Алматы облысында «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы өтті

0
178

Тамыздың 2-3-і күндері Алматы облысында Кербұлақ, Панфилов және Еңбекшіқазақ ауданы жастарының қатысумен «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» атты республикалық тарихи-экологиялық акциясы өтті. Аясында облыс жастары Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейін, «Жаркент мешіті» мұражай кешенін және «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы мен Есік қорғандары аумағын күл-қоқыстан тазартып, әктеу-сырлау, жуып-шаю жұмыстарына қолғабыс етті. Сондай-ақ, аталған музейлердегі жәдігерлермен жақынырақ танысып, бай тарихымызды тануға қадам жасады.

«Бұндағы басты мақсат – киелі мұраларымызды сақтап, танымалдылығын арттыру. Жастардың ел, жер тарихын тереңірек тануына жағдай жасау. Халқымыздың біртұтастығын сақтайтын елжанды жастарды тәрбиелеу, әрі олардың әлеуметтік маңызы бар жобаларға белсене қатысуын қамтамасыз ету» дейді Алматы облыстық Қазақстан Халқы Ассамбеясы хатшылығының бас маманы Сәуе Сұрабалдинова. Маманның айтуынша, 15-наурызда өткен «Көшбасшы бол!» жастар конференциясында «Жаңғыру жолы» атты ҚХА-ның жастар қозғалысын құру туралы бастама қолдау тапқан. Бір апта өтпей жатып, Алматы облысында өңірлік штаб құрылып, белсене жұмыс бастаған.

Жастардың көмегін аталған мәдени нысадар қуана қарсы алды. Мәселен, 4 гектарға жуық аумақты алып жатқан «Алтынемел» мұражайында бар жоғы 10 қызметкер бар. 43 мың шаршы метрді қамтитын «Жаркент мешіті» кешенінде де 10 қызметкер. Ал, барлық қорғандарды қоса алғанда аумағы мың гектардан асып түсетін «Есік» мұражайында 30 шақты адам қызмет етеді. Мәдениет нысаны басшыларының айтуынша, музейдің ішкі-сыртқы тазалығы барлық қызметкерге бөліп берілген. «Мынандай акциялар жұмысымызға үлкен қолғабыс. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Шараларыңыз тек, бір реттік қана боламаса екен деп тілейміз» деп тілек білдірді.

Еңбекшіқазақ ауданының жастары Есік қорғандары маңындағы «Рахат» археологиялық қалашығында да болып, экспедиция мүшелеріне көмек көрсетті. 2 жылдан бері мұнда 20 шақты адамнан құралған Қазақ-Қытай Рахат археологиялық экспедициясы жұмыс істеп жатыр.

Археологтар біздің заманымызға дейінгі 3-ғасырға тиесілі қыш ыдыстар мен біздің заманымыздағы 9 ғасырлық бірнеше адам сүйектері мен жылқы қаңқасын тапқан. «Жерленген адамдардың басы батысқа қарап жатыр. Қолдарын кеудеге қойғандарына қарап, түркі заманының жауынгерлері болуы мүмкін деп топшылап отырмыз. Қаңқаларды сараптама жасау үшін арнайы орталықтарға жібердік. Қазба жұмыстары әлі де жалғасады» дейді халықаралық экспедиция жетекшісі, «Есік» мұражайының ғылыми қызметкері Төреәлі Төлегенов.

2 күндік акцияға жүздеген жас қатысты. Еңбекшіқазақ аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Айбек Ілебаев атап өткендей, шараның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. «Біздің аудан – тарихтың мекені. Тарихыңды танымай, болашақты бағдарлау мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, ауданымыздағы 70 мыңға жуық жаспен жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі акцияға жастарымыздың белсене қатысуы – сол жұмыстардың жемісі деп білемін. Мұндай шараларды біз өзіміз де жиі өткізіп тұрамыз» дейді аудан жастарының көшбасшысы.

Байқағанымыз, 130 жылдық тарихы бар «Жаркент мешіті» музейі мен 2010 жылы ғана ашылған «Есік» мұражайына жаңарту жұмыстары қажет секілді. Мешіттің ішінде жарғанаттың саңғырығынан шығатын жағымсыз иіс қолқаны қапса, «Есік» музейінің қасбетінде көптеген плиткалар түсіп қалған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here