Бексұлтан Нұржекеұлы: Орбұлақ шайқасы әлі де терең зерттеуді қажет етеді

0
265

«Орбұлақ шайқасын әлі де терең қаузап, зерттеуіміз керек. Біз қазіргі кезде осы шайқасқа қатысқан бар-жоғы он шақты ғана батырдың атын білеміз. Сол бір қысылтаяң заманда кеуделерін оққа тосып, өмірін бәске тіккен өзге бабаларымызды ұлықтау – біздің міндетіміз. Сондықтан, осы тақырып аясында кешенді зерттеу жүргізілу керек». Бұл туралы Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорғанда өткен конференцияда танымал жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы мәлімдеді.

«Мен тарихшы емеспін. Тек өзім туып-өскен өлкенің шежіресін, арғы бергі тарихын қызыға оқып, танып келе жатырмын. Орбұлақ шайқасы туралы сонау 1975 жылы энциклопедиядан көріп қалдым. Ол туралы өзімнің сол жылы шыққан кітабымда «Жайлаудағы 20 күн» атты әңгіме жаздым. Кейінірек мақала да бастым. Бірақ ешкім елемеді. Кейіннен, 90 жылдардың басында «Егеменді Қазақстан» газетінде Балғабек Қыдырбекұлының тарихи мақаласы шықты. Орбұлақтағы шайқас туралы деректі соның ішінен көріп, бірден ағама хабарласып, деректің қайдан алғанын сұрадым. Сөйтсем, бұл туралы Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінде егжей-тегжейлі жазылған екен. Содан не керек, ғалым-жазушыларды қосып жүріп, Елбасының атына хат жаздық. Оны Мырзатай ағамыз Нұрсұлтан Әбішұлына жеткізіп, рұқсатын алып, 1993 жылы Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын кең көлемде атап өттік. Содан беріде тағы 25 жыл өтті. Әлі де осы тақырыпты терең зерттеген ешкім жоқ. Бәрін егжей-тегжейлі зерттеп, батырларымызды ұрпаққа дәріптесек дейміз. Мүмкін Жаркент өңірінен, мүмкін облыс орталығынан Орбұлақ шайқасына арналған ескерткіш қойылса деген ниет бар» дейді Бексұлтан аға.

Конференцияға шақырылған этнограф, антрополог, тарихшы Марал Томпиев мырза да өз ойларымен бөлісті. «Әрине, Орбұлақ шайқасы — тарихи факт. Ол шынымен болған. Әрі дәл қазіргі жерде болғаны да рас. Себебі, метал іздеушілер сол орыннан жебенің ұштарын тапқан. Бірақ, 600 адам 50 мың қолға тойтарыс берді дегені шындыққа жанаспайтын секілді. Мен сол замандағы ойраттардың тарихын түбегейлі зерттедім. Менің шамалауымша, сол кездері олардың саны 200-300 мың болған. Соның 15-20 мыңы ғана әскер. 15 мың әскер жорыққа аттанып, тау қырғыздарын шауып, малын олжалап, қайтар жолда Алмалыны шауып алмақ болғанға ұқсайды. Сонда шамамен 600 адам 10-15 мың әскерге қарсылық білдіріп, жолын белгілі бір уақытқа бөгеді деп айтсақ, шындыққа келер. Артынша Жәңгірге Жалаңтөс баһадүр көмекке келіп, ойраттарды ойсырата жеңеді. Бұл менің жеке пікірім» дейді антрополог.

Алайда бұл пікірмен Бексұлтан Нұржекеұлы келіспеді. «600 жауынгердің 50 мың қолға қарсы тұрғаны туралы 2-3 жазба дерек бар. Бірі орыстың тарихшы ғалымдарының жазбасы болса, енді бірі Қазыбек бек атамыздікі. Тағы бір деректер жекелеген шежірелерде кездеседі. Бірінде 600, бірінде 700 сарбаз болғанмен, қалмақ жақтан 50 мың әскер келгені анық жазылған. Өзгеше ойлайтындар — қазаққа сенбейтіндер, қазақтың ерлігіне сенбейтіндер, біз үшін жат пиғылдағы адамдар деп есептеймін» деп шорт кесті жазушы.

Биылғы жылдың қазан айында Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы аталып өтеді. Шара аясында ғылыми-теориялық конференция,  «Асыл мұра» халықаралық жыршылар шеру-фестивалі ұйымдастырылып, «Орбұлақ шайқасы» мемориалды кешені ашылады деп жоспарланып отыр.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here