Асыл һәм хақ дініміз Исламда екі ұлы мейрам бар. Оның бірі – айлардың сұлтаны болған мүбәрак Рамазаннан кейінгі Ораза айты болса, кейінгісі – Құрбан айт. Біз осы Құрбан айт мерекесі қарсаңында Талдықорған өңірі бойынша өкіл имам Ардақ Оразбаевпен сұқбаттасып, көпшіліктің көкейінде жүрген біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.

— Бүгінде «Құрбан айт» десе көпшілік мал сойып, оның етін мұқтаж жандарға тарату, я болмаса, үйде қонақ күту деп қана біледі. Жалпы, мұсылман қауымы үшін Құрбан айт қандай мереке? Құрбан шалудың біздер үшін артықшылығы неде? Осы жағын тарқатып айтып берсеңіз.

Негізінде «құрбан сөзі» Аллаға жақындау деген мағынаны білдіреді. Құрбан айт Ислам дініндегі ең үлкен мерекенің бірі болғандықтан, біздер үшін оның алар орны ерекше. Себебі, бұл ұлы күнді әлемдердің жаратушысы Алла өзі белгілеп берген. Құрбан айт мерекесінде қуана білудің өзі сауап болып жазылады. Құрбан айтта атқарылған істердің ең әуелгісі айт намазын оқу. Айт намазының үкімі уәжіп, яғни, мен мұсылманмын деген кісіге міндет болады. Сондықтан себепсіз айт намазын оқымау үлкен қателік. Құрандағы «Кәусар» сүресінде: «Намаз оқы…», — деген сөзді ғалымдарымыз айт намазы екенін және оны оқу міндет екенін білдіреді деп тұжырымдаған. Құрбан айт намазына дәретін алып, жақсы ниетін білдіріп, келген адамға Алла тағала шексіз сауап жазып, қандай да бір тілегін қабыл етеді. Құрбан айт намазы оқылып болған соң құрбандық шалынады. Құрбан айт күнгі атқарылатын ең ұлы іс те осы құрбан шалу. Тіптен бұл мерекенің аты да құрбан шалуға қатысты болғандықтан Құрбан айт мерекесі деп аталып отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз сөзінде: «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан, құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», — деп өсиет еткен. Құрбан шалудың үкімі де уәжіп амалға жатады. Құран кәрімнің «Кәусар» сүресінде: «…Раббың үшін құрбан шал», — деген аят тұрмыстық жағдайы келетін мұсылман адамға құрбан шалудың міндет екенін білдіреді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын», — деп бұйырған. Алла тағаланың бұлай құрбан шалуға маңыз беруі, пенделері құрбан шалып, қан шығару арқылы үлкен сауапқа кенеліп, әр түрлі жамандықтардан аман болсын және жоқ-жітікке көмек қолын созсын деген үлкен жанашырлық еді. Расында құрбан шалу үлкен сауапты амал. Сахабалар пайғамбарымыздан (с.ғ.с): Уа, Алланың елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Құрбандық сендердің Ибраһим бабаларыңның сүннеті», — деп жауап берді. Одан бізге қандай сауап бар? – деп сахабалар қайтадан сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», — деген болатын. Яғни, құрбан шалудың адам баласы үшін пайдаларын айтып тауысу мүмкін емес. Сондай-ақ, Құрбан айт мейірім мен ізгілік мерекесі болғандықтан, бұл күні бай мен кедей адамның арасында жылы қарым-қатынас орнайды. Осы жағынан да бұл мерекенің қоғамдағы орны зор дегім келеді.

— Құрбан шалудың шарттарын айта кетсеңіз.

