Қала күні мерекесі 1 ай көлемінде тойланады – Талдықорған қаласының әкімі

0
476
Сурет авторы А.Нұршанов

Талдықорған күні қыркүйек айының 4-і мен 29-ы аралығында бір ай көлемінде тойланады. Аясында түрлі фестивальдер, спорттық шаралар, әлеуметтік нысандардың ашылуы, мерекелік концерттер жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев мәлімдеді.

Сурет авторы А.Нұршанов

Қала әкімінің айтуынша, биылғы мерекенің ерекшеліктері өте көп. Бастысы – қалаға көрік беретін тарихи нысандардың түбегейлі жаңартылуы. Қыркүйектің соңына дейін І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы, орталық алаңдағы субұрқақ, «Өркен» спорт кешені толық жаңаланып, пайдалануға беріледі. Ал, 29-қыркүйек күні «Жастар» саябағында қала тұрғындарына ұзындығы мен ені 3 метрден болатын мерекелік торт пен пица таратылады.

Әр аптаның сенбі күндері «Күз тартуы» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жасыл желекті қаламыздың тазалығы да әрқашан назарда. Мереке бойы қала аумағында «Асар» ұйымдастырылып, аясында тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен шағын демалыс орындары, сондай-ақ аулалар тазаланып, қалпына келтіріледі. Жастарға арналған «Көшбасшы-2018» фестиваль-байқауы, «Жайдарман» ойындары, «Денсаулық» фестивальдері өтіп, үздіктер марапатталмақ. Дәстүрлі «Үздік, үлгілі» байқауы аясында топ жарған талдықорғандықтар анықталады. Одан өзге «Кино күні», «Балалар әлемі», «Салтанатты неке қию рәсімі» сынды шаралар да өткізіледі.

Сурет авторы А.Нұршанов

«Қала күні – талдықорғандықтар тағатсыздана күтетін айтулы мереке. Біз бұл мерекеге толайым табыстармен келіп отырмыз. Елбасы саясатының арқасында, Амандық Ғаббасұлының қолдауымен Жетісудың бас қаласы күннен күнге жаңарып, жарқырап келеді. Сонау, Талдықорған облыс орталығы болған 2001 жылдағы жағдаймен қазіргі қаланы мүлдем салыстыра алмаймыз. Ол кездегі көшпен бірге мен де келген едім. Содан бері Талдықорған мен үшін өте ыстық, әрі сүйікті қалаға айналды. Бұйырса, алдағы жылдары Талдықорғанның облыс орталығы болған мерейтойларын кең көлемде атап өтетін боламыз. Сол күндерді бірге тамашалап, Талдықорғанның жетістіктеріне атсалысып жүруге баршаңызды шақырамын» деді Дастан Тұрарбекұлы.

Мәслихат барысында қала әкімі журналистердің сауалдарына жауа беріп, еркін пікір алмасты.

«Қала күні – 2018» мерекелік жоспарымен толығырақ осы жерде таныса аласыздар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here