үшін тиісті қызметтерге тапсырма берілді.

Жеке тұрғын үй массивтеріне де басымдық беріп отырмыз. Олардың көшелері мен инжинерлік желілеріне бас мән берілді. Ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын Әлімжанов көшесін жаңғырттық. 97 электр бағанасын қойып, жарықтандырдық. Ендігі мәселе – жеке меншік сектордағы тазалық.  Қазір кварталдық кеңестер құрып жатырмыз. Бірінші жиналысты өткізіп қойдық. Мемлекет меншігіндегі жерлердің тазалығына жергілікті әкімдік жауап береді. Енді әр азамат өз үйі маңының тазалығына қарау керек қой. Мәселен, қақпаңның екі жағы ошаған, тікен боп тұрса – оған кімді кінәлайсыз? Тазалыққа біздің бабаларымыз ертеден-ақ мән берген. «Күлді шашпа, кірдің суын аяқ баспайтын жерге төк, көшеріңде жұртты жинап кет» деген сөздерді баяғы ата-әжелерімізден естіп өстік қой. Енді осы жұмыстармен қалада құрылып жатқан кварталдық кеңестер айналысатын болады.

Мен басымдық берген тағы бір сала – жабайы саудамен күрес. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, қазіргі кезде Қараағаш, Көк базар, Алматы, Шаған сауда үйлерінің маңы реттеліп қалды. Ендігі кезекте сол Гауһар ана көшесін мемлекет меншігіне қайтарып, жөндеуден өткізіп, 2 бағытта қылып ашуды жоспарлап отырмыз. Егер ол көше 2 бағытты болса, жан жағына көлік қойылмайды.  Көше ретке келеді. Биылға жөндеу жоспарланған 21 көшенің 12-сінде жұмыстар аяқталды. Күрделі жөндеуден 10 көше өткізілді.

— Әрине, 100 күн көп уақыт емес. Дегенмен, нәтиже көрсету үшін аз да уақыт емес. Нәтижелі жұмыстар жайында тоқталып өтсеңіз.

— Осы уақыт аралығында екі арендалық және бір коммуналдық үй салынып бітіп, қала тұрғындарының пайдалануына 180 пәтер берілді. 100 және 75 орындық екі жеке меншік балабақша ашылды. Қалаға тиесілі ауылшаруашылық жерлерді электронды картаға енгізу көрсеткіші 21% болса, бүгінгі күні 100 пайызға жетті. Астананың 20 жылдығына орай Талдықорғанда Астана және Қадырғали Жалайри даңғылдары мен Зылиха Тамшыбай, Бәйкен Әшімов көшелері ашылды. Мемлекеттік бағдарламар жоспарға сай орындалып, тоқсандық, жарты жылдық дамуда қарқын жоғалтқан жоқпыз. Бұның барлығы бірлескен еңбектің арқасы.

— Сіз келгенде оқу жылы аяқталып жатқан. Міне, 100 күнде оқу жылы қайта басталып жатыр. Талдықорғандықтар жаңа оқу жылына қандай жаңалықтармен келіп отыр?

— Талдықорғанның тарихында болмаған жағдай – биыл қалада 1200 орындық 2 бірдей жаңа мектеп ашылып отыр. Штаты, оқушылары толық қамтамасыз етілген. Бірі 6,7,8-ші шағын аудандардың тұрғындарына арналған №28 IT мектеп-лицейі.

Кезінде осы мектептің жобасын жасауға өзім де қатысқан едім. Сол кезде бұл мектеп кәсіптік болады деп жоспарланған. Сыныптарының жабдықталуы, спецификасы, санитарлық талаптарға сай келуі де сол кәсіптік мектеп негізінде жобаланған. Жобаны 2008 жылы Алматыдағы «КазГОР» академиясы жасаған. Қаланың Оңтүстік-Батыс ауданын дамыту 2011 жылдан бастап жүзеге асты. Алдыңғы жоба ескіргендіктен, қайта толықтырылып, былтыр құрылыс жұмыстары мықтап қолға алынған. Жақсы істің басына жақсы себеп келеді ғой. Біз осы 28-мектепті ашайық деп жоспарлап жатсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінен хат келіп тұр. Онда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына орай, әр облыс орталығында ақпараттық технология мектебі ашылуы керек делінген. Жобасы кәсіптік мектепке ыңғайланған осы мектепті сол ұсыныс аясында IT мектеп-лицейі ретінде аштық. Бүгінде бұл мектепте 1140 бала оқуын бастады.

Сондай-ақ, қаламыздың Солтүстік-Батыс ауданында да жаңа №27 орта мектеп ашылды. Мұнда да 6 бірінші сынып жасақталды. 750-ге жуық бала партаға отырғызылды.  Бұл ғимараттың да жобасы өте сәтті жасалған. Кең, биік, еңселі. Жаңа оқу жылына жаңа мектептермен қатар 2 мектебіміз күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылды. Бірі №5 мектеп-лицейі. Қос мектептің ашылуынан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы өзі бастап осы мектепке де кіріп шықты. Мектеп ұжымы мен оқушылар, сондай-ақ ата-аналар да облыс басшысына алғысын айтып, атқарылған жұмыстарға ризашылығын жеткізді. Облыс әкімі де мектеп ішін аралап, жөндеу жұмыстарына оң бағасын берді. Биыл күрделі жөндеуден өткен мектептердің бірі — №13 орта мектеп. Мұнда жаз кезінде жұмыс кестесінен қалып қою тіркелген болатын. Дұрыс қадағалау мен ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде, барлық шаруа қыркүйек айына дейін жасалып бітті. Өзге мектептердің барлығы ағымдағы жөндеуден өтті. Бүгінде балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр.

