Мамандарға қажеттілік бар

0
53
Фото авторы А.Нұршанов

Қазіргі таңда облысымызда 35 мыңнан астам ұстаз қызмет етеді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа форматта біліктілік деңгейін растаған ұстаздар жалақысына қоса 30-50% көлемінде үстемеақы алады. Жаңартылған білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу жалғастырылады. Яғни, жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8 сынып оқушылары да жаңа стандарт негізінде білім алатын болады. Осы және өзге де жаңалықтар «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты   облыстық білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде айтылды.

Фото авторы А.Нұршанов

Дәстүрлі тамыз кеңесіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департа­ментінің директоры Әділет Тойбаев, елімізге белгілі ғалым, химия ғы­лым­дарының докторы, профессор, ҚР ҒА-ның академигі Еділ Ерғожин, республикалық, халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдері, аудан, қала әкімдері, кәсіподақ ұйымдарының  басшылары мен ұстаздар қатысты. Ағымдағы жылы білім саласындағы бюджет көлемі 157 млрд. теңгені қамтыды. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 7,9 млрд.теңгеге артып отыр. Мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударылуда. Облыста 1026 мектепке дейінгі білім беру ұйымы (183 мемлекеттік балабақша, 433 жекеменшік балабақша, 410 шағын орталық) жұмыс жасайды. Мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен қамту көрсеткіші 95,6%. Жыл соңына дейін 5274 орынды қамтитын  68 жекеменшік балабақша ашу жоспарлануда. Осылайша мектепке дейінгі балаларды қамту деңгейін 98%-ға дейін жеткізу көзделуде. Облыс әкімі Амандық Баталов «Алтын бесік», «Премиум-Талғар», «Күншуақ», «Премиум-класс», «Сұңқар», «Алтын ұя», «ФаиЗаман», «Еркем-Ай» білім беру орталығы сияқты үлгілі жекеменшік балабақшаларды ерекше атап өтті.

Фото авторы А.Нұршанов

Амандық Ғаббасұлы «Біз сіздермен жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңындағы тамыз кеңесінде бас қосып, облыстағы білім саласының дамуына талдау жүргізіп, бағытымызды айқындаймыз. Мемлекет басшысының  биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы білім берудің жаңа сапасын айқындап берді. Жуырда ғана Қазақстан Республикасында 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Онда алдағы уақытта білім саласында атқарылар міндеттер белгіленді. Ендігі кезекте осы құжатты басшылыққа ала отырып, бағдарламаны орындау мақсатында жұмыстар жүргізу қажет. Заман талабына сай білім беруде ұстаздар қауымының жұмысы өте жауапты. Сол міндетті абыроймен атқару үшін талмай еңбек ету керек. «Білім мен ақыл – таусылмайтын қазына, байлық». Ал, білімді ұрпақ – ел болашағы. Жетісулық талантты, жалынды жастарға сапалы білім беріп жүрген ұлағатты ұстаздар еңбегіне табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы сәтті басталсын! Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ, мерейі үстем болсын»-деп білім басқармасы, аудан, қала әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Дереккөз

 

Педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру білім саласындағы инновациялық жаңғырту жағдайында жүзеге асуда. Аймағымызда жаңартылған оқу мазмұны бойынша 27 279 педагог, оның ішінде 646 мектеп директоры, жаңа жүйе бағдарламалары негізінде 7 214 педагог кәсіби біліктіліктерін арттырды. Жаңартылған мазмұнға көшу шеңберінде 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда жаратылыстану ғылымдарының оқытылу сапасын күшейтіп, 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға даярлық қарқынды жүргізілуде. Осы орайда 1 203 педагог білім беру орталықтарында тілдік құзыреттіліктерін жетілдірді. Үш тілде білім беруді енгізу жағдайында педагогтарға кәсіби қолдау көрсету мақсатында білім басқармасы «Орта Азия» университетімен өзара меморандумға қол қойып, өңіріміздің 20 мектебінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа оқу жылынан бастап 129 мектепке пилоттық режимде енгізілмек. Білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жас мамандарды тұрақтандыру – білім беруді дамытудың басым бағыттарының бірі. Өткен оқу жылында облысымыздың білім беру мекемелері 1400-ден астам жас маманмен толықты, оның 1 079-ы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды жерлерге жұмысқа орналасты. Оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Алайда, бүгінгі таңда облыс мектептеріне орыс сыныптарындағы бастауыш сынып мұғалімі, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, ағылшын тілі пәндері бойынша 111 маманға қажеттілік бар. Мәселені шешу үшін білім басқармасы жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп жұмыс атқаруда.  Білім саласындағы реформалар, өңіріміздегі білім сапасы, өткен оқу жылының қорытындысы  жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов баяндады.  — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Төртінші өнеркәсіптік революцияға арналған биылғы Жолдауында адам капиталы елімізді дамытудың ең маңызды бағыты деп атап өтті. Елдің бәсекеге қабілетті болуы және дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін адам капиталының рөлі ерекше. Жолдаудың бұл бағытында бірнеше міндеттер қойылған. Атап айтсам, жаңа мазмұнға көшуді жалғастыру, жоғары сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту, аттестаттаудың жаңа жүйесіне көшу, мұғалімдердің жалақысын көбейту, білім беруді цифрландыру, жан басына қаржыландыруды енгізу. Биылғы жылы ҰБТ 11 271 мектеп бітіруші түлек қатысты. Олардың 9345-сі жоғарғы оқу орнына түссе, 5198 мемлекеттік грант иегері, ал 840 «Алтын белгі» иегері  атанды. Ең жоғарғы балл (137) дарынды балаларға арналған Әл-Фараби атындағы гимназия түлегі Азамат Әбдікамалға бұйырды . Елбасымыз өз Жолдауында мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында педагогтар үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді міндеттеген. Осы мақсатта ағымдағы жылы мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Облыста оқу жылының соңында жаңа қағидаларға сәйкес 3013 педагог ұлттық біліктілік тестілеуден өтті. Аттестаттаудың екінші кезеңінде педагогтардың портфолиосы сарапталып, («педагог-модераторға»-986, «педагог-сарапшыға»-1227, «педагог-зерттеушіге»- 776, «педагог-шеберге» — 24 мұғалім) жаңа форматта аттестаттаудан өтті. Облыста 74 колледжде 33 мыңнан астам білім алушының 18 648-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқиды. 2017 жылы 6 колледжде жаңа жұмысшы мамандықтары ашылды. Ал биылғы жылы қосымша цифрландыруға, индустрияландыру және өндірістің автоматтандырылуына байланысты 8 колледжде жаңа мамандықтарды ашу үшін облыстық бюджеттен 130 млн. теңге қаржы бөлінді. Модульдік бағдарлама негізінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мамандар даярлауда. Осыған байланысты «Кәсіпқор Холдингі» ағылшын тілінде 8 колледждің 11 арнайы пән оқытушыларын Ұлыбритания, Малайзия, Финляндия, Чехия мемлекеттерінен тағылымдамадан өткізді. Әлемдік стандарттарға сәйкес арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту біртіндеп іске асырылуда. Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес 8 колледждің 3-уі аккредиттеуден өтті. Нәтижесінде Жаркент гуманитарлық-техникалық, Талдықорған политехникалық және Талдықорған медициналық колледждері жоғары колледж статусына ие болып, бакалавр мамандарын даярлауға мүмкіндік алды.

Дереккөз

Жиын соңында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде қол жеткен табыстары мен білім саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар педагогтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here