Жүрек қалауы

0
61
(Болған оқиға ізімен)
Жүктерін әрең көтерген шынашақтай қария қалбалақтап келіп, қолындағы сөмкесін  еденге қойып,  аурухана төсегінде жатқан кемпірінің бетінен сүйді.
— Өй, жаным, қалай жеттің? Өзің ғана келдің бе? Ауырып қалған жоқсың ба?-деп кемпірі де айналып-толғанып жатыр.
Ауылдарының, үй-ішінің  жаңалықтарын айтысқан қос қария біраз отырды.
 — Қайт енді,автобустан қалып қоярсың,-дейді бәйбішесі қариясына қамқорлық танытып.
-Иә, мен қайтайын, біраз отырдым. Ана тамақ суымай тұрып ішіп ала ғой, деп қария орнынан тұрды.Атамызды бетінен емірене сүйген апамыз қариясын есіктен шығарып салып, кереуетіне келіп отырды.
-Қыздар, тұрыңдар.Шалдың әкелгендерін суымай тұрып ішіп алалық,-дегенді де ұмытқан жоқ.
— Апа, сыйластықтарыңыз керемет екен,-дедім сөз арасында.
— Е, қарағым-ай, оны сыйламағанда, кімді сыйлаймын? Ондай адам жер бетінде некен-саяқ. Екеу болса соның біреуі, біреу болса-сол жаңағы атаң,- деді де апамыз ойланып қалды. Сосын, кеңірек тыныстап алды да, әңгімесін жалғастырды:
— Оқу бітіріп, ауылға медбике болып орналасқаныма біраз ғана уақыт болған. Бір күні «Қызмет бабымен іссапарда жүрген бауырың жол апатына түсіп, аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіліпті»,-деген суық хабар алдым да, аудандық ауруханаға тарттым. Дәрігерлер жиналып қалыпты. Бір-бірімен ымдасқандарынан-ақ, жағдайдың мәз емес екенін түсіндім. Оларға: «Ағатайымды аман алып қалыңыздаршы» деп жалынып, жылап жібердім.
-Қоя ғой, қалқам, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, енді палатадан шығыңдар,-деді дәрігердің бірі. Көзім бұлаудай, сыртқа шықтым.
-Ол кісіге операция жасалады. Орнынан қозғауға болмайды екен,-деді медициналық училищені бірге бітіріп, осы ауруханада жұмыс істеп жүрген құрбым.
Сонымен не керек, сағаттарға созылған операцияның бітуін тағатсыздана күттік.Дүниеде ең қиыны күту екен ғой. Операция әрең аяқталды.Ақыры сал болып қалған ағам аурухана төсегіне ұзақ таңылды. Біздер оның жанының аман қалғанына қуандық.
Сондай беймаза күндердің бірінде жұмыстан кеш қайтқанмын. Қақпадан кіргенім сол еді, есіктің алдындағы ағаш орындықта екі иығы селкілдеп жылап отырған әкемді көріп, шошып кеттім.Қорыққан мен қуанған бірдей деген ғой, тез-тез басып жанына жетіп барып:
-Әке, әке тағы не болды, тыныштық па?-деп, иығынан ұстап, отырған орнынан тұрғызып алыппын.Жас кезімде палуандар сияқты күшті едім.
-Қызым-ау, Аллаға не жаздық екен? Масқара, масқара болдық қой,-деді ол еңкілдеп.
-Не болса да, дұрыстап түсіндіріңізші?-деймін істің анық-қанығын біле алмай.
     Әкеміздің  үзіп-үзіп айтқанынан ұққаным, ағамның мүгедек болып қалғанын естіген жеңгем балаларын қалдырып, үйдегі керек-ау деген    нәрсенің бәрін жинап, төркініне тайып тұрыпты.
-Кетсе кетсін, бауырларым қалса болды. Жыламаңыз, біз аманбыз, бәрі оңалады,  тек  жыламаңыз,-деп әкемді жұбатып жүрмін.
-Үйдегі ағаңның көлік алмақ болып жинастырып жүрген ақшасының да түгін қоймай сыпырып әкетіпті,-дейді анам ухілей, үйге кірмек болып беттеген менің артымнан ілесе жүріп. Олар жататын бөлмеге кіргенмін. Сол кездегі жағдайы бар-ау деген  үйлерде ғана кездесетін,    екі жақ  қабырғада ілулі тұрған кілемдерге дейін алып кеткені бос тұрған қабырғалардағы шегелерден көрініп тұрды.
— Мейлі, әкете берсін,-дедім жанарым жасқа шыланып.