— Сіздің Талдықорған туралы әкім болғанға дейінгі және әкім болғаннан кейінгі ойларыңыздың арасында айырмашылық көп пе? Қаланың мәселесі тым көп емес пе екен?

— Талдықорғанға мен 2001 жылы көппен бірге көшіп келгенім. Қаланың тыныс-тіршілігін сол кезден бері білемін. Облыс алғаш көшіп келіп жатқан кезде қала қаңырап тұрды. Жылу жоқ. Қираған, бұзылған үйлер көп. Негізгі 3-4 көшеде ғана бағдаршам бар. Коммуналдық жүйедегі мәселелер қандай еді? Жолдың бәрі бұзылған. Ол кездері осы 2-шағын аудандағы жатақханалар қирап тұрды. Алдабергенов көшесіндегі көпқабатты үйлердің сиқы қорқынышты болатын. Сол заманғы мәселелер мен қазіргі мәселелерді салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей. Шешілмейтін мәселе жоқ. Біртіндеп бәрі ретке келеді. Мен Талдықорған қаласына әкім болам деп ешқашан ойлағам жоқ. Оның алдында да Алматы облсының Құрылыс басқармасының басшысы, Алматы облысының бас сәулетшісі болам деп ойламаған едім. Бірақ қай істе болмасын бел шешіп, білек сыбана кірістім. Артылған жауапкершілікті абыроймен арқалауға тырыстым. Бағасын халық бере жатар.

— Жұмыс кестеңіз ретке келді ме? Бұрын спортпен айналысқаныңызды білеміз. Бүгінде спортқа уақыт бар ма?

— Әзірге жұмыс кестемнен спортқа уақыт таба алмай жүрмін. Бірақ, оны қолға алу керегін білемін. Өткенде қаламыздың спортшы жігіттері футбол ойнауға шақырды. Уақыт тауып бір күндері оған да барармыз. Орайы кеп тұрғанда айта кетейін, 11-қыркүйекте «Қала күні» мерекесі аясында әкімдік командасы қаламыздың танымал спортшыларымен «Болашақ» стадионында шағын футболдан жолдастық кездесу өткіземіз. Келіп көріңіздер. Қазір қыс алдындағы қарбалас. Жұмыс көп. Күнделікті жұмысымды қаланы бір қабат аралап шығудан бастаймын. Сағат 8-дер шамасында жұмысқа келемін. Жаңа адам болған соң танысуға келгендер қарасы әлі де басылар емес. Жұмыс орнынан түстеніп алған соң бір-екі сағатымды поштаға бөлемін. Хаттарды қарап, газеттерді оқып шығамын. Әлеуметтік желілерді саралап, өзекті деген мәселелерді өзіме түртіп аламын. Кешке салым қайтадан қаланы аралап, таңертең берілген ескертулердің орындалуын қадағалаймын.

— Биылғы «Қала күні» мерекесін талдықорғандықтар жаңа әкіммен қарсы алғалы отыр. Мерекеде қандай жаңалықтар болады?

— Қала күнін мерекелеу бүгіннен басталады. Бүгін Оқушылар сарайы мен Галереяда «Жайнай бер, жаңарған Талдықорған» атты жас суретшілер көрмесі өтеді. Әкім болған 100 күн мен қала күні мерекесінің басталуы бір күнге сәйкес келіп тұрғаны да бекер емес шығар. Жалпы, қала күнін тойлаудың мәдени шараларын айтпағанда, биыл біз І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайын толық жөндеуден өткізіп, ашамыз. Одан бөлек, орталық алаңдағы субұрқақтарды қолданысқа береміз. Жаңартылған «Өркен» спорт кешенін ашып, қала күніне арналған турнир өткіземіз.Тәуелсіздік көшесінің бойынан шағын аллея ашатын боламыз. Мереке аясында оқушылар, студенттер, орта буын, аға буын өкілдері толық қамтылатын шаралар өтеді. ҰОС ардагерлері мен жалғызбасты қарияларға отын-көмірін дайындауға, үй маңын тазалауға қолғабыс етеміз. Әлеуметтік аз қамтылған топтарға қайырымдылық акцияларын ұйымдастырамыз. Шаралардың уақыты мен орны туралы ақпараттарды жуырда БАҚ беттерінен және әлеуметтік желідегі әкімдік парақшаларынан толық таныса аласыздар.

 — Әңгімеңізге үлкен рахмет! Еңбегіңіз еселене берсін!

Сұхбаттасқан Данияр БОЛЫСБЕКҰЛЫ.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here