Тұрмыстық жағдайы келген мұсылман адамға құрбан шалу міндет. Яғни, балиғат жасына толған, ақыл есі дұрыс, мүмкіншілігі зор, жиған мал мүлкінен 85 грамм алтын немесе сол мөлшерде ақшасы артық болса, онда ол адам Алла разылығы үшін құрбан шалуы керек. Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Бір ескеретін жайт қой немесе ешкіні тек бір адам ғана құрбан ретінде шалады. Ал, сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі шалуына болатын секілді жеті кісі ортақтасып шалуларына болады. Егер бір кісі құрбан үшін, екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен біріксе, онда ол құрбандық қабыл болмайды. Осыған абай болу керек. Барлығының ниеті бір, Алла разылығы үшін болғаны дұрыс. Сондай-ақ, құрбандыққа шалынатын мал кемшіліксіз болуын шариғатымыз талап етеді. Яғни, тым арық, ақсақ, көзі соқыр, ауру денесінде көз ұратындай бір кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамайды. Тағы бір ескеретін жәйт, құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Бір кісінің малдың көзінше пышағын қайрап жатқанын көріп Алла елшісі (с.ғ.с.): «Бір малды екі рет өлтірмекпісің?» — деп кейіс білдірген. Сондай-ақ, малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. Шалынған малдың етін үшке бөліп, бір бөлігін өздеріне, екініші бөлігін жағдайы төмен көршілеріне немесе келген қонақтарға асып беруге, ал үшінші бөлігін жоқ-жітікке таратып берген абзал.

— Қазіргі Құрбан айт мерекесінің деңгейі қандай? Бұрынғы кезбен салыстыруға болады ма?

Өткенмен салыстыруға мүлде келмейді. Аллаға шүкір, жыл өткен сайын Республика көлемінде Құрбан айт мерекесінің маңызы артып келеді. Яғни, қазір айт мерекесін үлкен деңгейде атап өтетіндей жағдайға келіп қалдық. Құрбан айт — мемлекеттік мереке ретінде қабылданып, бірінші күнінде демалыс жарияланып отыр. Осының өзі мұсылман қауымы үшін үлкен мәртебе.

— Көпшілік куә, өткен жылы Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай тегін такси қызметі сынды бірнеше игі шаралар ұйымдастырып едіңіздер. Ал, биыл мерекеге қандай жоспар құрып отырсыздар?

«Жетеудің бірі болып, Раббың үшін құрбан шал» атты акциясын ұйымдастырмақпыз. Яғни, бұл жерде жеті адам бірігіп бір ірі қара малды құрбандыққа шалады. Осы құрбандықтан жиналған барлық малдың еттерін мұқтаж жандарға таратпақпыз. Атап айтсақ, «Қамқор», «Айналайын» балалар үйіне және мүгедек жандарға ет үлестіріледі. Сондай-ақ, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар да назардан тыс қалмайды. Бүгінгі күннің өзінде балалар үйінен бірнеше өтініш хаттар келіп, мереке күндері көмектесуімізді сұрап жатыр. Қала әкімдігі тарапынан да мұқтаж жандардың тізімін алып, материалдық жағынан қол ұшын береміз. Алда оқу жылы келе жатыр. Осыған орай «Мектепке жол акциясын» үлкен көлемде өткізіп, тұрмысы төмен жанұяларға көмектеспекпіз.

Ал, енді Құрбан айтта өткізілетін мерекелік шараларға келсек. Алла қаласа бұл мейрамда кең көлемде марафон өткізуді көздеп отырмыз. Барлық әлеуметтік желілерге хабарландыруларымызды жариялап қойдық. Бұйыртса 300 бен 500-дің арасында адам қатысатын шығар деген үмітіміз бар. Жеңімпаз атанғандарға арнайы бағалы сыйлықтарымызды ұсынамыз. Одан бөлек, аламан бәйге, қол күрес, қошқар көтеру, гір тасын көтеру, бампербол секілді спорттық жарыстарымызға қатысқан белсенділерді де құр алақан қайтармаймыз. Барша талдықорғандықтарды және қала қонақтарын осы думанды тамашалауға шақырамыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

— Сіздерге де зор алғысымызды білдіргім келеді. Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Құрбан айт күні тілеген дұғаларыңызды, шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін!

– Әумин!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page