Не керек, сол күні салтанаты мені сәні келіскен үйдің шаңырағы ортасына түсіп,  қара жамылғандай күй кешкен едік. Ауруханадағы жұмысым бар, аудан орталығындағы ағама күнара баруым керек,  үйдегі жұмыс, бала-шаға, әбден қалжырап кеттім. Бірақ шыдадым. Алғашында ағам жеңгемді жиі сұрайтын.
— Шешесі ауырып үйіне кетті, үйдегі балалардан шыға алмады, өзі ауырып келе алмады,-деген түрлі сылтаудан шаршады ма,  әлде біреулер айтып қойды ма екен, болмаса  жүрегі сезді ме келе-келе ағам жеңгемді сұрауды да қойды.  Ауыр жарақатқа дәрігердің емі қонбады ма, жоқ әлде өзін ешкімге керексізбін деп өмір үшін күресуін тоқтатты ма, ақыры ағамның беті бері қарамай  өмірден озды. Ол кезде көлікте аз, туған-туыс, дос-жаранның көмегімен сүйегін ауылға әкеп, жылап-еңіреп жүріп жер қойнына тапсырдық. Артында үйелмелі-сүйелмелі алты баласы қалды. Бірінің көзінен, бірінің қылығынан, тіпті бірінің тамақ ішісінен ағамды көремін. Онсыз да сырқат анамыз ағамның қайғысын көтере алмады, араға жарты жыл салып, ол кісі де кетті. Баласынан бір, өмір бойы бірге жүрген қосағынан екі айрылған   әкемізге де жеңіл тимегені анық. Іштей тынып, ойдың шегіне жетпеді ме екен, әлде алты баланың арасында шырылдап жүрген жалғыз қызының, немерелерінің  жайы, болашағы жанына батты ма екен, анамның жылын бердік дегенде  әкемде көз жұмды. Иә, солай, іштей өзін-өзі жеп, үгітіліп барып, әкем, асқар тауым құлады. Несін жасырамын,осыншама қайғы-қасіретті көтеру маған да оңай тиген жоқ. Түнімен ағыл-тегіл жылап, көз жасымды тия алмаймын. Ертеңгісін дел-сал болып, орнымнан әрең тұрып жүрдім.
Бірде жұмыста отырсам әкемнің құрдасы Болат аға келіпті. Бетімнен сүйгені сол, ағыл-тегіл жылап, қоя алсамшы. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген рас екен. Кинотаспасындай көз алдымнан бақытты күндерім зуылдап өтпесі бар ма? Болат ағам шыр-пыр болып басу айтуда.
-Айналайын қалқам, қайғың біздің де жанымызға батуда. Бірақ Алла салды, біз көндік деген. Қайтесің қарағым,болған іске болаттай берік бол,жылама демеймін, жыла. Бірақ жылауды, жылау шақырады деген бар соны   ұмытпа. Сен жылай берсең әкеңнің, ана шешең мен бауырыңның қабірін су басып кетеді дейді.Соны білесің бе? Сен солардың суға батып жатқанын қалайсың ба? Қаламайсың.Ендеше өзіңді -өзің қолға ал, көз жасыңды тый. Саған бірдеме болса, ана шиеттей бала-шаға не болмақ? Ақылға кел айналайын. Қиналсаң айт, ел-жұртпыз көмектесеміз. Бүгін өзіңе жолығайын,басу айтайын деп арнайы келіп отырмын.Қоя қой қалқам.
Әкемдей адамның сөзі біраз ойлантып тастаған. Олардың суға батып жатқанын менде қаламаймын, -деп іштей жыламауға бекінгенім де рас. Айтуға оңай ғой бірақ. Сөйтіп, бірде жылап, бірде күліп күн кешіп жаттық. Күн артынан күн, ай соңынан ай өтіп, талай жылды артқа тастадық.
Қазір соншама қайғыға, ауыртпалыққа қалай шыдадым екен деп ойлаймын. «Өлмеуім, осыларды жеткізуім керек»- деген  ой мені барлық қиыншылықтан алып шықты. Ертеңгілік балалардың бірін мектепке киіндіру, бірін балабақшаға дайындау дегендей,  шуылдасып жатамыз. Кешегі жиырмадағы үлбіреген  қыз ерте есейіп, 30-ды алқымдаппын. Бар ойым-жұмыс, үй, балалар болғандықтан үйленуді ойламаппын. Ата-ананың, ағамның қатарластарын көргенде: «Тірі болса,  олар да осылай жүрер еді ғой» деп жыладым, налыдым, ал ағамнан қалған інілерімнің жеткен жетістіктерін көргенде төбем көкке тигендей қуандым.
