Бүгінде Талдықорған қаласындағы ғимараттардың басым көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы болмай тұр. Яғни, оған мекемелердің кіреберісіндегі пандустардың жоқтығы себеп. Сонымен қатар мүгедектерге қызмет көрсету сапасының төмендігі де өзекті жайттардың біріне айналған. Осы мәселелерді шешу мақсатында ҚР-ның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті арнайы дөңгелек үстел өткізді.

«Рухани жаңғыру» орталығында өткен басқосуға құзырлы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркенова қатысты. Жиын барысында алғаш сөз алған Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков: «Біз мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мен мемлекеттік қызметті алушыларға жайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Бұл жолы мүгедектерге мемлекеттік қызметтерді алу үдерісінде туындайтын қиындықтардың жолын қарастырып, оның шешілу жолдарын ойластырамыз», — деп атап өтті.

Жалпы күн тәртібінде Мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда мүгедектерге жағдай жасау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік орган басшыларының осы тақырыпқа орай баяндамалары тыңдалып, артынша «Мүгедектерге жағдай жасау картасы» таныстырылды.

Өз кезегінде сөз алған Роза Ақжаркенова: «Мемлекеттік органдарға жұмыс барысымен бара қалсақ, расымен мүгедектерге ешқандай жағдай жасалмаған. Мекемелердің басым көпшілігіне қол арбамен кіру мүмкін емес. Пандустардың жоқтығы қиындық туғызады. Сондай-ақ, қарапайым тұрғындарға, соның ішінде біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету тым төмен деуге болады. Осы күрделі мәселелерді қолға алуларыңызды сұраймыз», — деді.

Дөңгелек үстелге жиналған құзырлы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жиын соңында жекелей сөз алып, аталған мәселелердің шешілу жолдарын қарастырамыз деп сендірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page