Бір күні:
Анамның інісі қонаққа келіп еді ауырып қалды. Көріп бересіз бе?-деп көршінің баласы жүгіріп келіпті. Бардым, қолымнан келгенше көмек көрсеттім. Қызуы көтеріліп кеткен екен. Дәрісін беріп, алғашқы медициналық көмегімді жасадым. Ертеңгісін ауруханаға барыңыз,-деп үйіме қайттым.
Ертеңінде  жұмысқа асығып бара жатсам, кешегі ауырып жатқан жігітім көшенің бойында тұр. Жақындап қалған менің қолымнан алып сәлемдесіп, кешегі емнен кейін  тәуір болғанын айтып, алғысын білдірді.
Несін жасырайын, жігіттің өзіме тесіле қарағандығы соншалық жүрегім дүрсілдей жөнелді. Асығыс екенімді айтып, жігіттің жанынан ұзай бердім. Алайда көңілім сол жігітпен ұзақ тұруды қалайтындай, соңымда қимасым қалып бара жатқандай күй кештім. Кешке дейін не жасап, не қойғанымды білмеймін. Жұмыс уақыты біте сала үйге асықтым. Көршінің інісі жол бойында әлі күтіп тұрғандай. «Кездессе екен» деген бір арман-ой көкейімде тұрды.
        Сол күні кешкілік ол мені үйіме іздеп келді. Біраз отырып, әңгімесін айтты.  Ол да мені сағына күткен көрінеді. Бірақ екеуіміздің отбасын құруымыз көп қиындықпен келді. Қазекем «Бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң  бере алмайды» леген ғой, басыңа іс түссе, жаны қалмай көмектесіп, алдыға шығып, озып жатсаң бірінші болып күндейтін ағайындар баршылық қой. Кешегі менімен бірге жыласқан, көмегін де аямаған  олардың кейбірі, «Мына қыздың бәлесін-ай, алты жетімекті үйленбеген жігітке таңды» дегенді де айтып жатты. Арада неше түрлі жағдай,  тосқауыл болды. Десе де, оған жол бермедік. Қысқасы үйленіп тындық. Жылыстап жылдар өтті. Екі қыз, бір ұлды дүниеге әкелдім. Бүгінде кенже ұлдан басқалары үйленіп, өз алдына шаңырақ көтерді. Екі қызым тұрмысқа шықты,-деп бір тоқтап, кең тыныстанған апамыз әңгімесін ары қарай жалғады.
      Бір күні бала-шағасын тастап, безіп кеткен жеңгеміз салт бас, сабау қамшылы күйінде ауылға қайтып оралды. Ауылдағы үйленген үлкен ұлының үйіне барған көрінеді. Соншама қиындыққа төзіп, өзім жемесем де соның аузына тосып едім деп, шешесін  қабылдаған ағамның үлкен ұлына ренжідім. Шынымды айтсам, орнымнан тұра алмай жатып қалдым. Дайынға келіп, иемденіп алған жеңгемді көргім де, ол туралы естігім де жоқ. Иә, мен оны кешіре алмадым. Бірақ іштен шыққан шұбар жыландары анасын далаға тастай алмады. Алты баланың үшеуі анасын мойындады да, ал қалған үшеуі мені жақтап, анасынан бас тартты.
Міне, қарағым, басыма түскен қиындықты бірдей бөлісіп, қиналған сәтте жанымнан табылған, жаным жабырқағанда жұбатқан, маңдайымнан иіскеп, жалғыздығымды ұмыттырған, тумаса да ағаларымның балаларына құшағын жайып, сидырған, мейірімін төгіп аялаған, өмірімнің бар ауыртпалығын бөлісіп, қиындығы мен қызығын бірге қатар алып жүрген азаматты қалай қадірлемеймін,-деп әңгімесін бітірген апамыз көзінің жасын сүртті. Палатада бірге жатқан апамның ескі жарасының бетін тырнағаным үшін кешірім сұрап жатырмын.
-Жоқ, айналайын, несіне ренжимін. Қайта ішімдегі шерді айтып, бір жеңілдеп қалдым, -деген апайым.
     Апамыздың осы әңгімесі  маған да жігер берді. «Жақсы сөз, жарым ырыс» деген,  дәрігердің емімен қатар, жүрек қалауы ұқсас жандардың демеуінің дертке дауа болатынын шынайы түсінгендей болдым. Аурухана төсегіне таңылып жатып,жақсылыққа толы болатын алдағы күндерді армандап,алдыма мақсат қойдым.
Ләйлә Оңалбаева,
Кербұлақ ауданы.
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here